Өлеңдер ✍️

  02.05.2021
  208


Автор: Шырын Мамасерікова

ТІРІ ЕСКЕРТКІШ

Білігі жоқ арбадай шойырылған,


Кесел меңзеп, күйзеліп, мойырылған.


Қарт жауынгер кабағын қарс жауып тұр,


Қырсық мінез көргендей дойыр ұлдан.


Қанды көйлек жоғалтып жолдасын мың,


Құса болған сарбаздай сорласын кім.


Қабырғасын сөккендей қақыратып,


Қайыстырып барады қорғасын мұң.


Қаһарлы ұрыс суреті бекер емес,


Көз алдынан құбыжық кетер емес.


Өңі түгіл түсінен бір шықпайды,


Ұмытуға шамасы жетер емес.


Сұм соғыстың дерті деп байыптаған,


Сырқат сырын өзіндей жан ұқпаған.


Жиі барып тұрса да курорттарға,


Науқасынан бәрібір айықпаған.


Тұтқиылдан шабуыл салғандар да,


Арам өліп көмусіз қалғандар да.


Жегідей жеп жүйкесін ауыртады,


Қара қағаз қайғылы алғандар да.


Қиян-кескі ұрыстың қырсығынан,


Қаншама жас қиылды қыршынынан.


Дидарына тоймайтын қыз-келіншек,


Досы қайда су ішкен бір шыныдан?!


Қалай естен елесін жоя алады,


Көз жасымен сақалы боялады.


“Отан үшін!”, “Сталин, ел үшін!”- деп,


Әлі күнге атойлап оянады.


Бір кездері азулы бөрі еді,


Басқан ізі бақыттың төрі еді.


Бірақ бүгін соғысқа қарғыс айтқан,


Тірі ескерткіш боп маған көрінеді...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу