Өлеңдер ✍️
МАХАББАТ БИГЕЛДИЕВКЕ
Біраздан мәлім еді есіміңіз,
Жақсыға ашық дейді есігіңіз.
Қанымда жағымпаздық жоқ жан едім,
Сізге енді жыр арнасам, кешіріңіз.
Өлеңмен өтемекпін айыбымды,
Жан деп жүр, Сізді ағалар қайырымды.
Тербеліп теңізсіз-ақ толқынымда,
Ел жаққа мен де бұрдым қайығымды.
Дәметіп келгенім жоқ бірдеңені,
Жанымды жабырқатты «жыр» дегені.
«Қайтейік, ақын болса» – дегені емес,
Батады «үйсіз-күйсіз жүр» дегені.
Оған да көргенім жоқ жасып тағы,
Ішінде адамның бар пасықтары.
Кейбіреу талантсыз-ақ тайраңдайды,
Түскенде алшысынан асықтары.
Анамын – алдамаған арман әні,
Ақынмын – қалам мен жыр жалдағаны.
Ақтарғым келген сырды бүге алмадым,
Бұл өлең – аға, сізге арналады.
Алланың қолында ғой көреріміз,
Лайым таусылмасын береріміз.
Көтеріп мәртебемді жұрт алдында,
Тигенін ұмытқам жоқ көмегіңіз.
Жылқының жылқысынан тұлпар шығар,
Сарауыз балапаннан сұңқар шығар.
Бір шумақ жазғандардың бәрі ақын ба,
Тек қана шын шайырдан жыр тамшылар.
Ұлына қарап білген өсер елді,
Төгеді шын тілектің нөсері енді.
Рухы Жамбыл менен Сүйінбайдың,
Аралап жүрген шығар көшелерді.
Аруағы қолдай берсін бабалардың,
Құдайым көгертсінші көсегеңді.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter