Өлеңдер ✍️

  14.05.2022
  106


Автор: Аманхан Əлімұлы

Қараптан-қарап жүрек сыздайды ма...

Қараптан-қарап жүрек сыздайды ма,
Көрінген кеше ғана қыздай бұла, –
Өзіне жайлы тиер жатыспенен,
Шалқалай неге туды күзгі Ай, мына?
Тірліктен салқын есіп тұрған-ау шын,
Сіңіріп кеңістікке тырна даусын, –
Барады қараңғылық қоюланып,
Қонғасын қара желді қырға маусым.
Қанатты сырық мойын қарақтарым,
Мен білер жалғыз жейтін бар-ақ қамың, –
Жылы жақ ол көксеген үйіріңмен,
Келмейді өңге жағын парақтағым.
Шығарып салып тұрмын Сыр басында,
Күйменен жар шетінде тұрғасынға.
Қаңбақты қауқары жоқ алып қашқан,
Желікпе желең желге қыр қасынды, ə!
Қараптан-қарап жүрек сыздайды ма,
Шалқалап неге туды күзгі Ай, мына.
Көлбеңдеп көк көйлегі өмір, шіркін,
Бұлаңдап өте шықты қыздай бұла.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу