Өлеңдер ✍️

  03.02.2022
  192


Автор: Жарасбай Нұрқанов

МАЙТАЛМАН

«Нелер сын, небір шыңды ала білген,
Шеберсің малдың бабын таба білген», –
Дегенге жігіт ептеп жымияды,
Еңбекпен етене жан бала күннен.
 «Томпаңдап жұмсағанда жүгіретін,
Тіл алғыш, титтейінен жұрт білетін», –
Үлкендер осылай деп отыр сипап
Ермектің газеттегі сүгіретін.
Жасынан Сарыадырда бұзау бақты,
Жатсырап көрген емес түз, аулақты.
Əкесі ерте қайтқан есінде жоқ,
Ақсары анасынан жүзі аумапты.
Əуелде күнкөрістің қамы болды,
Алдында алашұбар малы болды.
Біртіндеп, басшылардың байқағаны:
Дəл мұның баққанының бəрі қоңды.
Алты ай жаз Ақөгіздің томарында,
Алты ай қыс қарағайдың орамында.
Балаша мəпелеген малы емес пе,
Қасқиып қара нөсер, бораныңа.
Ермектің малы қалай семірмесін,
Бейілі мүлде соған берілгесін.
Күлəнда шай ішуге шақырғанда
Жүргені: «Айғабақ, – деп, – жемін жесін».
Салмағы жарты тонна жардай болып,
Əр малы ақтарылар қардай болып.
«Еліме ет жөнелттім, құт сыйладым», –
Деуіне бақташы еркі бардай толық.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу