Өлеңдер ✍️

  20.04.2022
  124


Автор: Рафаэль Ниязбек

СІЗГЕ СЕНЕМ

Қызыл жүйе арқандай тарқатылып,
Жұрттың басын тұрғанда сан қатырып, –
Ел басқардың –
Өмірдің өксігенде
Буырқанған толқыны жарға атылып.
Ерте аңғарған заманның құбылысын,
Бақытқа бастамайды кім ұлысын.
Ескі өмірдің қоқсығын күреп тастап,
Жаңа өмірдің бастадың құрылысын.
Ел басқарып, сенімге ие болған
Асыл ерсіз бақ дарып, кие қонған.
Көз алартқан өзіңе жау болса егер,
Өзің құрған қашанда жүйең – қорған.
Қайта жанып көзімде сөнген арай,
Өзің барда шықпайын төрге қалай.
Сенің арқаң, жан Аға, жүгірсе егер,
Туған елдің өзені өрге қарай.
Қарау күштің шегінсін қайдан бәрі,
Шайқасасың от кешіп майданда әлі.
Алтын таққа жайғастың айбынданып,
Елдің кеткен есесін қайтарғалы.
 Бақ-дәулеті тасыған мың арналы,
Жарқын өмір жұртыңның шын арманы.
Бәлкім, таққа жайғастың
Туған елді
Жер-жаһанның төріне шығарғалы.
Қара тобыр бұл жайлы не біледі,
Үйде отырып құр босқа тебінеді.
Үміт артып алдыңда ел тұрғанда,
Рухың қалай кейінге шегінеді.
Жылқы емес қой лағатын желдегенде,
Жұртың қайда барады ермегенде.
Ар-намысқа қайралып, суырылған
Семсер неге өтпесін сермегенде.
Жалған сөйлеп тұрғанда жалған дүние,
Кімге сенем сізге, Аға, сенбегенде.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу