Өлеңдер ✍️

  08.04.2022
  200


Автор: Қалижан Бекхожин

ОЙ, БAУЫРЫМ!

Бауырым! — деп туысыма бой ұрдым,
Егілдім көп,
қидым отын көңілдің.
Бірақ сол бір бауырларым суынып,
Есейгенде, бөтен болып көріндім.
Сондай-ақ сен ерте неге мұздадың,
Жақпады ма әлде татқан тұз-дәмің?
Бар денемнен бұрын неге ауырдың
Бар денемнің тартқан сен бе ызғарын?
Білесің ғой,
жақтырмаймын ездерді,
Жақтырмаймын құмарлықтан безгенді.
Ұнатамын ащыға да, тұщыға,
Өзім-сынды
шімірікпей төзгенді.
Айтарсың сен _
елемедің сен мені,
Бауырыңды тұздай бездер шелдеді,
Сортаңдарды жұтқанда сен сіміріп,
Көні кепкен түйедейсің шөлдегі.
Сақтамайсың мені таза арудай,
Нас емеспін мешкей шек пен қарындай.
Диспетчермін сан түтікті жүйеңе,
Сыздайтын мен, сары аурудан арылмай.
Дерсің маған:
 кінәлі өзің ақсақал,
Солай-солай...
Айтсаң дертім қаттасар.
Мен бе, тегі, ауызымды қақпалап,
Мен бе, сірә,
аяғымды сақ басар?
Аз ғұмыр ғой...
несібемді тыймадым,
Қайтып қиям тіршіліктің сыйларын?
Жыр шыға ма
сопылар мен ездерден, -
Сол ғой мені
ауырғанда қинарың.
Осал сенсің
менің шымыр денемде
Мыстан сені жасатпаппын әуелде.
Жалын атпай дулы, қызу жүрекпен
«Ой, бауырым» — деп,
елжіресем өлең бе?




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу