Өлеңдер ✍️

  23.04.2022
  148


Автор: Рафаэль Ниязбек

ТЕҢІЗДІҢ ӨКСІГІ БАСЫЛҒАНДА


Әңгіртаяқ ойнатпай ханға барып,
Жігерлері құм болған жаңқаланып.
Сарбаздардың көңілі жай таба ма,
Қылыштарын суырмай қанға малып.
Құмарынан бәрі де шығар еді,
Хан ордасын шапқанда арқаланып.
Бәрі қара шыңдардай тұлғаланып,
Сарсылған-ды көзіне мұң қамалып.
Исатайдың сөзіне құлақ асып,
Сосын түгел жайғасқан құмға барып.
Самал соқпай,
жел соқпай тау-жырадан,
Бәрі түгел босаңсып, маужыраған.
Сарбаздардың от шашқан көздері де,
Жетім көлге айналып жаудыраған.
Тауы қайтып, көзіне мұң толғасын,
Ердің неге жігері құм болмасын?
Ойда жоқта қателік жіберсе егер,
Қилы шақта басшыны кім қолдасын?!
Көздерінде тұрғасын мұң арылмай,
Сағым қумай қайтеді, мұнар қумай.
 Суырылып сарбаздар шықсын қалай,
Қанға малып, қылышы суарылмай.
Қаны қайнап, сарбаздар ашынғанда,
Тауыңды да қопарған тасынғанда.
Толқында ашу бола ма,
дауыл тынып,
Теңіздердің өксігі басылғанда.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу