Өлеңдер ✍️

  04.06.2022
  148


Автор: Ақылбек Шаяхмет

ҚЫРАН МЕН ТҰЛПАР

Кең далада тұлпар шапса көсіліп,
Жаным сергек, кеуілімде аз қайғы.
Бауырында жер қалғанда есіліп,
Жүрегімде жігер оты маздайды.
Көк аспанда сұңқар ұшса қалықтап,
Көлеңкесі жер бетіне түседі.
Өр көңілім көтерілсе шарықтап,
Бебеулейді домбырамның ішегі.
Ойлап тұрсам, өмір ғажап сияқты,
Сарқылмайтын мұхит-сынды ой деген.
Жер апшысын қуырған төрт тұяқты
Маған берсе деп ойлаймын кейде мен.
Бəйгі алам деп қаншама атты жараттым,
Қарсы шаптым өтіне де ызғардың.
Құдіреті-ай жайылған қос қанаттың,
Еркін құстың өмірін де қызғандым.
Адамзаттың баласымын, сонда мен,
Қанатты мен тұяқтыдан кем бе екем?!
Салдың мені сайрап жатқан жолға кең,
Қасиетіңе басымды идім, жер-мекен!
Беу, тіршілік!
Саған сондай іңкəрмін,
Бір ұшқын боп көкірегіңді жылытармын.
Мұқалмайтын жігерін бер сұңқардың,
Таусылмайтын шабысын бер тұлпардың.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу