Өлеңдер ✍️
ЖАҚИЯНЫ ЖАЗАДАН ҚҰТҚАРСА ЕГЕР
Неге кеттің қасымда жүре бермей,
Мұқалмады бұл күнде кім егелмей.
Сені сақтай алмадым, Жақия інім,
Көлге пана болмаған шүрегейдей.
Суырылып еліңнен дана шықпай,
Күн кешем деп ойлама қабақ шытпай.
Әкең сені табыстап кетіп еді,
Қорғай жүр деп ұлымды қарашықтай.
Елі үшін де,
өзінің күні үшін де,
Азамат ер мұң шеккен тірісінде.
Түн жамылып қапыда сені басты-ау,
Қарақшыдай сау етіп түн ішінде.
Шүрен жұртын қысылмай қыстап келіп,
Жатырмысың түрмеде қыспақ көріп.
Ақ патшадан шен-шекпен алған еді,
Баймағамбет сені де ұстап беріп.
Сұлтан етіп қойғасын жендетті елге,
Мұнар кешпей мұратқа ел жеткен бе.
Асыл ердің баласы
кете бардың –
Айырбасталып әлгіндей шен-шекпенге.
Түн жамылып сені кеп ұстағанда,
Не істеймін жүрегім мұздағанда?
Сардар басым саудаға түсіп тұрған
Қанды құрсау қатыбас қысталаңда.
Ендеше, інім, ағаңды кінәлама,
Тап болғасын, не шара, сұламаға.
Исатайдың көзі едің елде қалған,
Мен түспесем түседі кім араға.
Босатқанша қапастан сені қашан,
Шырқырамай шыбын жан тұра ала ма?!
Мүсіркеуге бұл күні жұрт та шебер,
Асқақ болғын,
дұшпаның бұқпаса – көр.
Қандай жаза берсе де мен көнейін,
Інім, сені жазадан құтқарса егер.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇