Өлеңдер ✍️
Зеренді
Өтті жылдар,
Өтер де санталай күн,
Толқынында тербелген шалқалай Күн.
Шежіресін уақытың бүгіп жатыр,
Бүгіп жатыр Зеренді шалқар айдын.
Шомылдырып Ай, Күнді зереніне,
Батырады шыжым бір тереңіне.
Ақ толқындар ойнаған айдынында
Көлден өзге керемет керегі не?!.
Суға төніп көк жартас құламалы,
Көл бетінде көлкиді мұнар әлі.
Тереңге қармақ салған балықшылар
Ақ балықты іліп ап шығарады.
Шертетіндей құрағы балғын әнді,
Судың беті сағымды, сәл мұнарлы.
Сұлулығың керек пе - көлге келсең,
Тамаша екен, тамаша таңның алды!
Қараса көз жеткісіз аумағы бір,
Аумағын құлашын бір салған ұғар.
Жырлау үшін Зеренді сұлулығын
Жүрегімде шабыттың қармағы бар.
Қанатыма қырмызы өлеңді іле,
Оралып Есіліме келем, міне.
Қимастықпен артыма қарайлаймын,
Бір қымбаттым қалғандай Зерендіде.
ЗЕЙНОЛЛА ӘКІМЖАНОВ
"ЖЕРҰЙЫҚ" ӨЛЕҢДЕР ЖИНАҒЫ. 1993 ЖЫЛ. 95-БЕТ
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter