Өлеңдер ✍️

  04.05.2022
  274


Автор: Фариза Оңғарсынова

Күздің соңғы күндері

Ерке өзендер жатпайды тасып ағып,
таулар да тұр жамылып басына бұлт,
ақ қайыңдар жылайды жапырағын
байқаусыз шашып алып.
Аспан да жас төгеді ашынғаннан,
жасыл көркін жаздағы жасырған маң.
Бозаң дала жатады томсырайып
баладай ашуланған.
Бау-бақшаны тұратын жеміс тұнып,
жинап қойды адамдар келістіріп.
Тарсылдатып үйлердің терезесін
жүреді жел ысқырып.
Көк аспан да жойыпты от тынысын,
қоңыр бұлттар жөңкілген соқтығысып,
балалар жүр кірбіңсіз көңілменен
шапқылып доп қуысып.
* * *
Дарқан дала. Көлбеңдеп сағым қырдан,
жанарында от ойнап жалын нұрдан,
перзенттері жүреді дала десе,
еткісі кеп бойдағы барын құрбан.
Əйтеуір, бір мінез бар бұл далада
алды-артыңды ойлатпай табындырған.
Жігіттерін көрсең-ау –
арғымақ ат астында алшаңдаған,
тəуекелден алдына жан салмаған.
Адал ниет жандардың намысы үшін
бұйым емес от-жалын салсаң да оған.
Адамсынған жандарға асқақтығы –
«Құдай» өзі келсе де қарсы алмаған.
Шыбын құрлы оларға
дұшпанының ататын тас кесегі,
жауласса, оның хақ екен бас кесері!
Бір сенімін ақтасаң,
ғұмыр бойы
балап өтеді айнымас досқа сені.
Ел басына күн туса,
тоқтатпайды
оны жардың жас құшақ,
жас төсегі.
Отырмайды өлсе де,
жасқаншақтап жанының күйін бағып,
қарамайды жалтаңдап жиі ұрланып:
құшақтаса – табынып ару біткен
е демейді, кетсе де қиырға алып.
Бұл даланың от мінез жігіттері
сүйеді ылғи осылай күйіп-жанып!
* * *
Қартаяды ақындар да.
Тағдыр – тезге көнбейтін хақың бар ма!
Самайын қырау шалып,
бұрқанғанда бойыңда бұлаң шабыт,
сезімімен жиырманың жыр-əн салып,
белестерден зымырап құланша ағып,
отырады балаша басын иіп
арлы мен батылдарға.
Əжімденер шырайға тұнған рең
(қартаймас тек пенделер мұңдары кем,
ойлы жандар малынбас нұрға кілең),
құлшынып, аласұрып,
əділетті қорғайды дара шығып,
оймен матап жүректі таң асырып,
ақындар қартаяды,
нұрлы жүзден ақиқат əр таяры...
мəңгі жас боп қалар тек жырларымен.
* * *
Менде бір толғаныс бар
(кейде өзім де түсінбеймін)
дауыл күнгі дарияның күшіндей бір.
Сонау біздің қырдағы тұяқ тілген
бəйге алаңы секілді дүсірлеймін.
Өзім сонда тұтас бір ғасырдаймын:
жүргендеймін жарқылдап қасында айдың.
Мынау бей-жай дүниені сілкіндіріп
бір таң қылмай мен, сірə, басылмаймын.
Бұйығы өмір тілемен ғасырдан мен.
Мейлі, жұртым тентек дер, асыл жан дер.
Бұл тірлікте жарқ еткен жақсылықтың
барлығын да құшамын ғашық жанмен.
Қыңыр кетсем, кешір деп өтінбеймін.
Шақыр, өмір, əділет сотын мейлің!
Мен əйтеуір жалтаңдап, жалбарынып
өзім қылған ісіме өкінбеймін.
Менде бір тебіреніс бар
(кейде өзім де түсінбеймін!
дəл сендегі құштарлық күшіндей бір.
Сондықтан ба – қыз ғұмыр бұл өмірді
қуаныш-қайғысымен ішіп жеймін.
Осы сезім алаулап бойда тұрса
асылы кішірмеймін.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу