Шығармалар ✍️
СЕГІЗ ҚЫРЛЫ, БІР СЫРЛЫ АҚЫН
Ардақты ақынымыз Қасым Аманжолов жайында ол қайтыс болғаннан бері оның ақындығын, аса дарындылығын сипаттайтын көптеген мақалалар, естеліктер де жазылды. Сыншылар, ақын-жазушы достары Қасымның өзін, поэзиясын аса зор сүйінішпен, құрметпен жоғары бағалай сипаттады.
Мен бұл естелігімде Қасымның творчествосы жайында емес, абзал ақынның өзі, мінезі жайында, сол досыммен бірге өткізген жастық шақ туралы сыр шертпекпін.
1937 жылдың күзі болса керек. Мен КазПИ-дің үшінші курсында оқимын. Біздің жатақ үйіміз ол кезде Юных Коммунаров көшесі мен Фонтанная (қазіргі Төлебаев) көшесінің бұрышында жұпыны бір үйде болатын. Сол тұста студенттер мейлінше көңілді едік. Әсіресе, менің мерейім көтеріліп тұрған бақытты бір шағым еді. Сабақтас, қатарлас студенттерден озық оқығаныма байланысты мен ерекше Пушкин атындағы стипендияға ие болдым.
Атақты Сәбит Мұқановқа қосыла 8-класқа арналған әдебиет хрестоматиясының жасаушысының бірімін. Ең тамашасы – мен оқитын курста он шақты қазақ қызы бар. Қазіргі кейбір бет-аузын бояумен шимайлаған, көпшілікті жерде жын қаққандай тыраңдаған тырналардай емес, әдет-ғұрыпты сақтаған ақылды, ибалы, әзілге мәз қыздар еді-ау, ол қалқалар...
Жатақханадан шығып КазПИ-ге жету үшін ол кезде Федерация атындағы паркті жарып өтетінбіз. Ол кезде көшелерде де, паркте де (әсіресе күндіз) қазіргідей қаптаған қалың жаяу кездеспейтін. Еркін, дархан жастық адыммен, мәз күлкімен адымдайтынбыз институтқа қарай...
Мен өзіммен сабақта он шақты қызбен адал дос, шын сырлас та болып кеттім. «Ежелден қыздың сыры бізге мәлім», – «Жігітті жұрт мақтаған – қыз жақтаған»
– деп Абай айтқандай, қыздар да маған үйір еді. Дәйім таңертең сол ақжарқын қыздармен мәз-мереке сөйлесіп институтқа қарай жүріп бара жатсақ, алдымыздан кесе- көлденең орта бойлы, ақсұрғылт жүзді, бір жігіт өтеді. Күзгелайықүстіндесұрғылтплащыбар, басынабылғары картуз киген сол жігіт өзінше тәкаппар пішінде. (Сірә, бізді көз қиығымен байқаса да көрмегенсіп, қыздарыма да, маған да қарамай, аяғын шірене басады тіпті...)
Жайшылықта байсалды Ғани деген қыз, әлде әлгінің күн сайын алдымыздан кес-кестеп өтетінін ерсі, таңсық көрді ме:
– Қалижан, мынау адам кім? – деп сұрады бір күні. Екінші бір жігітті білгісі келіп таңырқай қалса, жігіт біткеннің жақтырмайтын әдеті ғой, мен де сәл іркіліп қалдым. Әйтсе де қыз көңілін қалдырмайтын басым:
– Осы жігіт, сірә, газеттерге өлең жазып жүрген әлгі Қасым Аманжолов деген болуы керек. «Лениншіл жас» редакциясында қызмет істейді білем, – дедім.
Сол жылғы күздің жаңбырлы кешінің бірінде мен қасымда белгілі Абдолла Жұмағалиев атты жас ақын досым бар, Октябрь көшесіндегі бір асханада сұхбаттасып отыр едік. Әрқашан сезгіш Абдолла бір сәтте бұйра шашты басын артына бұрып шетте, терезе алдында шылым шегіп отырған біреуге қолын сілтей қалды. Бізді алыстан бақылап отырса керек, ол да осы белгіні сезіп, басын тік ұстап, қайқия басып біздің столға келді, келді де орындыққа отырмастан, маған бір қарады да, мені арқасымен көлегейлеп, столға шынтағын тіреп қойып Абдолламен сөйлесе кетті. Мен бұл қыңыр жігіттің кім екенін, әрине іштен біліп тұрмын. Сонда да:
– Әй, жолдас, ту сыртыңды беріп, қырындамай дұрыс отырмайсың ба? Және темекіңнің түтінін менің мұрныма ұйтқытпай әрі жібер! – дедім, тұрысын жақтырмаған пішінмен.
– Ә, мұнда сіз бар екенсіз ғой, – деді кенет ол маған жалт бұрылып қунақы көзбен қарап. Кенет, Абдолла бұл жайсыздықты сезе қалды да:
– Қалеке, танымайсың ба? Бұл – ақын Қасым Аманжолов қой, (мені нұсқап) Қалижан Бекхожин, танысыңдар! – деді.
Қасым екеуміз ресми адамдарша қол алысып таныстық та, аздан кейін бұрыннан бір дос адамдай сұхбаттасып кеттік. Қасым Абдолланы Орал қаласында әскери қызметте жүрген кезінде, одан кейін редакцияда газет жұмысымен айналыса бастаған шағынан біледі екен. Біраз тіл табысып ұнасқаннан кейін мен Қасымға:
«Жаңа қисая тұрып маған қыр көрсеткенің қай қылығың?» – деп қалдым. Қасым да іркілген жоқ, ішіне түйіп жүр екен, айтып салды:
– Ал өзің ше? «Лениншіл жас» редакциясына күн сайын келесің де, Жұмағалимен ғана шүйіркелесіп сөйлесесің, маған сен де жауырыныңды беріп тұрасың... Жұмағалиды ертіп кетесің. Маған неге амандаспайсың? Ол-ол ма?.. Күн сайын таңертең парктен жеті қыздың ортасында масайрап өтесің... өзіңнен басқа жігіт бар деп ойламайсың-ау... Ішім күйіп жүр еді... – деп, жайраңдап күле сөйледі.
– Әй, Қасым, – деді Абдолла, әдетінше оң қолымен сермей сөйлеп, – махаббат жорығында мен Қалижанға атқосшымын, бұл ақасы барда, перизаттардан махрұм болмаймыз. Біз ұзақ сырластық. Поэзия туралы, өзімен тұстас ақындардың өлеңдері туралы, қызыға, құлшына сұхбаттастық.
Сол түні үйі алысырақтағы Қасым менімен бірге менің жатақханама қонды... Таңертең кешірек ояндық, жексенбінің демалыс күні еді. Қасым бөлмедегі менімен бірге жатқан 3-4 жігітпен сәлемдесті де, менің койкамның бас жағында тұрған домбырамды қолына алып «Қарғам-ау-ды» шерте бастады. «Қарғам-ау» әнін мен бала жасымнан шешемнен, апа, ағалардан естіп өскенмін. Әсіресе атақты Керекулік Майра құйқылжытып шырқаған «Қарғам-ау» менің жүрегімді шымырлатып дәйім көкейімде тұратын.
Қасымның нәзік шертісі ұнай қалғандықтан мен:
– Кәне, Қасым, шырқап жіберші! – дедім.
– Жоқ, бұл ән менің нәшіме келмейді. Бұл әнді айту үшін ерекше дауыс керек, – деп Қасым тартынды. Мен, – Шіркін, бұл әнді біздің Абдолла қандай тебірене салады! Ал өзің меңгерген басқа бір әнді айтып жіберші, мына жігіттер де тыңдасын. Айтқандайын, сен Мәди әнін айта аласың ба, – деп қалдым. Қасым ұнатпай қалды, қиқарлана жауап қайтарды.
– Мәдиді білесің бе? Сен өзің Жаяу Мұса әнін айта аласың ба? Баяндықсың ғой.
– Жоқ, досым, – дедім мен, – ән шырқай алмаймын, ән-күйді жүрекпен түсінем, ежелеп домбыра тартамын, ал, Мәди әнін мен бала кезімде нағашымның үйіне қонақ болып отырған бір адамнан естігенім бар. Мәди әні содан бері менің жүрегімде күңіреніп тұрғандай, Мәдидің тағдыры да мені толқытады...
– Ал ендеше мен сол Мәдидің туысымын. Мен де, Қаракесекпін (ру аты), Қарқаралыныкімін. Семей, содан кейін Орал менің жастық шағымның белгісі болып кетті. Алматыңа жуықта ғана келдім.
– Мейлі қайдан шықсаң да. Ал, досым Мәдиді шырқашы... Қасым кенет сұрлана қалды. Көзі де әлдебір аруақты көріп тұрғандай шақырая, кейін тұнжырай түсті де, мұрнын, лебін ішке тартып алып, шерлі де назды дауыспен сызылта жөнелді...
Немене, көрген қызық көрмегендей, Жас дәурен жауар бұлт өрлегендей. Жігіттік көк семсердің жүзі емес пе, Қайрап ап қалың жауға сермегендей...
Содан әрі Мәди өлеңін күңірене толғап, Мәди сынды өзі де бір қапаста немесе қуғында жүрген жандай тебіренді. Бұл ән менің тұла бойымды тербеп, қанымды шымырлатып кетті. Қуғын көрген бейбақ Мәдиді де, сол аяулы дарынның зарын шертіп отырған Қасымды да аяп кеттім, көзіме жас та келді. Айта кетейін, мен әлі күнге дейін ардақты Жүсіпбектің (Елебеков) Мәди әнін, бұлбұл Күләштің «Гәккуін» радиодан естігенде тік тұрам да елжіреп көзіме жас аламын. Қиялымен Мәдиге ұқсап, Арқада қуғын көріп жүрген Мәдидей, көзі бұлдырап, Қасым өксігін әрең аяқтады.
Атыңнан айналайын Қарқаралы, Сенен бұлт, менен қайғы тарқамады. Саяңнан сайғақ құрлы сая таппай, Мен болдым бір қуғын жан Арқадағы.
Қайырмасын дірілдетіп барып әрең тоқтатты.
Ақын Қасымның газет беттерінде жарияланған біраз өлеңдерін оқыған едім, екеуміздің де поэзиядағы балаң шағымыз ғой, тап сол тұста жұрт тамсанарлық жыр жаза қойдық деп айта алмас едім. Қасым да солай. Ал, мына әнші музыкант Қасымның бұл қасиетінен де күшті дарын қайнары бар-ау, деп мен жаңа тапқан досыма өте сүйсіндім.
– Өзің ақын ғана емес, әнші, музыкант та екенсің ғой... Жүр біздің үйге, мен саған қандай музыкант екенімді көрсетейін, мен скрипка да, гармонь да тартамын...
Екеуміз жатақханадан жайраңдап шығып, Қасымның пәтеріне қарай кете бардық...
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter