Өлеңдер ✍️
ТӨРТТАҒАНДАР (28)
Сағым болып бұлдырайсың өткен күн,
Сағындырып көзге тұнған от болдың...
Сөз де тынды, кісенделіп тіл қалды,
Неге маған соның бәрін көп көрдің!
***
Әндер қайда қу жүректі тулатқан,
Елжіреткен үнсіз ғана жылатқан.
Түніменен сезім гүлін тербетіп,
Таң алдында төсегіңе құлатқан...
***
Қайран өмір!
Майысатын үлбіреп,
Гүлдерімді тастадың ба сүргілеп.
Қабырғаммен қақыраған, қайысқан,
Сілкілеймін тұнжыр-тұнжыр жырды кеп...
***
Өкініші миды жарған бір демде,
Білінбейтін ойсыз өмір сүргенге.
Жарқ еткен де ағып түскен, жоқ болған,
Жұлдыз екен бұл жалғаның білгенге!
***
Жайым жоқ қой өлең жазып шіренер,
Ақанға да бақ болмаған құлагер.
Анаң тілі шалажансар болса егер,
Арай шашып жарытпайды бұл өнер.
***
Қара бояу - /ешкімнің жоқ таласы/,
Астындағы ақ шашыңа қарашы.
Қараңғылап қойса үстін бастырып,
Адамдардың өсер ме екен санасы!
***
Өз ақылың ақыл-ақ қой, ақыл-ақ,
Кісі ақылы - ақсақ қоян - шоқырақ.
Мәз болсаң да қалт-құлт етіп жүргенге,
Айға қарап қол шошайтпа, ақымақ!
***
Таң алдында шуақ құштар гүл болдың,
Шаңқай түсте шамырқандың - кім болдың?
Кеш те келді, өзіңе өзің жауап бер,
Не тындырдың өмір көрдің, сүрлендің.
***
Қызыл-қызыл гүлдер әркез алдайды,
Алдауменен олар сені барлайды.
Бұл өмірде барлау барын білмеген,
Қаншама гүл өкініштен сарғайды.
***
Қонақкәде жасап кейде ас та төк,
Шаттансаң да, артық кетпе, саспа тек.
Босағаңнан досың болып кіретін,
Дәл қасыңнан табылатын қас та көп.
***
Көзін шұқып, достың басын жармай, сын -
сөз айтуға үйрендің бе, қандайсың.
Сексеуілді сексеуілмен ұрмасаң,
Сексеуілден кек қайтара алмайсың.
***
Құдай саған беріпті шын дарынын,
Айтқаныңнан көрінбейді тар ұғым.
Ұнаса да сөз өнерін қамшылау,
Илей көрме шерлі ақынның шалығын...
***
Алтын басты етектіден ер артық,
Бақа баспен жау көрінсе шабар тік.
Қолда найза, қапталында қылышы,
Иық қомдап, екі көзін алартып!
***
"Тыңда, халқым, батаңды бер, жол сілте,
Бір ән салып берейінші" - дейсің бе?
Ал, тыңдайық! Барқырайды қай атан?
Уа, халайық, бағаң қайда, бәлсінбе!
***
Не қызық бар тұрмысында байлардың,
Соны ешқашан түсінбей-ақ қойғанмын.
Ертелі-кеш айтатыны мал болған,
Малға ұқсас кембағалға қайранмын.
***
Оқимын деп көне таңба - танымды,
Талай ғалым естерінен жаңылды.
Бәдізшілер қайда кеткен тәңірлік,
Қара тасқа шекіп салған сағырды*.
***
Болмағанмен ешбір гүлдің кәрі өңі,
Құпия ғой оларға ең керегі...
Бәрінен де бүр жарғанын білдірмей,
Қараңғыда ашылған гүл әдемі!
***
Махаббат-ән, айта берсек қара орман,
Қара орманда, айтшы, қандай бар арман.
Гүл дегенің күн емес пе, шындығы,
Бұлтсыз өмір үшін ғана жаралған.
***
Ешкімге де келмейді ғой екі өлім,
Самал жел де шығармайды бекер үн.
Кім білмейді, гүлдер үшін бұл өмір,
"Тар жол, тайғақ кешу" ғана екенін.
***
Асқақ гүлдер кімді қалай қуантты,
Кімді қалай өкіндірді, мұңайтты.
Жапырақтың құлағына сыбырлап,
Бұл туралы таңғы мөлдір шық айтты.
***
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇