Өлеңдер ✍️

  01.07.2021
  130


Автор: Фариза Оңғарсынова

Сауал

Малдан бездік бейнеті белшеден деп,
қойдық құдық қазуды жер шемен деп.
Жұмыс іздеп балаға сабыламыз,
жаны тыныш отырар – кеңсе жөн деп.
Шұбат қайда білмейміз, қайда қымыз,
ақ араққа айналды айранымыз.
Бала аузына алмайды ірімшікті –
балды қосып қайнатып, май жағыңыз.
Орман етер өзге жұрт тақырды егеп,
күлкі етеміз, жатпаймыз ақылды елеп.
Пысқырмаймыз өнер мен ғылымыңа –
жастай басын баланың қатырма деп.
Айқай шықса, ән дейміз көңіл бұрып,
күй «тартамыз», темірді темірге ұрып.
Атқа мінсек, мәңгілік түспейтіндей,
жаяуларды жасқаймыз шегіндіріп.
Қозысы да өзгенің – кілең егіз,
біздің қойдан егізді тілемеңіз.
Есесіне, кісімсіп өзді-өзіміз,
бірімізге-біріміз шіренеміз.
Қарның тойса, қарқылдап күлкің ғажап,
жалмап жұтып жатса да жұртыңды азап.
Қос кеменің құйрығын ұстаймын деп
қайда барып тынасың, шіркін қазақ?!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу