Өлеңдер ✍️

  09.05.2022
  198


Автор: Сабыр Адай

Дәруіштей көз ілген

Табанында өткен күннің езілген,
Жол үстінде дəруіштей көз ілгем.
Қу дүние қандай болсаң қарашы,
Мен де сондай аумай қалдым өзіңнен.
Шекпенімнің жыртығынан тұр ұлып,
Жел түйеді жұдырығын ұрынып.
Артқа қарар уақытым жоқ көрдің бе,
Ақиқатты іздейтұғын бұрылып.
Жетегіңде желпілдеген сорлымыз,
Көктем өтті, көкек кетті болды күз.
Келер жылды сəл қартайып қарсы алып,
Сəл көңілсіз отырамыз енді біз.
* * *
Қар жамылған гүл екенсің міскінім,
Қабағыңның асты жылау, үсті мұң.
Өткіздің бе өксігіңмен бұйдалап,
Базарлы шақ бал күніңнің түстігін.
Қара шашқа қылау түсіп ағарған,
Құдай берген құн кетті ме бағаңнан.
Қаламсапқа қамсау қылған парағын,
Қарағым-ау, не күтесің ағаңнан.
Жаным менің жанған оттың күліндей,
Өшіп бара жатыр əне білінбей.
Сумаңдайды сұр жылан жол жетелеп,
Таналардың танау құмар тіліндей.
* * *
Уəделі сөзін бақ қылар,
Жаманнан басын жат қылар.
Халыққа керек бір тұлға,
Қайдасың, қайран жақсылар?!
Шаршады жұртың шалдығып,
Ұлты жоқ жиһаз, мал-мүлік.
Адасқан бағыт, ақыл тоз,
Иесіз арман, қалды үміт.
* * *
Көш келді ме!?.. Көңіл зарық, жан зарық.
Қараңғыны кешіп өтіп, қарманып.
Көш келді ме!?..Сырлы ғайып, сапары.
Күткен жанға бақыт таңы атады.
Көз моншағын кер жусанға тақтырып,
Ару келді қос бұрымын лақтырып.
Құлын келді ай төбелі, алтын-ды,
Мен білемін, өзге білмес нарқыңды.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу