Өлеңдер ✍️
Қызқорған
Таулар, таулар...
Бәрі тау айналаның,
Сыр - сымбаты құятын арға жалын.
Шыңдары бар басына бұлт жамылған,
Аумай қалған кейпінен кейуананың.
Жезтырнақтай құздиған құздарынан,
Жыртқыштардың мұндағы жүз жаны бар.
Қайта-қайта күн тайып жығылады,
Жалтыраған жасыл көз мұздарынан.
Ой аулаған адамдар, ауыр тастан,
Бұл тауларға піріндей бауыр басқан.
Қызқорған тау жайында ту көтеріп,
Артық емес жазылса шағын дастан.
Кәрі шатқал - қылқобыз жотасындай,
Мына қырат аруана ботасындай.
Мына бұлақ жарлардан бұрау жасап,
Құдіреттің жол салған ашасындай.
Қасіретін Ашасай бүгіп бойға,
Ұмытсын деп тастаған тығып сайға.
Елестете алмайсың сен ол жағын,
Білмей тұрсаң "құрық" пен "сырық" қайда!..
Заман болған бірауық күйге батқан,
Шалқып аққан мына су-жүлге жатқан.
Қызқорғанның арқасы, айсұлулар,
Кірпігіне болса егер сүрме жаққан...
Қаратаудың Қызқорған бір бөлшегі,
Түкті, майлы, мәйекті, үлпершегі.
Артық емес, деп айтсақ, бүгінгіге,
Осы тұстан басталған ғұндар шебі.
Жатқан бүгін зар айтып құр қаңырап,
Әруақтар бұл тауда жүр жамырап...
Қызқорғанға тігілген, алтынтатқан,
Жүз кереге, мың уық, бір шаңырақ.—
Бұл шаңырақ - аталған Алтын Орда,
Құлатпаған тірісін анты жарға.
Бәрі де айтқан көкбөрі жырын ұйып,
Қайтпас қайсар қанында салты барда!
Ұлмен бірдей тұлпарын арқыратқан,
Қазақ қызы жауларын қалтыратқан.
Қызқорғанның жауынгер арулары,
Ешқашанда шықпаған олқы жақтан!..
Аты мәлім бұл таудың сондықтан да,
Не жетеді, жоқты емес, барды ұққанға.
Бауырына жантайып Қызқорғанның,
Қуаттандым шаршаған, шалдыққанда.
Оралбек Бек
8.07.2013 жыл
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇