Өлеңдер ✍️

  23.04.2022
  116


Автор: Рафаэль Ниязбек

ТҮРМЕДЕ ТУҒАН БАЛА ДА…

Таланам неге бүргеге,
Күшіме ылғи сенемін.
Жапса да қанша түрмеге,
Бұзып шыға беремін.
Жүрегім – алау, от – дене,
Айдында жүзер кемемін.
Тағдырым тепсе өкпеге,
Өкпеге мен де тебемін.
Батыр десең – батырмын,
Құрсанып қамал бұзатын.
Ақын десең – ақынмын,
Бұрқанып қоғам бұзатын.
Ендеше неден тайсалам,
Бұрқанған мынау ақпанда,–
Көз жасқа толып сай-салам,
Сарқырап ағып жатқанда.
 Бермесін қуат күн неге,
Туымды неге жығамын.
Жаба бер мені түрмеге,
Бәрібір бұзып шығамын.
Теріңе сыймай сыздайсың,
Көрсетіп тозақ, азапты.
Түрмеде қалай ұстайсың,
Далада туған қазақты?!
Туғандар байтақ далада,
Ар-намыс болып тулаған.
Түрмеде туған бала да,
Кеңдікке қашпай тұрмаған.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу