Өлеңдер ✍️

  13.02.2022
  104


Автор: Кеңесжан Шалқарұлы

ҒАБИТ-ҒАЗАЛДАР - ҮШІНШІ ЖЫР

– Ғабит! – деді Сəбең жымыйып кеп,
Шоққайыңды паналап жүр киік, – деп.
– О-о-нда-а со-оға-а-ан барайық мелкашты алып,
Күйдіргенше көңілді құр күйік о-от!
– Сөйтіп көңіл көтеріп қайтайық біз,
Солтүстіктің көлдерін шайқайық біз.
Сайран күйін тартайық күмбірлетіп,
Сап-сары боп аңырсын қайқайып күз.
Барып екі жазушы
баспалады,
Қолдарынан мелкашты тастамады.
Шүріппе əлі басылмай аялдауда,
Мылтық даусы болған жоқ аспан «əні».
Қос талантын көргенде бусанды маң,
Қайыңды алқап қарайлап тұр сағынған.
Ық жағынан таяды екі «мерген»,
Киік əлі тұрған жоқ жусауынан.
Сəбең айтты: – Тұра тұр мен атайын!
Ғабең айтты: – С-с-ен сабыр е-ет, мен а-а-таайын
Бұрымдары төгіліп
«аңшыларға»,
Биіктіктен қарайды көне қайың.
Барлығы да өзінің мекенінде,
Барын салып тіршілік етеді де.
Ақша бұлт пен асқарын құшағына ап,
Аспан көзін төңкерді екеуіне.
Ғабең алып кезекті сығалады,
Болу үшін олжалы, сыбағалы.
Көздеріне қап-қара...
Көзі түсіп,
Шүріппені басуға шыдамады.
– Киікті атып өө-з-з-імді жаралы е-ете-ем,
Көздерін-ай!
 Қап-қара шаралы ее-ке-е-н!
Мен атпа-аймы-ын! Сəбит-ау, сенде-е а-атпа-а,
Жүре берсін сұлулық да-ала-а-да а кеең-ң!
11 мамыр, 2002 жыл




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу