Өлеңдер ✍️

  08.05.2022
  239


Автор: Сабыр Адай

Бізге біткен боз жусан

Бəйгі берді шабанға,
Төр сыйлады наданға.
Бізге біткен боз жусан,
Тапталып жатыр табанда.
Құрағын іздеп көл келді,
Өзімшіл кілең өр келді.
Бізге біткен боз жусан,
Боз төбеде өлген-ді.
Аяққа солай басылды,
Өз бойын өзі жасырды.
Бізге біткен боз жусан,
Бағасын білсең асыл-ды.
Бұл неғылған құрғыр-ды.
Тұлымдыны тұл қылды.
Өзіне біткен жусанды
Өкшелеп жүріп құм қылды.
* * *
Бодан болдым, сен айырдың еркімнен,
Селбесіп-ақ күн кешіп ем сертіммен.
Өгіздеймін қамытбауым қан сірке,
Соқа сүйреп тер сіңген.
Ыңырандым, ыңырсыдым, ықтадым,
Оңашада себездедім, шықтадым.
Ақ жаңбырдың арасынан жол көздеп,
Ақ туымды жықпадым.
Жасын ойнап жанның оты күйдірді,
Шыдам берді, тағдыр солай сый қылды.
Тəуелсіздік іздеп келді құштым мен,
Маңдайынан сүйдірді.
Сүйдім бе өзі, шыныменен маңдай ма?!
Қайда кетті?.. Көз алдымда қалмай ма?!
Қой шын шығар!?..
Шыныменен сүйдім мен,
Алдамайды!.. Алдай ма?!..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу