Өлеңдер ✍️

  18.04.2022
  83


Автор: Рафаэль Ниязбек

ТУҒАН ЕЛІМ

Көкірегімде тұншығып жыр өлгенде,
Аза тұтып, жабығып жүрем мен де...
Туған елім алдымнан жол көрсетті
Тығырыққа тірлігім тірелгенде.
Мінезім бар кей-кейде құйын-берен,
Тағдырға да сол сәтте қиын келем.
Қалжыраған кезімде,
Туған елім
Өн бойыма күш болып құйылды ерен.
Мен де өзімнің жазбақ боп дастанымды,
Өрге талай сүйредім жас жанымды, –
Туған елім жұлдыз боп жанды көкте,
Қара түнек басқанда аспанымды.
 Өмір жолым тіреліп бір жыраға,
Қарап қалған жан едім құбылаға.
Қара ұйықтан қастерлеп алып шығып,
Туған елім бөледі шұғылаға.
Күш боп, дем боп бір-бірін кетер іліп,
Бақ-қуаныш сан әлі жетер күліп.
Анголада таң атты,
Көкжиектен
Туған елім Күн болып көтеріліп.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу