Өлеңдер ✍️
ТӨРТТАҒАНДАР (36)
Сыртқы жағы аспан болса көгілдір,
Іші жұмбақ сыр бермейтін өмір бұл.
Құпиясын қалай ашсам екен деп,
Құс жолынан қолын бұлғап көңіл жүр.
***
Шын махаббат көктем екен дегенім,
Ой екен ғой әлі шала көк өрім.
Әміріне ыстық қанды жүректің,
Сеп болмайды ғылым, білім, өнерің..
***
Қазақпыз ғой, адал әрі ақпейіл,
Қараңғылық біздің елде жоқ дейін.
Ағайыннан аямайтын ат терін.
Пейіліммен болашаққа беттейін.
***
Дәстүрі бар алған асқақ үлгіні,
Қазақ сүйсе шын сүйеді, біл мұны.
Қазақ-қазақ, бақыт тапқан мұңнан да,
Қажыта алмас тағдырдың еш сүргіні.
***
Қолын жайып мұңын айтып талайғы,
Қайран бабам аспан жаққа қарайды.
Тау басынан түсті жылжып қара бұлт,
Көк Тәңірі қойды орнына жаңа айды.
***
Қазақ деген... сұрағанға береген,
Бере берген, қайдан алам демеген.
Білмейміз ғой торғын көйлек кей кейде,
Сыпырылып қалғанын да денеден...
***
Маңдайлар бар ойға ойды жалғайтын,
Кең құшағы қуанышқа толмайтын.
Қай кезде де елім аман болсын деп,
Өз мүддесін жеке шотқа қоймайтын.
***
Бұл да рас, кетпеген соң ерте өліп,
Арман-асуларға қанат серпелік.
Әйтпесе сол, көшірмесі қаңқаңның,
Көлеңкеңе отырасың шер төгіп.
***
Сезім - сезім! Сұрақ емес, жай, тегін.
Естен танып қалған болсам айт, емін.
Тиіп кетіп гүл ерніңе бұртиған,
Күйіп қалған ерінімді қайтемін...
***
Айдың нұры жан жарамды емдеді,
Ретін тапса жазылуы демде еді.
Бірақ, бірақ... ақсарайдай жып-жылы,
Жүрегімнің ішін ашып көрмеді.
***
Соңымдағы көлеңкем де төзімнен,
Жаралғандай айнымайды өзімнен.
Мен дегенің сан ғасырлық азаптан,
Қайта тұрғам, тек уақытша көз ілгем.
***
Имам, молда неге кетті көбейіп,
Білсең, сол бір шіркіндердің дені өлік.
Айналасын дінмен қоршап қойған соң,
Құн қалмады елде қисық шегелік.
***
Жалған сөйлеу үрдіс болды бұл күнде,
Майын тамыз, қол да сілте, іркілме.
Қараңғылар қараңғы ілім оқиды,
Сайрағанша бәрі бірдей құл-тілде.
***
Әй, өмір-ай! Қандай екен шын кейпің,
Біреулерге үлбіреген гүлдейсің.
Саған қарай құстай қанат қақсам да,
Мені неге түрткілейсің, жүндейсің.
***
Сом білектің заманы өтті тас жарған,
Ажырадық туған-туыс, достардан.
Ащы дауысы жанды жеген жел теуіп,
Қалбырдаймыз көшелерде бос қалған.
***
Көз алдыңа көлбеңдеткен тозақты,
Көрбілтелер көргендей ғой о жақты...
Енді келіп сиқырлап жүр жұмақпен,
Кең далада алшаң басқан қазақты.
***
Қазағыңды сүйем десең менше сүй,
Дөңгелентіп берсін Тәңір берсе сый.
Жадырасын сан ғасырлық қабағы,
Көтерілсін халқымның бір еңсесі!..
***
Қу дүние жеткізбейді қуғанға,
Құралмаса баста дәулет тұрған ба?
Қателесіп кетпейді деп кім айтты,
Тар маңдайға тағдыр сызық сызғанда.
***
Керектісі қол арба ғой бәріңе,
Зерек кісі біледі оны әрине.
Зымырап жүр бір тал өжет доңғалақ,
Қажет затын тасып беріп, әр үйге.
***
Тамшылардан құралады өзендер,
Тарих болып жазылады кезеңдер.
Таңда гүл ең, кеш те келді аяңдап,
Ал, қалғанын табиғаттың өзі өңдер!
***
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇