Өлеңдер ✍️

  09.05.2022
  222


Автор: Сабыр Адай

Қазақ деген халық бар

Алысып жүр, адамзат, алысып жүр.
Қансыраған қаралы жан ұшып жүр.
Өлімменен ойнаған өңкей мықты
Тыныштыққа тас атып жарысып жүр.
Жан ұшып жүр, жаралы, қан ішіп жүр.
Ажалымен ақырын танысып жүр.
Бейбіт күнді көпсінген бейбақтардың
Бесігінен іңгалап бақ ұшып жүр.
Дүние тыныш емес, қансырап тұр,
Жан-үрей жанарынан тамшылап тұр.
Безбені бейбіт күннің безілдейді
Алдында ақиқаттың бар сынақ бір.
Бар сынақ, ұлт біткенге, ұлысыңа.
Көнгенбіз көкаттының мұнысына.
Барады көз үйреніп, сөз иленіп
Қанды қол қарақшының тұрысына.
Көл-дария көңілдің мың бұлағы,
Мың бұралып заманын жыр қылады.
Жұдырығы зіл-батпан құрлықтардың
Табанында тағдырлар шыңғырады.
Анау менің ақ шашақ күнім еді,
Күн астында көлеңкем жүгіреді.
Күміс кірпік найзағай бұлтты жарып
Менің аппақ еліме үңіледі.
Көктемі гүл, қыс қырау, өлесі дем.
Ағып кетпек ажалдың кемесімен.
Жанға қуат жарық күн тəнге суат
Есім кетіп сүйдім мен елесінен.
Жарық сүйген ел едік, ырыстымын!
Шырақ қылған шындыққа жыр ұшқынын.
Менің сəби көңілім айға матау
Ақ түнімнің бұзбашы тыныштығын.
Құлындарым құлдырап ер жетеді,
Ерен-байтақ, кең құшақ жер жетеді.
Көк серкеге байлаған жез қоңырау
Ақ ниетін ауылдың тербетеді.
Ақ ниеттен жаралған халық едік,
Хақтан халал уыз-нəр алып едік.
Өткен күннің өксігі өзекте тұр
Өрт ішінде бейкүнə жанып едік.
Халық едім маңдайын күн қақтаған,
Күн сəулелі жүрекпен гүл баптаған.
Шешілмеген шідер мен кісендердің
Кілтін бермей келеді жұмбақ ғалам.
Мендік тарих өлмепті құдай бағып,
Күміс моншақ күн менен тұр айналып.
Маған біткен шындықтың кер төбелі,
Кісенімен шауып жүр шырайналып.
Бекер ғана, жыр жазып əн арнаппын,
Бақыт қайда, кетпейді табандап мұң?!
Бір-біріне оқ атқан көздерімен
Жүрегінде ашу бар адамзаттың.
Қансыраған қаралы түн жамылғы,
Түндей қара ниетті кім жамылды?!
Іңір ауып барады ізім-қайым,
Бір құмалақ шірітіп бір қарынды.
Қара қарын көк еті жалбыраған,
Қан-қан болып қаншама қалды заман.
Азу тісі ақсиып күштілер тұр,
Кіндігінен аспанның салбыраған.
Қыл үстінде дүние қылпылдайды,
Өткен өтті, өтпеген бір күн қайғы.
Кемпір ауыз ошақтың көмейінен
Көп соғыстың ұшқыны жылтылдайды.
Кеңірдегі сорайып қалтылдаған,
Кем дүние белгілі нарқың маған.
Ит жағалас бармысың өзімшілдер
Өлім кешіп, табытын алтындаған?!
Өртеніп тұр, дүние мазданып тұр,
Жел өтінде жалаңаш аз халық тұр.
Жұмыртқасын шайқаған жүрегімен
Сыңар қанат айдында қаз қалып тұр.
Қаз қалып тұр айдында қара мойын,
Қанды тырнақ қырғи кеп салар ойын.
Ізгіліктің жаулары іздеп жатыр
Қан шығармай ұратын жаңа ойын.
Сыңар қанат айдында қазым қалды
Қаз қауырсын, халал жыр сазым қалды.
Балапан ем, сары уыз сағаныш ем,
Саған айтар дүние назым бар-ды.
Төбе көрсең тентекке төбелеттің,
Отқа орай ойнайды көбелек күн.
Досты күтсең, мерейлен, Менше қуан,
Мазасыз Сен бірақ та бөгелексің.
(Соғысқың кеп тұрады, өле кеткің)
Ай мазданар, күн қоздап келбетінде,
Ақтың Құдай тілегін бермесін бе!?
Атасы – махаббат пен мейірімнің,
Халық бар, Қазақ – деген, жер бетінде!
* * *
Шекер де қандай бал қандай,
Шертіп таңдап алғандай.
Жайықтан балық ауларға
Жылымдап торды салғандай.
Оздырып бойды мыңнан біз,
Шырқадық биік шыңнан біз.
Сөзге де келген арудың,
Жүрегін бесік қылғанбыз.
Əлдилеп күтіп сағынған,
Елжіреп естен жаңылған.
Көгенге түскен лақтай
Көзін бір сүзіп таңылған.
Күн көрмесе асығып,
Жанарын сүртіп жасырып.
Алтын да сандық кеудемнің
Қақпасын сүйген бас ұрып.
Өрден де сөйлер баталым,
Өнермен шықты атағым.
Осы бір өлең періштем –
Ат тон да айып шапаным.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу