Өлеңдер ✍️

  15.05.2021
  316


Автор: Бақыт Беделханұлы

Құс болу да қиын боп тұр

Бір-ақ күнде бақ та жайнар, сор қайнар.
Бір-ақ күнде жөнсіз сөзің — жол байлар.
Дəн теріп жүр жапасынан сиырдың,
Біздер, əлгі… бұлбұл дейтін торғайлар…

Қатар сүйіп аялар деп көк пен жер,
Пенделер-ай, тым асқақтап кетпеңдер.
Адал ғой деп аялайтын біз, əлгі..,
Күресінде күркілдеп жүр кептерлер…

Көшке ілесіп, шаппасаң да желе біл.
Көңіл көркі бола алмаса, не өмір?
Көл шарасын шайқап төккен шағала
Қора артында қоразданып неге жүр?

Ұшса, қонса бірге қанат қағатын.
Махаббаттан — нұрдан ләззат табатын.
Айдынында — Ай мүсінді аққу құс,
Ол да мұңға малып отыр қанатын.

Құс патшасы киелі еді, тұмарлы,
Шыңнан биік шырқайтұғын шынарлы.
Бір миғұла ит жеместі жегізіп,
Торға қамап, ұстап отыр қыранды…

Қолдан қолға ұшыратын сеңсең бел,
Айыр құйрық құсым да жоқ, сенсеңдер.
Бұл күндері кемпір-шал да кеміді
Қарлығашым, келдің бе? — деп кемсеңдер…

Адамдардың ішін кеулеп аласы,
Дүниенің ардан артып бағасы.
Жүректерден жылу кеткен заманда,
Құс болу да қиын боп тұр, шамасы…

Сен, адам бол! — дейсің…




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу