16.12.2021
  439


Автор: Қабдеш Жұмаділов

КӨГІЛДІР «ЖӘШІК» АЛДЫНДА

 


Эссе-этюдтар


- І -


 



Қатардағы жәй адамдар өз басынан кешкен жағдаяттарды ғана есепке алады. Ал дана- лардың ерекшелігі, олар әлі басынан өтпеген


күйлерді де болжап біле береді. Мәселен, орыстың ұлы ақыны Лермонтов он алты жасында кәрілік туралы мы- надай өлең жазыпты.


Сол кезде сен бейшара сорлы болып, Диванға, не мамыққа мықтап қонып. Дидарын кемпіріңнің іш пысырған Мөлиіп отырарсың көзбен шолып...


Қандай дәл сурет! Кезінде бай-бағлан атанған адам- ның өзі кәрілік құрығынан құтылмайды екен. Қандай аянышты! Бұл арада Лермонтов үй қамауында артық өрмек таппай, іші пысып отырған 19-ғасырдың ақсү- йек қарттарын айтып отыр ғой... Шүкір, 20-ғасырдың ортасынан бері, қарттар сыртқы дүниеден хабар таппай құсаланудан құтылды. Құтқарған не дейсіз ғой. Ғылым мен техниканың бүгінгі табысы – көгілдір «жәшік».


Соңғы жылдары көзінің болаты қайтып, ала қағазға тесілуді азайтқаннан бері Айжарық бір уақ кешке қарай осы көгілдір «жәшікті» ермек ететін болды. Теледидар



  • төрткүл дүниеден қолма-қол хабар алдыратын бүгінгі заманның үлкен бір жетістігі ғой, яғни сенің үйіңнің сыртқы әлемге ашып қойған терезесі сияқты. Кейінгі кезде Алматы теледидары алпыс-жетпіс арнада хабар тарататын болды. Демек, баяғы Совет заманындай емес, көрерменнің талғам-таңдауы артып, өрісі кеңіді деген сөз.


Бірақ сол телеарналар да біркелкі емес. Қазақстанның ішкі жаңалығын көрсететін арнаның өзі он шақты. Бұ- лардың өзі екі топқа бөлінеді. Үкіметтік ресми арналар,


 


және бірді-екілі тәуелсіз арна... Әйтеуір, зерікпейсің. Кілең жақсылықтарды көріп, көңіл көтеріп, масайра- ғың келе ме, мархамат: билікке қарасты ресми арнаны басып қалсаң болғаны, рахатқа батып, ұжмаққа енесің де кетесің. Дүниедегі неше алуан кереметтің бәрі қазақ жеріне орнап жатқан секілді. Бәрі жақсы, бәрі тамаша! Зәулім сарайлары көкке бой созған Астана – анау! Жер- жүзі діндерінің басын қосатын Пирамида мен қала сим- волы болған Бәйтерек мынау! Бәйтеректің өзегін өрлеп үстіне шықсаңыз, ұшар басында президенттің алақан таңбасы түскен плита бар. Келген-кеткендер соған қо- лын тигізіп, тауап етеді... Ал жаңалықтарға көз салсаң, алдыңғы елу елдің адамын аштырмай қуып жетіп, енді озық деген отыз елді тықсырып бара жатқан халық...


Бірақ кілең тәттіден де тез шығады екенсің. Бірін-бірі қайталаған ресми арналардан жалығасың да, бұлар не деп жатыр екен деп, бірлі-жар тәуелсіз арнаға ауыса- сың. Мұнда жаңағының керісінше кілең жанайқай: то- зығы жеткен тұрғын үй, құлағалы тұрған мектеп, жол апатына ұшырап, шашылып жатқан адамдар... Жәрде- мақы ала алмай, аштық жәриялап, кран басына шығып алған әйел, масайып алып, бірін-бірі пышақтап кеткен жастар, бейбіт ереуілге шыққаны үшін қырғын тапқан Жаңаөзен жұмысшылары... Мұндай көрініске қарап отырудың өзі ауыр. Көңілің құлазып, жаның түршігеді. Содан, амал жоқ, телефультті халықаралық жаңа- лыққа қарай бұрасың. Бұл да оңып тұрған жоқ-ау! Үл- кен қалалардың бәрінде қаптаған шеру, ереуілге шық- қан халық. Бірақ ол жақта біздің елдегі сияқты бейбіт ереуілге шыққан жұртқа автоматтан оқ жаудырмайды екен. Бұқара халық үкіметке қояр талаптарын қойып


болған соң, өз еріктерімен тарап кетеді екен.


Ал, Таяу Шығыс пен Африкаға таман ойыссаң, еу- ропалық мемлекеттерге жем болып, еңіреп жүрген сол баяғы арабтар. Бұрын араб елдерінің әрқайсысы 30-40 жылдан өз диктаторларының табанына түсіп езілсе, енді олар сол тирандар былықтырып кеткен дүниені та- зарта алмай әуреге түсуде. Ел ішінде тәртіп жоқ. Төңі- ректі түгел хаос жайлаған.


 


Бұл күнде алпауыт мемлекеттердің қақпақылдап ой- найтын ойыншығы – Сирия көрінеді. Бір кезде «Шам шаһары» атанған, қайран ертегінің елі. Бұл елдің түбіне жеткен де – диктаторлар. Бұрын бұл мемлекетті отыз жылға жуық Хафиз Асад билесе, соңғы он бес жыл- да әке тағында оның баласы – Бәшір Асад отыр. Ол, өкінішке қарай, әкесінен өткен қанды қол боп шықты. Өз еркімен тақтан түсетін ойы жоқ. Сирия халқы жап- пай көтеріліске шығып, диктатормен алысқалы, міне, үш жылдың жүзі ауып барады. Сол жылдарда бейбіт ха- лықтан алпыс мыңдай адам оққа ұшыпты. Екі миллион сириялық көрші елдерде паналап босқындық күй кешу- де. Біріккен Ұлттар Ұйымының дәрменсіздігі сонша, шектен шыққан Сирия өкіметін тәртіпке шақыра ал- май-ақ қойды. Олардың ойынша билікке таласқан аза- мат соғысы – Сирияның ішкі ісіне жатады-мыс. Оған сырттан қол сұғуға болмайды-мыс.


АҚШ бастаған, Англия, Франция қостаған біраз мем- лекеттер ана жылғы Ливия секілді, Сирия диктаторын да бомбаның астына алып, тәубесіне түсіргісі келіп-ақ еді. Қауіпсіздік Советінде оған Ресей мен Қытай қарсы болды. Сөйтсе, бұл екі мемлекет те Сирияға қару-жа- рақ сататын көрінеді. Олар үшін алпыс мың адамның қаны мен босқында жүрген екі миллион сириялықтың көз жасы ештемеге тұрмайтын болса керек.


Сирия өкіметі көтерілісші халыққа қарсы химиялық улы газ қолданып, мыңдаған адамды (оның төрт жүзі – бала) харап қылған екен. Осы қылығы үшін Сирия өкі- метін жазалау керек деп, АҚШ бастаған демократиялық елдер үн көтеріп еді, жүрген жерлеріне шөп шықпайтын Ресей басшылары тағы да шырылдап араға түсті. Со- ған қарағанда, жаңағы химиялық қарудың өкше ізі Ре- сейден шықса керек... Қысқасы, арабтарға жаны ашып жүрген ешкім жоқ. Арабқа ара түскен күннің өзінде, өз мүдделерін бір сәт естен шығармайды. Әлгі «біреудің жоғын біреу өлең айтып жүріп іздейді» дегеннің кері.


Айдаладағы арабтармен алты аласы, бес бересі жоқ болса да, Айжарық үйде отырып, езілгендердің, әлсіз- дердің қамын жейді. Бодандық пен кіріптарлық күні кеше бастан өткен жайлар ғой. Керек десең, қазақ елі


 


кіріптарлықтан әлі толық құтылып болған жоқ. Ай- жарықтың дүниеде не болып жатыр екен деп, елеңдеп отыратыны содан. Не істейсің, Жаратушы жазушы де- ген қауымға осындай мазасыз жүрек берген.


Айжарықтың пайымдауынша, қазір халықарада бірін-бірі алыстан арбайтын, амалы мен айласына көз жетпейтін баяғы Черчиль, Сталин, Рузвельт сияқты ірі қайраткерлер қалмаған сияқты. Қазіргі мемлекет басшылары тым аласарып, ұсақтап кеткен бе, қалай? Көпшілігі – өз елінің қазынасына суық қолын сұғатын ұры-қары, жемқор біреулер. Олардың бір-бірінен жа- сырған жұмбақтарын Айжарық үйден шықпай-ақ мөл- шерлеп, біліп отырады. Ал Қазақстанның әркімге бір жалтақтаған, ұлт мүддесін белінен басқан, бірде олай, бірде бұлай, ойпыл-тойпыл саясаты – Айжарықтың жа- зылмас дерті десе де болғандай.


- ІІ -


Адамзат қоғамынан, өкіметтер мен мемлекеттерден әбден ерқашты болып жалыққанда, Айжарықты рахатқа бөлейтін бір ғана телеарна бар. Амал жоқ, біраздан соң фультті солай қарай бағыттайды. Бұл – «Хайуанаттар әлемі» деген арна. Аң патшасы арыстан мен жер алы- бы пілден бастап, ұшқан құс, жүгірген аң – осы арнада көрініс тапқан. Мұз құрсаған Ақтеңіздің ақ аюы дейсіз бе, тайганың қоңыр аюы дейсіз бе, телегейдің жәйіні мен акуласы дейсіз бе, осылар шетел мамандары арқы- лы түгел таспаға түскен. Бес құрлықтың ішінде көбі- рек көрінетіні – әрине, Африка, сондағы хайуанаттар мекендейтін қорықтар. Зорлық-зомбылық, әділетсіздік мұнда да бар. Әлсіздерді күштілер жеп жатады. Бірақ бәрі табиғи, қулықсыз, қитұрқы саясатсыз, табиғаттың таза өз заңымен іске асады.


Әншейінде Африканы тұтасып жатқан шөл, құм бас- қан қу медиен деп ойлаймыз ғой. Іс жүзінде олай емес екен. Көгілдір көлдер, кең жайылып ағатын өзендер ол құрлықта да бар екен. Осындай сулы-нулы қорықтарда бұғы-марал, бұйбұл, бөкен, қарақұйрық дегеніңіз жыр- тылып айрылады. Соларды жем қылатын жыртқыштар


 


да жеткілікті. Арыстан, жолбарыс, қабылан, қасқыр сиқты жыртқыштар қоңыр аңдар үйірінен тым алысқа кетпей, соларды торуылдап жүргені. Әсілі, ұлы Жара- тушы жыртқыш аңдарды да несібесіз қалдырмаған ғой. Қазақ қойға қасқыр шапса ренжиді. Аржағын ойлап жатпайды. Бәлкім, қой деген жануар әу баста қасқыр- дың несібесі шығар. Біз, адамдар бөрінің азығына ор- тақтасып жүрген шығармыз.


Жалпы, хайуанаттар туралы фильмдерге қарап отыр- саңыз, жер бетіндегі жабайы жануарлардың тіршілік ету тәсілі әртүрлі. Қоңыр аңдар қауіптен қашып құ- тылатын аяғына сенсе, жыртқыштар тек қара күшке, азу тіске арқа сүйейтіні көзге ұрады. Күштілер әлсізді, ірілер ұсақты жалмап жеп жатады. Ірі балық кіші ба- лықты жұтады. Не істейсің табиғат заңы солай. Баяғы замандарда адамдар да осы заңға бағынған. Кейінірек ой-сана, ақыл-парасат, мейірім-шапағат деген ұғым- дар пайда болды. Бірін-бірі қорғайтын тайпалар одағы, отбасы, туыстар тобы жарыққа шықты. Алғашқы дін сұлбасы пайда болып, адамдар құдайдан қорқып, та- биғатқа табынатын дәрежеге жетті. Адамдарды жөнге салатын пайғамбарлар келді дүниеге. Олардан басқа да әлсізді күштіге, кедейді байға теңемек болған, сол үшін неше алуан қағидалар ойлап тапқан ғұламалар да аз болған жоқ. Олар адамдарды надандықтан құтқарып, өркениетке бір табан жақындатқанымен, табиғаттың айнымас заңдарын өзгерте алмады.


Хайуанаттар әлеміне зер салғанда, Айжарықты бұ- рыннан белгілі күштінің әлсізді азық етуі емес, жырт- қыштардың өз жемін ұстау тәсілдері көбірек қызық- тыратын. Әрине, қоңыр аңдар да оңайшылықпен жан бергісі келмейді. «Сен аң патшасы екенсің» деп, арыс- танның аузына түсе қалатын аңды таппайсың. Соған орай, арыстан, жолбарыс, қабылан сияқты жыртқыш- тардың қалың қайратына қоса, айлалы аңшылығында қапы жоқ. Олар өз жеміне жақындағанда қылпын көр- сетпей, бетегеден биік, жусаннан аласа боп кетеді ғой. Қалың құрақ пен селеудің арасымен бұғынып келіп, оңтайлы тұсқа келген бір-ақ атылады. Арыстан мен жолбарыс бұғы-марал, қарақұйрық, бөкен сияқты ұсақ


 


аңдарға бір өзі жеке шабуылдай береді. Бәрі де өз ісінің хас шеберлері. Қоңыр аңды қуып жетіп, аяқтан шалып құлатады да, дереу кеңірдектен қапсыра тістеп, тыны- сын тарылта қояды. Қашан жаны шыққанша осылай басып жатады.


Ал, шаңырақ мүйіз бұйбұлды жығу тәсілі мүлде бас- қаша. Бұйбұлға жеке шабуылдауға басқа түгіл, арыс- танның да жүрегі дауаламайды. Егер жазатайым найза- дай мүйізге ілігіп қалсаң, бүйіріңнен түйреп, күшіктей қыңсылатқан күйі айдалаға лақтырып тастаудан та- йынбайды. Сондықтан бұйбұлға кемінде екі арыстан жұптаса шабады. Біреуі арт жағынан келіп, бұйбұлдың арқасына секіріп мінеді де, аңқау сорлы үстіндегі пәле- ден құтыла алмай есі шығып, мөңкіп жүргенде, екінші арыстан келіп, тура кеңірдектен қабады. Талай сыннан өткен үйреншікті тәсіл, тыныс алдырмаған күйі әлсі- ретіп барып жығады. Одан арғысы белгілі: келесі сәтте түйедей бұйбұлдың іші жарылып, жайрап жатқанын кө- ресің. Манадан бері әке-шеше қимылын көз жазбай қа- рап тұрған жыртқыш күшіктер де жетеді-ау осы сәтте.


Әсілі, бұйбұл дегенің шындап тірессе жан шақ келтір- мейтін аса күшті жануар ғой. Егер он шақты бұйбұл мүйіздерін кезеп, үйірді айнала тұрып алса, олардың тобына ешқандай жыртқыш жақындай алмас еді. Соры- на қарай, оларда бір-біріне болысу, бірлікте қорғану де- ген ұғым жоқ. Арыстан біреуін жарып жеп жатса, басқа бұйбұлдар анадай жерде соған мөлиіп қарап тұрады... Бұл жағынан, олардың берекесіздігі біздің қазақтың мі- незіне келіңкірейді.


Арыстан мен жолбарыс та біздің қазақ секілді қазы- қартаға құмар болса керек. Басқа қоңыр аңдардан зерік- кенде, аң патшасының тағы бір жерік асы – ап-ала, мат- рос формалы зебрлер. Бұлар – жұмыр тұяқты, жылқы тұқымдас аң емес пе, жыртқыштардан үнемі қашып құ- тылуға тырысады. Бұларда да үйірін қорғайтын айғыр жоқ. Қанша шырқырап қашқанымен, бәрібір ұтылып қуған жырынды жыртқышқа жем болады.


Арыстандар өз үйірін ғана емес, ірі аңдар қолға түс- кенде, манадан бері осы жемнен дәметіп, сілекейі шұ- бырып жүрген, әзірге-мәзір басқа да масылдарды асы-


 


райды. Африкада шиебөрінің бір түрін гиена деп атайды екен. Өзінің түрі де сондай сұмпайы, құлағы шұнақ, құйрығы шолақ, тұмсығы біздей бірдеңе... Арыстандар жас етке тойып, тоқ басу үшін былай шегініп кеткенде, қалған жемтікке солар бас қояды. Өздігінен аң ұстап жарытпайтын, қарулы, текті жыртқыштардың ізін аң- дып жүретін сүмелектер дайын асқа өлермендене кірі- седі. Ашқарақ гиеналар жүрек жалғап болды-ау деген мезгілде, манадан осыны аңдып тұрған тағы бір сортты


«қонақтар» келе бастайды. Олар – манадан бері тал ба- сында ішектер шұрылдап әрең отырған ақбас күшіген- дер, тазқаралар, тағы сондай қарақұс әулеттері.


Өз шамасын біле ме, арыстандар пілге көп жоламай- ды екен. Пілдің тастай қатты, қалың терісіне тістері бат- пайтын болса керек. Егер пілдің жынына тисең, қарсы- ласын қурай ғұрлы көрмей таптап өте шығатыны тағы бар. Жыртқыштар ұзын сирақ, ұзын мойын жирафқа да соқтықпайды. Ананың аса биік бойынан жасқанатын сияқты. Сонан соң, жирафтың тебіні тым қатты. Егер болат тұяғы дәл тисе, әрқандай жыртқышты сеспей қа- тыратын көрінеді.


Жалпы, Африкада қоңыр аңдардың жауы көп-ақ. Бұл құрлықта өріс кең болғанымен, суат жағы тапшы ғой. Суаттарда қоңыр аңдардың келуін күтіп жататын тағы бір тажал бар. Оның аты – крокодил. Ол өзі батпақты, шалшықты суларда жасай беретін неме екен. Денесінің қақ жарымы – ауыз. Сол ауыз толған қанжардай өткір азу. Әрқандай аңды ортан белден қапсыра қапқанда, қақ бөліп тастайды. Қоңыр аңдарға осындай жыртқыштар- дың ортасында тіршілік ету қандай қиын десейші! «Бұл заман ойлап тұрсам күштінікі, тұмсықты, тырнақты мен тістінікі» деп Сәбит Дөнентаев айтқандай, кейде адамзат қоғамы мен табиғаттағы жағдай бірін-бірі айна қатесіз қайталайды.


Қазақ баласы өзі бағып өсірген төрт түлік малдан басқа, жабайы аңдардың күйіті келгенде үйірге қалай түсіп, қалай өсіп-өнетінін біле бермейді ғой. Хайуанат- тар әлемінен түсірілген фильмдерде соның бәрі қам- тылған. Айжарық, әсіресе, табиғат тым икемсіз етіп жаратқан жираф пен пілдің үйірге қалай түсетінін кө-


 


руге ынтық еді. Фильмдерді қадағалай жүріп, бір күні ол көрініске де куә болды. Табиғи зәрулік, ұрпақ қалды- ру қамы жан-жануарға не істетпейді дейсіз. Шын күйіті келгенде таудай еркек піліңіз төбедей ұрғашы пілдің үстіне жеп-жеңіл шығып кетеді екен. Сол беті жерге түсе қоймай, ләззатқа батып, ұзақ тұрып қалады. Жи- раф та солай. Үйірге түскенде мойын мен аяқтың ұзын- дығы білінбей, бір-біріне қоғадай иіліп, қауышқанын көрсең! Үйірге түскен көздерінде аңның ұрғашыларын- да еркегіне деген еркелік, наздану, бұраңдап кергу бай- қалады. Соларды көргенде қылықты келіншектердің кей мінездері еске түседі...


Жоғарыда айтқанымыздай көгілдір экран – басқалар- дан бұрын ең алдымен қарттардың ермегі. Өрісі қыс- қарып, жүріс-тұрысы азайған, үйден ұзап шықпайтын, кітап оқуды әдетке айналдырмаған қарттар қазір осы теледидар болмаса не істер еді? Әсіресе, мінетін аты, бағатын малы жоқ, қаланың қара жаяу қарттары...


2013 – қазан.


 




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу