Әңгімелер ✍️
СИЫР ТОЙ...
Мен қызғаншақ емеспін… Құдай ақы, сіздің әйеліңізді, оның әйелін мүлде қызғанбаймын… Ал, өз әйелімді… Қазір не көп, адамнан той көп қой… Бір досымның сиыры егіз туып, соған «Мө-мө-ө-ө» атты тойханада той өткізіп жатқан. Досы болған соң, әйелім көрші қыздың көйлегін киіп, көрші келіншектің алтын «цепочкасын» уақытша тағынып, көршінің духиін сеуіп, көршінің туфлиін киіп, көршінің үйінен көңілді шыққанбыз. Америка зейнеткерлері бір пенсиясына курорттарға барып жүрсе, біз сияқты жастардың айлығы шайлығымызға жетпейді…
Қойшы, не керек, тойға сүтке тоймаған қозыдай, томпимай бардық… Ішіп отырмыз, жеп отырмыз. Досымның «крутой» кәсіпкер болғанымен, маған пайдасы жоқ… Сыныптас болып жүргеннен білемін, шандырдай қатты…
–Сыйырларыңызға бақыт тілейміз! Бұзауларының, өгіздерінің қызығын көрсін! –деген тілек айтып жатқандарда есеп жоқ… Байқаймын, менің қарсымда отырған бір мұртты жігіт әйеліме тесіліп қарай береді… Маған қарамайды, әйеліме қарайды. Көзі тиіп, ауырып қалмаса еді… Орнымнан тұрып, жанына келдім.
–Кешіріңіз, әйеліме қарай бересіз, түкіріп қойыңыз…—дедім. Ол орнынан тұрып, әйелімнің емес, менің бетіме түкіріп жіберді… Сөйтсем, оңбаған қызып қалған екен, төбелесе жаздадық… Осы біреудің бақшасына түсетін еркектерді түсінбеймін? Несі бар десеңші, менің әйелімде? Бір кезде әлгі еркек орнынан қисалаңдап келді де, әйелімнің білегінен иіскей бастады… Жыным келді…
–Әй!—дедім мен.
–Не?
–Неге иіскейсің?
–Иіскегенде тұрған не бар?
–Не, әйелімнің үсті сасып тұр ма?
–Жоға… Сіз бақытты адамсыз!
–Ия, бақыттан басым айналады! Біз бай, қайыры жоқ мұнайлы елдің ұрпағымыз!—деп салдым мен.
–Не?—деді ол.
–Же…
–Нені?
–Алдыңдағы қазы-қартаны!
–Сенің түрің тура Муаммар Каддафи сияқты екен!—деді ол.
–Ол кім еді?
–Ливияның өліп кеткен президентін айтамын да! Қазір бір «удар» берсем, сен де қатыныңды тастап, қаша жөнелесің…
Мына сөз өңменімнен өтіп кетті… Жыным келіп, қалшылдап, жұдырығымды түйдім де, дәретханаға барып келдім. Қайтып келсем, жаңағы оңбаған әйелімнің иығынан иіскелеп
тұр! Қызғаныштан жарылып кете жаздадым… Өзіңіз ойлаңызшы, бөтен еркек көшеде әйеліңізді тоқтатып алып, иіскей бастаса, қол соғасыз ба? Жетіп келдім. Әйеліме:
–Неменеге мәз болып отырсың?—дедім.
–Өзі ғой…
–Немене, өзі ғой?
–Иіскеуге рұхсат па деген…
–Не, ол өгіз бе еді?
–Онда тұрған не бар Мыжбан, қойшы, жұрттан ұят болады…
Бір кезде қарасам, жаңағы иіскегіш жігіт ағасына сөз беріліпті.
–Сиыр тойың құтты болсын, досым!—деді ол,–сиырың сүтті болсын! Сиыр сойса—ет, пісірсе– шашлық, піспесе– котлет, саусаң– сүт, айран, ашыған айран, іріген сүт, қаймақ… Сөзі де, өзі де біртүрлі жігіт досымызға «мерседестің» кілтін сыйға тартты… Әне, байлар сөйтеді… Сиыры туса да той, сиыры өліп қалса да той… Мен бейшара балама сүндет тойын да жасай алмай жүрмін… Негізі бұл тойға келмей –ақ қойғанымыз дұрыс болар еді… Қарызданып бес мың теңге тойана әкеліп тұрмын… Ұят… Жұрт мың доллардан беріп жатыр… Қой, қашайық… Әйелімді жетелеп, сыртқа шыққанмын. Такси күтіп тұрмыз… Бірдеңе пыш-пыш етеді… Қарасам, жаңағы кәсіпкер жігіт! Әйелімді иіскеп тұр!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇