Өлеңдер ✍️

  21.06.2026
  105


Автор: Зейнолла Әкімжанов

Көйлегіңді сағындым

 


Кімді әрі не үшін кінәлаймын,
Өтіп бара жатыр-ау құралай-күн.
Анамды ойлап кей шақта алаңдасам,
Саңлауынан жылдардың сығалаймын.


Не жетеді болғанға өрісі кең,
Өрістінің көрмедім кемісін мен.
Сағынтады кейде бір алаңдатып,
Анамыздың көйлегі тері сіңген.


Мүкәммалға иә ғой тірі адамның,
Өліп кетсе тақпассың, сірә да, мін...
Қазақта бір жаңа салт, жаңа ырым бар,
Көз жұмғанда тонайтын құлағанын.


Ажалынан өлді ме, зобалаңнан,
Әйтеуір нәрсе ырымдау жобаланған.
"Көздей көріп жүрейін." деген сөзбен
Көзі түскен нәрсені қалап алған.


Аңсағанда көңілге аламыз мұң,
Аяулыдан артына қалар ізгі үн.
"Көзіндей...." деп келгенде үлестіріп,
Көп дүниесін жоғалттық анамыздың.


Бөтен емес бергеннің түсі мүлде,
Мүмкін болар оны да түсінуге.
"Көзі ғой, деп анамның..." сұрағанға
Беріп жібердім күпісін, ішігін де.


Ала білген адамның бәрі асыл ма,
Бергендерін айтады арасында.
Тері берген, астарын салып берген...
Алып жатыр ескісін, жаңасын да.


Сыйлаған көңіл шіркін арманда әлі,
Болмасыншы тек соның жалғандары.
Шәлісі де, мәсісі, кебісі де-
Кетті әркімнің қолында қалғандары.


Болмады ма, болды ма арашашы,
"Көздей көру"-салттың бір тамашасы.
Қолды болып кетіпті бәстегі де
Қолды бола жаздапты алашасы.


Анам менің бас иіп аттанысқа,
Лайықтаумен жанын тек жатты алысқа...
"Көзі болсын!" дегеннің қолын қақпай,
Үлестіру жомарттық, мақтаныш па?!


Саңылауынан күндердің сығалаймын,
Жылдарымды жымқырды құралай-күн.
"Көзі болсын анамның!" шыныменен,
Бергенімді қайтадан сұрамаймын.


Көрмейінші қазақтың кеңдігін-мін,
Бір белгісі шығар бұл елдігімнің.
"Көзі болсын анамның" деп жүргенде
Өзім көзсіз қалыппын-енді білдім.


Отауымның-ордамның төрі сынды ең,
Өзің жоқсың-бейне бір өрісім кем.
Көп нәрсеңнен көз қылып беріп қойған,
Көйлегіңді сағынам терің сіңген.


ЗЕЙНОЛЛА ӘКІМЖАНОВ


"ЖЕРҰЙЫҚ" ӨЛЕҢДЕР ЖИНАҒЫ. 1993 ЖЫЛ. 18-БЕТ




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу