Өлеңдер ✍️

  20.02.2022
  248


Автор: Абдрахман Асылбек

Біз – қазақпыз

Әнін жазған Әсет Бейсеуов

Атырау мен Алтайдың арасында,
Ертіс пен Сыр, Жайықтың жағасында,
Біз қазақпыз ежелден еркін өскен
Жасыл жайлау жазира даласында.

Қайырмасы:
Біз – қазақпыз ерікті,
Байтақ жері көрікті.
Асқар таулар – айбыны,
Бақша-баулар – байлығы.
Кереметтей кеңдігі –
Кеңпейілді елдігі.
Ерекше бір ерлігі –
Тәуелсіздік теңдігі.

Дақ түсірмей көңілдің кеңдігіне,
Ерке мінез, ер жүрек елдігіне,
Біз қазақпыз мың өліп, мың тіріліп,
Қол жеткізген тәуелсіз теңдігіне.

Қайырмасы.

Қасиеттеп, қастерлер халқымызды,
Ата дәстүр, салтанат, салтымызды,
Біз қазақпыз бабалар айбынымен
Асқақтатқан абырой, даңқымызды.

Қайырмасы.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу