Өлеңдер ✍️
Тіс жарған бөлтірік
Өзіңменен қауыштым жылап тағы,
Табан ізін бабамның сақтаған жер.
Сендей болмас тұрақ та жұмақтағы,
Үркердей боп ұлы көш тоқтаған бел.
Сәлем саған, көнерген дана қайың,—
"Елім-айды" сыңсытқан Қаратауым.
Аналардың желге ұшқан жаулығындай,
Мұңым менен шерімді таратайын.
Қыземшек тау, Қособа, Қалпақты тау,
Көшкен елге бәрі де ардақты тау.
Қорлық көрген тірідей қайран жұртым,
Бір сәтке де қатыгез болмапсың-ау.
Бәріне де өзіңді айыпты етті,
Көлгірсітіп тексіздер шарық бетті.
Кесірінен Жәңгірдей кесапаттың,
Жау қолында Еділ мен Жайық кетті.
Жасқұс пенен Нарынның құмын жайлап,
Жатушы едің желіге құлын байлап.
Жалпақ жұрттың төгілген көз жасына,
Білесің бе, не дейді, бүгінгі айғақ.
Пендеміз ғой бәрін де ойлап тұрған,
Ез болдық па, бар-жоғын тойлап тынған.
Іресе де қой сынды көн-теріңді,
Өш алуды білмейтін тырнақтыдан.
Теңестірме қазақты өзгеменен,
Тілге шешен, құмартқан сөзге берен.
Теңестірме қазақты жалтақтармен,
Ана сүтін ембеген - езбе жеген...
Бір сәт тыңда, көрікте шыңдалғанды,
Төрт бүктеген аларып, сұрланғанды.
Тастүлекті танисың шаңқылынан,
Қылыш тұяқ тазқара, сұңқарларды.
Құдіретті иесі ен даланың,
Аруанасын, пір тұтқан ақмаралын.
Үркердей боп көшкен сол бөрі жұрттың,
Бөлтірігі тіс жарған мен боламын!
Оралбек Бек
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇