Өлеңдер ✍️

  16.10.2021
  184


Автор: Исраил Сапарбай

Мінезің сенің жаз-жайраң

Мiнезiң сенiң жаз-жайраң,
Жұмақтан жұпар жұтқандай.
Жапырақ-жаным мəз-мəйрам,
Шомылып шыққа шыққандай!
Шадыман шақпен тым аңғал
Ақ қардай таза бейiлсiң.
Еңсенi басқан тұмандар
Ертерек бiзден сейiлсiн.
Қасiрет, қайғы барын да
Ұмыту бiзге жөн бе екен?
Арқалап мұның бəрiн де
Асқардан асып жол кетер...
Ал қазiр, жаным, бiздерге
Ерте де шығар мұны ойлау.
Жайдары, жарқын жүздерге
Жақсысы – əсте мұңаймау.
Қапассыз, торсыз, қамалсыз
Күндердi күнге жалғаумен
Қайғысыз, қамсыз, алаңсыз
Өтсiн де бiздiң бал дəурен!
Ақ қарды,
Анау бақтарды
Арала, ойна, күл, еркем.
Аңыздай албырт шақтарды
Аңсаймыз да ғой күнi ертең...



Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу