Өлеңдер ✍️

  20.01.2022
  117


Автор: Арман Шеризат

Астымдағы жұмыр жер....

Астымдағы жұмыр жер айналғанда,
Өмір жәйлі боламын ойланғандай.
Әуре етумен келеді әлі мені,
Әлденені ерте ұғып қойған маңдай.
Барлығанда жүрек бар сезген іштен,
Жаңылмаған ғұмырлық тербелістен.
Шар әлемнің үстінен шамырқанып,
Өлең оқып тұратын кездер үстем.
Кездерім көп жабырқап мұңға батқан,
Кім бар дейсің тірлікте мыңға жаққан?
Сыр ұққандай боламын жалғыздықтан,
Жұмбақ әлем, көзімде жұмбақ аспан.
Жұмбақ аспан, жұмбақ жан, жұмбақ бәрі,
Сүріп жүрген өмірдің жұмбақ мәні
Құлағымның түбінде баяғыдай
Қайталанба күндердің ырғақтары!
Астымдағы жұмыр жер айналғанда,
Өмір жайлы боламын ойланғандай.
Әуре етумен келеді әлі мені
Әлденені ерте ұғып қойған маңдай.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу