Өлеңдер ✍️

  14.05.2022
  123


Автор: Аманхан Əлімұлы

Сақтап өткен ерекше күйді есіңде...

Сақтап өткен ерекше күйді есіңде,
Бозбалаға көңілің игесін бе?, –
Көйлегіңнің етегі дөңгеленіп,
Вальс билеп жүрдің сен би кешінде.
Көңіліңнің жаққандай күйі, мына,
Қолын артып жұп-жұмыр иығыңа, –
Ол да сені тартады əңгімеге,
Туа бітті қарамай тұйығыңа.
Екеуіңе қызығып алыста Ай да,
Дегендей бір қараспен табыспай ма? –
Дөңгеленіп барады əңгелектей,
Дəл сондайлық қабақты қағыс қайда?!
Қас қағымдық сезімді соза алдың ба,
Дөңгеленген дүние көз алдымда, –
Вальс десем мен сені, теңеу ғана,
Келген бірге содан соң сөз алдыңға.
Көктем келіп, шақ еді ақпан безді,
Елестетіп жұлдыздай аққан кезді, –
О, шіркіндер бақытты, қайдан білсін,
Сырттарынан сұқ қадап баққан көзді.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу