Эсселер ✍️
Балқадиша
1985-жыл. 31-шілде...
Көкше жері сансыз көкек сұңқылдаған мамыр күніндей тамылжып, бал-бырап жатты. Көк жүзінде ауық-ауық бұлттар ойнап, себелеп жауын жауып, лезде шайдай ашылады. Лып-лып етіп, жұпар леп еседі. Саф ауа көкірек жарады.
Мен Көкшетауда облыстық сотта қызмет ететін жақын інім Өміртай Ба-лабековтың үйінде радио-журналист Жанатай Бекеновты тағатсыз күтіп отырдым. Екеуіміз дәйім Көкше төңірегін бірге аралайтынбыз. Бұл өңірдің сал- серілерінен көп жайға қанық жігіт. Ізетті. Зерделі. Елгезек. Ақан сері өмірін жақсы біледі. Жазған деректі әңгімелері де сондай нанымды, дәл, тиянақты боп жатады. Мені осы жағы өзіне баурай тартады. Көкшетауға келгенде Жанатаймен жүздессем, көкейдегі бар дітім орындалатындай көрі-неді.
Жанатай осы жолы да жайраң қағып алдымнан шықты. Демалыста екен. Уақыты мол. Уағда бойынша жарқылдап келе қалды.
– Баратын бағытымыз Балқадиша ауылы ма, аға? – Иә.
– Ол Кеңөткел деген ауыл. Зерендінің батыс жағы. Жолымызда ат тө-беліндей Забровка ауылы бар.
– Білем.
– Машинаңызды өзіңіз айдайсыз ба? – Өзім.
Біз жолға шықтық. Машинада жұбайым Тиыш және екі қызым – Қарлы-ғаш пен Ләйла. Өзіммен қатар Жанатай отырды.
«Балқадиша» әнінің хикаясын бір шама білетін едім, сырттай ғана. Ал, 1980-жылдың желтоқсан айынан бастап (Біржан салдың 150 жылдығы қарсаңында бұл ән дүлдүлін зерттеуге арнайы тапсырмамен келгем-ді. Ол кезде қазақ радиосы, музыка редакциясының Бас редакторы едім. И.Ж.) Көкшенің қария сөзді көнекөздерінен, Балқадишаны көрген-білген жандар-дан қилы-қилы әңгіме, дерек жинап, оған қызыға ден қойып, әлі де болса соның үдесінен шыға алмай жүргем-ді. Ақан сері өмірінің бір шуақты, әрі өкінішті сәті жыр етілген бұл ән әуел бастан аңызға айналып кеткен-ді. Уақыт өте келе ол жөнінде ел сөзі әрқилы шертілетін. Бірақ, соның бәрі негізі бір арнаға түсіп, шындыққа тоғысып жататын.
Ақан Серінің көп күйіп, көп сүйінген жүрегінің бір тебірене елжіреген кезі «Балқадиша» әнінде қалып қойды.
Бұл ән кешегі бір күндері ұзақ жылдар бойы: Дегенде, Балқадиша, Балқадиша,
Күйеуің сексен бесте шал Қадиша, – деп айтылып келді. Әлі де солай айтылып жүр. Өресіз, білімсіз біреулер уылжыған Балқадишаны қутыңда-ған шалға тигізіп, жүректі ауыртатын, ар-ұжданды қорлап, намысқа тиетін әдепсіз клип түсіріпті. Қандай сорақылық! Не деген жетесіздік! Ненің не екенін білмейтін, маңғұрттық деген осы болар, тегінде! Әндегі сол баяғы қол-дан жасалған жалған сөздің сүреңі санадан өшіп, ұмытылатын емес. Жүрек-ке байланған дерт, ол! Айықпай, жөнделмей келе жатқан зардабынан арылу қандай қиямет... қандай қиянат! Бүгінгі және келер ұрпақ «Балқадиша» әні жөнінде осы теріс түсінікпен кете бере ме, еш шындыққа көзі жетпей?
Ол кездерде Балқадишаның өзі дін аман, ел ортасында өмір сүріп жатқан-ды. Радиодан «Балқадиша» әні әлгі сөзбен беріліп, не газет, журналдарға, кітаптарға шындыққа үйлеспейтін дәйексіз әңгімелер жазылып жатқанын естіп-көргенде өзге-өзге түгіл Балқадишаның өзі шарасыз күйге түсіп, не дерін білмей, күрсініп қана іштен тынған.
Соғыс жылдарында Зеренді төңірегінде гастрольде жүрген артистердің ішінде бір әншілер «Балқадиша» әнін әлгі сөзбен шырқапты. Сондай кон-церттерді өз ауылы Кеңөткелде өз көзімен көрген Балқадиша: «Мына жаз-ғандар не деп отыр?» деп, биязы, жұмсақ мінезімен мұңая бас шайқапты. Ән сөзіне жыны келге бір ақсақал: «Аққудың көгілдіріндей үлбіреген Бал-қадиша өз сүйгеніне ұзатылып еді. Міне, ортамызда отыр, осы концертте. Әй, ессіз неме, сен өзің не деп оттап тұрсың?» деп жеплпілдеген ұшқалақ әншіні сахнадан қуып шығыпты. Бұл – қауесет емес, анық болған жай.
«Балқадиша» әні қалайша өзгеріске түсті? Бұл сырды жұрт біле бермейді. Жиырмасыншы, отызыншы жылдарда қазақтың көп әні жаңа социа-листік қоғамның насихат құралына айналып, өзінің о бастағы сөзінен, мәнінен ажырады. Сол кездерде колхоздастыру, сауатсыздықты жою, әйел теңдігі науқаны басталғанда Үкілі Ыбрайдың «Толқын» әні: «Елім бар колхоз болып дүрілдеген» деп, «Ақбаян» әні: «Ой, Ленин, қараңғыда көп елің» деген қайырмамен, «Балқадиша» әйел теңсіздігін шенеген (әлгі сөзін жазған Мақсұтбек Майшекин. 1939 жылдан бастап радионың музыка ре-дакциясында қызмет еткен. И.Ж.) ән боп шыға келді. Үлебайдың «Дудара-йы» ұлттар достығы саясатына орай көріне көзге Марьям Жагорқызының әні боп, ел санасына еріксіз сіңді. Ықылым заманнан бері бір сөзіне қылау түспеген әндеріміз «жаңа сыпатқа» ие боп, құбыла қалды. Әндердің тәл-
кекке түсуі осылай басталды.
Сол әңдердің бірі – «Балқадишаның» біраз сыры дәптеріме ауық-ауық жа-зылып жүрді.
Балқадишаға байланысты көп әңгімелердің бірін «Көкшетау правдасы» газетінің редакторы, жазушы Жанайдар Мусиннен естідім.
Бір жолы қасымда осы Жанатай бар, Жанайдармен тағы бір жүздестік. Жұмыс мезгілі еді. Тағы да Балқадиша хикаясын қозғадық. Аса инабатты Жанайдар келгенімізді хош көріп, ақсары жүзі нұрланып: – «Балқадиша» повесін енді ғана бітірдім. Уақыт дегенге зәрумін. Газеттің ісі жүйкемді тоз-дырды. Сал-серілердің әңгімелерін тыңдап-ақ жүрміз, ал, соның көбін дер кезінде қағазға түсіре алмаймыз. Көп жай ескіріп, ұмытыла береді. Сіздің Көкше жеріне келіп, зерттеп жүрген ісіңізге қызығамын... қызығамын, – деп, сыпайы қалпымен күліп қойды.
– Көркем шығарманың табиғаты ол өзгеше бір құбылыс. Жазушының «вымысль... домыслы» болады, ол – түсінікті жай. Ал, мен «Балқадиша» әнінің шығу тарихын қаз – қалпында білгім келеді, – дедім, өз ойымды бір-ден сездіріп.
Жанайдар жайлап сөз бастады: – Ана бір жылы... о, одан бері қанша көк-тем, қанша қыс өтті, балаңдау кезім. Хасен деген етікші жездеміз бар еді. Сол кісінің үйіне бойы тіп-тік, киген киімі тап-таза, әсем, көзі мөлдіреген аққұба бәйбіше келіп жүрді. Көркіне қызығып: «Бұл әже кім болады?» деп сұрадым, жездемнен. Мінезі сабырлы, тұйық жан: «Балқадиша ғой. Маған сәнді кебіс тігіп бер, деп келіп жүр. Өте қасиетті кісі» деді жайбарақат қана. Жанайдар осылай деді де, есіне әлдене түсті ме, үнсіз түрегеліп барып, сейфін ашты. Ішінен бір сурет алды. Басында пұшпақ бөркі бар, сұйық мұртты, өңі ашық, байсалды қария. Жанайдар суретке ойлана қарап, әңгі-месін жалғады: – Зерендіні көрдіңіз. Оның көгілдір жоталарына жалғас Қошқарбай тауы көлбейді. Іргесінде шағын ғана ауыл отыр. Қошқарбайдан әрі қарай Жыланды тауы созылады. Сол маңда Ащылы, Жекебояқ өзен-дерінің аралығында кең көсілген жасыл алқапта Қылды Қарауылдың ауыл-дары қаз-қатар мекен тепкен. Ол жер бұрын Жыланды болысы атанған. Осы елде Шөкейдің Ыбырайы деген аса зиялы, елге силы кісі болған. Өзі орташа ғана дәулет жиыпты. Үйіне игі жақсылар, әнші-күйшілер, ақын-жыраулар, аңшы-атбегілер, ұста-зергерлер көп үйірілген. Жаратылысынан турашыл, әділ жан жігіт ағасы боп толысқан кезінде ел ішінде билік айтқан. Сөзі дуалы би атанған. «Балқадиша» әнінде Ақан сері өз сөзін: «Қызы едің Ыбе-
кеңнің Балқадиша» деп, ілтипатты сезіммен бастайды ғой.
Ақан сері елу сегізді мол қусырған кезінде көрген, толықсыған Бал-қадишаны! Мына қолымдағы суреттегі кісі – сол таңғажайып кездесудің куәгері.
Осы сәтте телефон шылдыр ете түсті. Жанайдар әңгімесінің үзілгеніне ыңғайсызданып: – Ғафу етіңіз... ә, типографиядан ба? – деді, трубканы кө-теріп.
Телефондағы сөз бітер емес, ұзап барады. Жанайдар тұнжырап, тыңдады да тұрды.
Мен Ақан серіні елестеттім: Бір кездегі «жігіт дүррі» дерлік паң келбеті жоқ. Қырандай жұтынған жігерінің ізі қалмағандай. Екі иығы бүрісіп, ша-паны ескі туырлықтай салбырап, ат үстінде мүлгіп келеді. Қасында мылқау баласы Ыбан ғана. Басын көтеріп, төңірекке көз салмайды. Жан-жағы тым-тырыс. Жып-жылмағай. Құлазыған құла түз. Тұңғиық дүние.
Ендігі бір сәтте ол жүзі жылып, жүрегі шымырлап: «Бәтима... Бәтима! Ақтоқты... Ұрқия... Жамал...» дейді, күбірлеп. Күлімсірейді.Ұмсынады, бәріне... сол тамылжыған күйінде кілт сынып, жүрегі мұздап: «Жоқ, бәрі де жоқ. Ұшып кеткен періште... зым-зыя жоқ... тастап кетті, бәрі де!» дейді, жан-жағына меңірейе сүзіліп.
О, тоба, ол қайта селт етті. Жер мен көктің арасы бұрқаған шаң. Қара дауыл. Кең даланы, тау мен тасты, айдынды көлдерді айқай шу кернеді. Құ-ландай жосылған тұлпарлар... сұрапыл шабыс. Алыста... тым алыста қаз-бауыр бұлттарға көз тігіп, жойқын бәйгенің алдында жұлдыздай ағып бара жатқан Қоңыр атын, Құлагерін көрді. Көзін уқалап жіберіп, қайта қарап еді,бәр-бәрі ғайып болды. Артына бұрылып еді, соңында Қарабедеуі, Кербесті, Көкбесті, Торы, Күреңі... Қаратайы еріп келеді. «Е, бар екенсіңдер ғой» деп, жымия бергенде олар да елес екен. Зым-зия жоғалды. Ақан сері қайта езіліп, басыла түсті.
Қанша жол жүргені белгісіз, түс көріп келе ме, құдай-ау, тағы да құлағы шыңң ете қалды. Шаңқылдаған үн естілді. Ақан сері самарқау ғана көк ас-панға сарыла қарады. Қараторғай! Әні, Көкжендеті! Көкала бұлтты тескі-леп, жай отындай атылып, екеуі де көрінбей кетті. Көз жазып қалды, әб-сәт-те. Ақан сері амалсыз сынды, тағы да.
Ол ішінен: «Мына дүние... құбылуын. Алдауын. Емексітуін сөйтетіні бар, соның бәрін неменесіне көрсетеді, сиқыр дүние?» деді, шошып оянған жан-ша елеурей сөйлеп.
Өзіне-өзі келе алмай, булығып: «Бас!» деді, өз сөзінен өзі селк етіп. Көзіне ештеңе көрінбеді. «Ә, сылаң қаққан құмайым... қыздай еркелеткен Базара-ла, сен қайда құрып кетіп едің? Сен де жоқсың... жалғыз Ыбан... Ыбаным келеді, қасымда»...
Жанайдар типографиядағы біреулермен бірдемеге келісе алмай, қиқыл-даса сөйлесіп жатқанда мен де Ақан сері секілді осы бір елестерге еріксіз еніп кеттім.
Жанайдар біраз күйіп-пісіп: – Жә, түсіндім бәрін. Түстен кейін барам. Дүние өртеніп кетсе де күт! Өзің де дегбірсізсің, бар істі біреудің қолы-мен істегің келеді. Сендей судыраған суқит верстальчикті көрсемші, – деді, еріксіз мырс етіп.
Жанайдар әңгімесіне қайта сабақтады: – Ақан сері қасында Ыбаны бар, Жыланды тауын жағалап келіп, Тіріжан қажының ауылына тоқтайды. Осы ауылда бірнеше күн аунап-қунап, көңілін сергітіп, өзін аялаған жандардың алдында жүзі нұрланып, шешіле сөйлеп, булыққан әндерін шалқытады, жа-дырап. Оның бұл келісін көрші ауылдың бәрі естиді.
Осы ауылмен іргелес жатқан Монтайдың Мұсасының ауылы да үлкен қуаныштың үстінде еді. Бір дулы шілдехана болады екен. Оған Ақан серінің де барғысы келеді.
– Туған нәресте кімнің баласы? – Ол менің әкем-Баймырза!
– Солай де...
– Иә. Сол кезде Балқадишаның жиырмадағы кезі екен. Атастырылған жері бар. Болашақ күйеуі – елге сыйлы Масабайдың Сүлеймені. Іргесі берік, айтулы әулет. Масабайдың әкесі жас кезінде елге найзагер, батыр боп аты шыққан айбарлы жан екен. Бұлардың тектілігін жақсы білген Ыбырай Ма-сабаймен ниеті жарасқан құда бопты.
Енді қолымдағы мына бір суреттің жайын айтайын: Бұл кісі Оспан де-ген әнші. Оспанды1959-жылы көктемде қайынжұртыма барғанымда көрдім. Ақтоқты келін боп түскен Жақсылық елінің адамы.
Оспан Ақан серінің ән-жырларын бізге жеткізген әншілердің бірі. Аялап, қолпаштап, көтермелеп отырып шырқатса бір мүдірмей, желпіне сілтейтін сергек сезімді дүлдүл. Баяғы серілердің көзі дейсің, сүйсініп. Нағыз қызулы шабыттың иесі. Ашық, таза үні шарықтап кеткенде қиял тербейді. «Балқа-диша» әнін дәл осы Оспандай тамылжытқан әншіні естігем жоқ. Тек Ма-нарбек Ержановтың үні ғана ұқсайтын секілді. Оспан сол жолы талай естіп жүрген Балқадиша хикаясының біз білмейтін көп құпиясын ашты. Анық, дәл, өрелі әңгімені осы кісіден алдым.
Енді әлгі Монтай ауылындағы шілдехана жайын айтайын:
Зерендінің етегі. Көк кілемдей керілген көк майсалы байтақ еңіс. Жан-жа-ғы – мүлгіген қайыңды, қарағайлы тоғай. Әндері шартарапқа самғаған ду-манды ауыл сүттей жарық айлы түнде ақбоз үйлері мамырлаған қаздай боп, ап – анық көрінеді. Ауыл шетіндегі оқшау тігілген төрт-бес сәулетті үйдің маңындағы көңілді шуды бетке алған Ақан Сері Ыбан екеуі алтыбақан теп-кен жастарды жанай өтіп, ең үлкен ақбоз үйдің алдына кеп аттан түседі. Сол елеусіз қалпы қызойнақ дуылдаған үйге кіреді. «Орамал тастау» ойнап жат-қан қыз-жігіт бірден лып басылып, тосын келген қонақтарға тіксіне, тосқыр-қай қарайды. Дәйім ел қолпашына үйренген сері ішінен өзінің мүшкүл халін сезініп, үн-түнсіз төрге шығады. Сырттай қарағанда – бір меңіреу, мылқау жан. Отырғандар жайлап қана бірінен соң бірі тысқа шыға жөнеледі.
– Бір дуана…
– Сүметіліп қайдан келе қалды, өзі? – Кім жіберді, бұларды?
– Өй, сүйреп тастайық, өздерін!
Гулесе дағдарып, ішіндегі қаны қызу содырлары өстіп бұрқылдай баста-ғанда бұлардың қасына шілдехананы басқарып жүрген Мәлік, Ғаббас, Тө-кен есімді жігіт ағалары Ақан серінің келгенін ети сала, басқа бір үйлердегі қызықшылық ортасынан сытылып шығып: – Оу, бұл не тұрыс? Бұл кісі – Ақан Сері ғой! Ақан сері! Қане, шуылдамаңдар, түге! – деп, үшеуі үйге кіріп, әншіге сәлем береді.
Ал, үрпиіскен қыз-қырқын, жігіт-желең сол состиған күйі үйге қайта кіру-ге беттемей, тұрып алады. Біреулері алтыбақан жаққа бұрылады. Тағы бір тобы ақсүйек ойнағандарға барып қосылады. Желөкпелі қыз-жігіттің біразы құтырып, жасырынбаққа кіріседі. Мәлік, Ғаббас, Төкендер сәл аңтарылып, «Балқадишаны әкелейік» десіп, ауыл шетіндегі Ыбырай ақсақалдың ақбоз үйіне қарай тартады.
Бұл, тағы да еске салайын, – қалың Қарауыл ғана емес, жапсарлас жат-қан Атығай мен Керей, Уаққа сыйлы, әулие пішінді Шәкейдің Ыбырайы дейтін лебізінен бал тамған, аса зиялы, көсем сөзді, ғибратты адам.
Ыбырай үш рет үйленген. Бәйбішесі – Жықыш. Бұл кісінің құрсағынан – Балқадиша (шын аты – Төкен), және Сейітбаттал.
Екінші қосағы – Әйімбет ауылының қызы – Балжан. Екі перзент көріп, олар да, өзі де ерте қайтқан.
Үшінші әйелі – Тінібай қажының қызы – Алтын. Одан – Балқадишадан көп кіші Қадиша. Забровка ауылында отыр.
Ыбырайдың бәйбішесі Жықыш біраз жыл науқастанып, Балқадиша ше-шесінің сол жағдайына қарайлап отырыпты. Ал, бір күндері шешесі дүние-ден қайтады. Жылы беріледі. Бұл парыз өтелген соң Балқадишаны өзінің атастырған жеріне ұзатуға әзірлік жасап жатқан кезі еді, бұл.
Ыбырай ақсақал Ақан Серінің келгенін мына үш жігіттен естіп, мән-жай-ды білген соң: – Ой, құдай-ай, Ақан Серідей жігіт пірін танымады деген не сұмдық? Мына парықсыз жұрт не боп барады, түге? Ой, серім-ай! Ой, Ақаным-ай! Бар болшы! Жүрші осылай, қараңғы дүниені жарық қып! Шыр-қашы, кей мәрғауды ұйқысынан оятып! Бара ғой жаным, Балқадиша, Ақан ағаңның қасына! – деп, жаны қалмай жалпақтап, рұқсат етеді.
Балқадиша да әкесінің сөзіне елең етіп, ұшып түрегеледі. Сөйтеді де, екі жа-ғында сылқылдаған екі жеңгесі – Ұмсын мен Ділда бар, өзін өбектеген Мәлік, Ғаббас, Төкен бар, бәрі Ақан Сері отырған он екі қанат ақбоз үйге келіп кіреді.
Қалғып-мүлгіп, төмен тұғжиған жабырқау әншіге иіле сәлем беріп, оң жағы-нан орын алады. Жігіттер елпектеп, Балқадишаны таныстырады.
Балқадиша! Әлбетте, Ақан сері Балқадишаны біледі. Білгенде қандай! Көз алдында қырдың қызыл гүліндей құлпырып өскен Балқадиша! Бүгінде ол осы өңірде «маңдайында жанып тұрған шырағы бар!» дейтін айтулы сұлу-лардың ішінде жұлдызы биік періште! Жалт-жұлт еткен дүррі гауһардың өзі! Ақан Сері ауызымен құс тістеп, аспандап, асып-тасып жүргенде бұл елді талай рет думанға бөлеп еді. Ыбырайдай ел құтының үйінде де болғаны есінде. Балқадиша да есінде.
Сол Балқадиша! Толықсыған кербез ару. Жарқылдаған жанарында күллі дүние жайнап тұр. Ә, дүние... Ақан Серінің көз алдынан бір дулы өмір зу етіп өте шығады. Бәрі де өң мен түс. «Өсіпті. Бойжетіпті». Ол іштей мейір-лене тамылжып: «Ыбекемнің Балқадишасы!» дейді, үздіге қиылып. Та-мыр – тамыры иіп, нұры азайған тұңғиық көзі жақұттай жарқырап, шапақ шашады. Жүрегіне ып-ыстық қан толады. Ыбаны үнсіз жаудырап, әкесіне күлімсірей қарап, дорбасынан алып, домбырасын ұсынады. Ақан Сері пер-неге саусағы тиген сәтте, кеудесін шалқақ көтеріп, паң көкірекпен қиырға сарыла көз салып:
Шырмауық шығарында бас тартады, Біздің ел ерте жайлап, кеш қайтады. Жайлаудай құлазиды біздің көңіл,
Жанымды ұғар жан жоқ, жас қартайды! – деп, толғаулы үнмен жүрек сыз-датып:
Ахау, дүние жалған, Бітер ме, арман!
Қу тірлік шырмауықтай шырмап алған! – деген сөзді құсалы көкіректің уһілеген лебімен білдіріп, сәл жымиып, әлденені есіне түсіргендей:
Үйректің атқызбайды қасқалдағы, Шебердің былқылдайды басбармағы. Бұл күнде ағаң болдым төр алдында,
Бір кезде Ақан едім аспандағы! – деп, масаттанған жанның кейпіне түсіп: «Ә, бір кезде мына мен сондай Ақан сері едім, бүгінде адам танымастай өзгердім бе? Неге қаштыңдар менен? Адам шошитын диюана ма, едім? Сү-йем ғой, сендерді! Сендерсіз күн бар ма, менде! Көргім келеді, сендерді... аңсап жүрем, бәріңді! Көрмейсіңдер ме, қолымда сал домбыра, нені толғап отырмын, мен, а?» деген сөз жүрегін күйдіріп, дүниені әжуа қылғандай өзі-нен-өзі мырс етіп, қоңыр үнмен балбыраған домбыраны өршелене қағып-қағып жіберіп:
Дүние-ай, қызыл-жасыл кімді алдадың? Сен берген ризықтан құр қалмадым. Дәуренді мендей сүрген кім бар екен? Сонда да қызығыңа бір қанбадым! Ахау, дүние жалған,
Бітер ме, арман!
Қу тірлік шырмауықтай шырмап алған! – деп, шер толы көкіректі босата аһылап, аһылаған сайын үні тым алысқа ұзай береді.
Осы кезде сыртта ошарылған топ бірін-бірі кимелеп, үйге лап беріп, жа-пырласа кеп жайғасады. Ақан Сері бәр-бәріне бас изей амандасып, сынық мі-незбен сыпайы ізет білдіреді. Ойын бастаушы жігіттер жиынға дуылдата жел беріп, Ақан Серіні ардақтап, Зерендінің керілген кербез алқабын әнмен толқытады. Сол сұлу үннің бірі – оң жағында ақ маңдайы шаңырақтан жарқыра-ған алтын Айға шағылысып, әндей мөлдіреп отырған Балқадишаның үні еді!
Жаздың қарға адымындай қысқа таңында қаншама ән шарықтады. Ақан Серінің жай сөзінің өзі шырын әуездей шертілді. Өзін қолпаштаған жастар – бір төбе де, Балқадиша – бір бір төбе! Ақан Серіні Балқадишаның назды қылығы, жанын жадыратқан жұпар лебі, тіл байлап ұмсындырған сұлу көркі шалқытты. Балқадиша жанында отыр, бірақ, ол сондай алыс. Ғарыштағы жұлдыздай арбайды. Ақан Сері құмарлық отына күйіп, іштей уһілейді.
Таң саз беріп, бозторғайлар дүр сілкініп, шырылдай бастағанда Балқади-шаның екі жеңгесі Ділда мен Ұмсын Ақан Серінің алдына иіліп кеп, рұқсат сұрайды. Ләйліге есі кеткен Мәжнүндей хал кешкен Ақан Сері қилы-қилы ойға шырмалып, екі көзі қара бұлақтай тұнып, жеңгелеріне қимастықпен бас изеп, риза көңілмен рұқсат етеді.
Арада біраз күн өткенде Ақан Сері сол маңдағы ауылдарды әнмен сусын-датып, Жыланды жағына барғанында Балқадишаның ұзатылғанын естиді. Бір қоңыр кеште Ақан сері гулеген жұрттың сөзінен жырақтап, қолында домбырасы... Жыландының құз-жартасының ығында көзі ып-ыстық жасқа толып, әр пернені үзіп-шалып:
Қызы едің Ыбекеңнің Балқадиша,
Өзенді өрлей біткен, шіркін-ай, тал-Қадиша! Сексен қыз серуенге шыққан кезде,
Ішінде қара басың, па, шіркін, хан Қадиша! Дегенде Балқадиша, Балқадиша,
Бұралған белің нәзік, шіркін-ай, тал-Қадиша! Бір емес, екі жеңгең келіп отыр,
Рұқсат бізден Сізге, амал не, бар Қадиша! Дегенде Балқадиша, Балқадиша,
Боларсың біздің сөзге, дүние-ай, зар Қадиша! Бұлаңдап асау тайдай жүрген басың,
Боларсың қандай жанға, дүние-ай, жар, Қадиша! Басынан Жыландының құлағаным,
Кекілін кер бестінің шіркін-ай, сылағаным, «Кетті» деп Балқадиша естігенде,
Құшақтап құз-жартасты, шіркін-ай, жылағаным! – деген іңкәр жүрек лүпілі «Балқадиша» әні боп өзек жарады.
Ақан Серіге үміт шырағындай көрінген Балқадиша таң шолпаны секілді алыстай береді…алыстай береді. Ол енді болымсыз дәмемен емірене ұм-сынған көңілдің өкінішті көксеуі боп, көз талдыра бұлдырайды. Алты қыр-дан асып, үнсіз тынған бір арманды ән. Күні кеше ғана Жамалға да өстіп құлай беріліп, алды-артын ойлатпай алдап соққан аңғал жүрегінің мазағына қалып еді, енді, міне тағы да:
«Кетті» деп Балқадиша естігенде,
Құшақтап құз-жартасты, шіркін-ай, жылағаным, – деп, адам түгіл бәр-бәріне жарық дүниенің өзін таңғалдырып, ессіз махаббаттың зарын тартады… Жанайдар Балқадиша хикаясын аспай-саспай осылайша аян етті. Маған ойлана қарап: – Сіз де зерттеп жүрсіз ғой, мен білетін сыр – осы, – деді, қо-
ңыр көзінде «Бұған не дейсіз?» деген сауал тұнып.
Мен: – Балқадиша әңгімесінің айнымайтын өзегі – осы! Бәрі рас. Қаз-қал-пында айтылды. Дәптеріме түскен сөздің нобайы осыған үйлеседі. Рахмет,
Жанайдар... қадірлі Жәке! – дедім, жүрегімнің түпірінде «Балқадишаның шәрбәт әуезі діріл қағып.
Зерендіге бет алған ұзын жолдың үстінде осының бәр-бәрі көк жүзінде маңып бара жатқан ақша бұлттар секілді көз алдымнан өте берді... өте берді.
*** Алыстан мұнартып Зеренді де көріне бастады.
Түйдек-түйдек боп, ойнақтап шыға келген қара бұлт ауық-ауық сеуіп өтеді. Көз ұшында көгеріп Қошқарбай тауы жатыр. Оң жағымызда Кеңөт-кел ауылы сағымдай бұлдырайды. Төңірекке ойлана қарап келе жатқанда Жанатай: – Аға, әні, Забровка, – деді, – осы ауылда сіз екеуіміз әңгімесін көп тыңдаған Ескендір Итжанов ақсақал қайтыс болған.
– А? – дедім, оқыс сөзге елең етіп.
– Е, естімеген екенсіз ғой, солай болды, жазмыштың ісі.
Забровкаға бұрылып, Ескендір ақсақалдың үйіне кеп, тоқтадық. Қадиша апа есік алдында отыр екен, бізді танып, орнынан ұшып түрегелді. Ұлы, келіні, бала-шағасы шүпірлеп қуана қарсы алды. Амандық-саулық сұрасып, көңіл айттық.
– Келгендеріңіз оңды болды, апам сізді көп әңгіме қылады, – деді бәйек болған кіші ұлы Темірбек, – қонақ болыңыздар...
Біз жүрісіміздің мән-жайын түсіндірдік. Қадиша апа көзі жасаурап: – Бал-қадишаның қыздарын іздеп шыққан екенсіңдер, – деді. Ана жылы қасыңда осы Жанатай бар, екеуің келіп біздің отағасымен әңгімелесіп жүргенде талай рет айтуға оқталдым... мен сол Балқадишаның туған сіңлісімін, шырағым.
Заматта өткен күндер көрінісі көз алдыма тұра қалды. «Мен бір кезде жарықтық Үкілі Ыбырайдың қойнына жатқан бала едім ғой» деп, ағыла сөйлеген Ескендір ақсақалдың әңгімесін Жанатай екеуіміз магнитофонға жазып отырғанда бұл бір жылы жүзді бәйбіше әр сөзді бас изей қоштап, та-мылжып, үнсіз тыңдай беретін-ді. Сөзге араласпайтын. Қараңыз енді, «Бал-қадишаның сіңлісімін» дейді. Жүрегім лүп ете түсті.
Қадиша апаны сөйлеткім келді. Ол дәмем де үйлесе кетті. Қадиша апа жүзінен мейір төгіліп, «осы сөзді әбден сақтап жүр едім» дегендей өз-өзі-нен шешіліп, сыр тиегін ағытты: – Әкеміз Ыбырай үш әйел алған кісі. Бағзы біреулер сияқты бақ-дәулеттің буымен үйленбеген, оған жазмыштың ісі се-беп болған. Үлкен шешеміз Жықыштан-Балқадиша... менен көп үлкен. Мен 1906-жылы тудым.
Жықыш дүние салғаннан кейін әкеміз Балжан деген шешемізді алыпты. Ол Әйімбет ауылының қызы. Бұл кісі екі құрсақ көтеріп, бірақ, олар тым ерте шетінепті.
Менің шешем – Алтын, Тінібай қажының қызы. Бүгінде сол шешеміз-ден Күлжәмила екеуіміз бармыз. Күлжәмила Мәлік Ғабдуллин атындағы совхозда тұрады. Мына Қошқарбай тауын етектеп, Батысқа қарай шамалы жер жүрсеңдер Кеңөткел ауылы бар, Балқадишаның үлкен қызы Күлия сол ауылда. Зерендінің ар жағында Айдабол ауылына тиіп-ақ тұр, «Сандықтау» совхозы. Балқадишаның кіші қызы Нағима сонда. Екеуі де үйлі-баранды, үбірлі-шүбірлі тоқтасқан жандар. Күйеулері өзіміз тұрғылас қариялар.
Өзім төрт перзент көрдім, екеуін жерге бердім. Есқожам мен Темірбегім-нен өрбіген мына бір шүпірлеген қара-құра бар. Біздің отағасы әуел баста он жеті жыл мұғалім болды. Одан кейін колхоз бастығы, ауыл кеңес бастығы боп, біраз жыл селпода қызмет етті. Бұл жерге 1958-жылы көшіп келдік.
Балқадиша хақында ел сөзі – жөн сөз. «Балқадиша» әні... ондай ән... е, оны Ақан серідей адамның асылы шығарса, ол тегін бола ма? Адамның жүрегі бостан-босқа елжірей ме, сөйтіп? Балқадиша апамыз Ақан серінің әндерін бізге жібектей сызылып отырып айтқанда жүзі гүл-гүл жанып, бір шуақты сезімге беріліп, мөлдірей қалатын-ды. Дауысы да сондай сырлы еді. Көп желпіне бермейтін-ді. Кез келген жанға онша ашылып, сыр айтпайтын-ды. Ал, көркі, сұлулығы... оны келістіріп айта алмаймын. Өле-өлгенше сол ажары жан біткенді таңғалдырумен өтті. Көріп отырсыңдар, мен Балқадиша апама мүлде ұқсамаймын.
Балқадишаның бітімі бөлек. Белі бүгілген жоқ. Тіп-тік қалпында кербез келбетінен өзгермеді. Жарқыраған ақ маңдайына сызат та түспеді. Арқасын-дағы тып-тығыз қос бұрымы сұйылмады. Үсті-басына шаң жұқтырмай таза киінді. Сол нұрлы, көрікті қалпымен жан біткенді өзгеше бір құдіретпен тартып: «О, шіркін, Балқадиша десе, Балқадиша!» деген сөзді талай естідік. Қадиша апаның әңгімесі Жанайдар Мусин шерткен сырмен қабысып, шай үстінде де жалғаса берді. Бізге белгілі, белгісіз жайлардың бәріне ол дәйекті сөздер сәулесін түсірді. Кейбір дүдәмал сырлардың беті ашылды.
Анықталды.
Қадиша апамен қоштасып, жолға шықтық. Енді ат басын тірейтін жеріміз-Кеңөткел!
Біз жол үстінде Балқадиша әулеті жайында қилы-қилы әңгімелерді тағы да еске алып, Қошқарбай тауын жебелеп кеп, жалпақ саздың ортасында отырған ауылға да жеттік. Тоқтаған үйіміз – Балқадишаның үлкен қызы Кү-лияның үйі.
Күлия орта бойлы, нәзік, аққұба, пісте мұрын, кісіге тік қарайтын көзі өткір жан екен. Бірақ, сондай мейірімді, «қарағым... шырағым» деп аялап сөйлейді. Үні де биязы. Тұңғышы Тумырза қайтыс боп, соның қайғысы бі-раз қажытып тастапты. Уһілеп, әр сөзін үзіп-үзіп айтты.
Мұң шеккен ананы жұбата сөйлеп отырғанымызда сырттан осы үйдің отағасысы Әлімжан ақсақал келді. Қауқылдаған, кеңқолтық, ақкөңіл жан екен, еш тосырқаған жоқ, амандық-саулық сұрасып, бірден шүйіркелесе кетті. Күлияға көзінің қиығын салып: – Тағдырға айла жоқ. Жылап бақтық. Көз жасыңды тый, Күлия, бекінгеніміз жөн. Сабыр... сабыр дегеннен басқа не лаж бар? Алматыдан ат сабылтып келіп отырған қонақтардың жайын қылайық, – деп, бізбен етене жан секілді баурай сөйлеп, «Балқадиша» әнін зерттеп жүрген жай-жапсарымызды білді.
Әлімжан ақсақал «Балқадиша» әнінің оқиғасын еш іркілмей, айта жө-нелді. Сөзі сондай жүйелі. Бағзы біреулер сияқты қоспай сөйлейді екен. Біз зерделеген жайдың бәр-бәрін шегелеп, бекіте түсті. Балқадиша әулетін де жөн-жөнімен таратты.
– Біз Қарауыл ішінде Дүйсен серінің тұқымымыз. Бұл атамыздың аңызы да ел ішінде сел-сел әңгіме. Ол Біржан салдардан әрірек адам.
Кешегі қырғын соғыс... тәңір иіп, елге аман-есен оралдым. Мына Күлия апаларың отызға енді ғана ілігіп, жайнаған дер шағында жесірлік халге түсіпті. Елмен қауышып, қуанышымызда шек жоқ, біраз шайқақтап жүрдік. Бойымызда жастық жалын бар, қырмызы гүлдей құлпырған қыздарға қы-рындаймыз. Бірақ, солардың ішінде Күлияға көзім түсе берді. Келе-келе мені әбден баурап, ешқайда тырп еткізбеді. Тал шыбықтай иіліп, былқыл-даған сұлу келіншек. «Балқадишаның қызы ғой, шіркін!» дегізген пәк ару. Шешесін көр де қызын ал!
Көркі жан қызығарлық сүйкімді болса, ақыл-парасаты да бойына бек жа-расыпты. Менде ешқандай дүдәмал ой болған жоқ. Ақыры бір Тәңір иген күні Балқадиша анамыздың ақ батасымен Күлия екеуіміз отау құрдық. Сөйтіп, өмірдің ұлы көшіне ілесіп жүре бердік. Ауылдағы үлкен кісілер қуанып, бізге тілектестіктерін білдірді.
Әлімжан ақсақал ойлана бір кідіргенде Күлия сөзге араласты: – Қадиша апайға соққандарың оңды болған. Ол кісі айтқан әңгімені несін қайталайын. Анамыз Балқадишадан ең үлкеніміз – Кәкім, ол кішкене күнінде қайтқан. Одан кейін – Мен, Төребай, Гүлсін, Нағима, Жетібай.
Осы сөзден кейін Күлия тағы да күрт сынып, үндемей қалды. Сөзге ілкімді Әлімжан ақсақал лып түрегеліп барып, төргі үйден біраз суреттер әкеліп, алдымызға жайып салды. Қарай бастадық Күлияның отыздағы кезі... көзінде нұр ойнап, назды қылық танытып, еркелеп тұр.
– Осы суретін үлкен кісілеріміз: «Балқадишаның дәл өзі ғой, дәл өзі!» деп, қызығатын еді. Ал, Балқадишаның өз суретін көргілерің келе ме, шы-рақтар? – деді, Әлімжан ақсақал, бізді оқыс таңырқатып.
– А, Балқадиша ма? – дедім мен, алдымдағы көп суреттерді сасқалақтай араластырып.
Әлімжан ақсақал ойлана бөгеліп: – Дәл осы күндері ауылға Алматыда тұратын Кәріпхан дейтін қадірлі азаматымыз жұбайымен демалысқа келіп жатыр. Балқадишаның суретінің бірі сонда. Ал, тағы бір суреті мына ірге-лес Айдабол ауылында Рахия деген келінімізде болуға тиіс, – деді.
Шай үстінде де Балқадиша жөнінде көп-көп тосын әңгіме ортаға салын-ды. Мен Балқадишаның суретін көруге асықтым. Менің осы көңіл-дітімді сезгендей Әлімжан ақсақал – Ендігі сөзді сол Кәріпханмен жалғастырайық. Барайық оған. Оның тоқтаған үйі ауылдың шетінде. Көріп отырсыңдар, құ-дайдың құтты күні жауын. Ауыл арасы айғыз-айғыз арық. Шылқылдаған су. Машинаны қағыл-қағыл жерлермен айдап, Кәріпхан жатқан үйге баруға болады, – деп, түрегеле берді.
Біз сыртқа шықтық. Күлия апай көзі жаудырап, бас изей қоштасты... Кәріпханмен жүздескенде бір-бірімізді танитын боп шықтық. Жанатай-
ды бұрыннан біледі екен. Жөн сұрасып-біліскен соң, алдымызға қымыз келді. Әңгіме өз-өзінен қисын тауып, Ақан серіге ойысты. Кәріпхан біраз беймәлім сырларды қозғады. Ақан серіні біледі екенбіз, білмейді екенбіз. Жүйелі сөзге сүттей ұйыған Әлімжан ақсақал: – Кәріпхан, ұмытпасам, ана бір жылы сен Балқадишаның суретін алған сияқты едің, – деді.
– Иә, Әлеке, алғам, – деп, Кәріпхан да қоштай кетті.
– Мына екі азаматтың жолы болды, онда, – деді. Әлімжан ақсақал бір жоғы табылғандай елпілдеп.
– Балқадишаның суреті менде, Алматыға келейік, ол суретті беремін, саған, – деді, Кәріпхан, маған күлімсірей қарап.
Бәтуа осылай болды.
Біз тағы да жолға шықтық. Күн де қызарып, еңкейіп барады. Бар маң мау-жырап ұйып тұр. Кеңөткелден ұзай беріп, Қошқарбай тауының қыз бұры-мындай сылаң қаққан бұлақтарының жалт-жұлт еткен күміс сәулесіне қызы-ғып, жүрегімде тірі Балқадишаны көргендей тылсым сезімнің оты тұтанды.
Ендігі беталысымыз – Айдабол ауылы.
– Күн кешкірді, – деді, Жанатай, – бүгін Көкшетауға қайтайық. Айдабол ауылына ертең келгеніміз жөн.
Мен Жанатайдың сөзіне үн-түнсіз келістім.
*** Ертеңінде біз Айдабол ауылына келдік.
Бұл жерде Балқадишаның келіні Рахиямен әңгіме көңілсіз басталды. Рахия жайында Әлімжан ақсақалдан біраз жайды ұққам-ды. Көп балалы, мехнаты мол шаршаулы жан екен. Тұрмыс-тауқыметі қажытқан. Қамшыдай қатқан қараторы жүдеу әйел адамға мұңлы көзбен қарайды. Біздің келген мақса-тымызды түсінді де, өз жайын жайлап айта бастады: – Мен Балқадишаның жолы болмай жүрген бір бақытсыз немересімен үш жылдай отастым. Бұрын-ғы жолдасым дүние салған-ды. Шүпірлеген бала-шағаға бас ие болу жал-ғыз адамға оңай емес. Амал не, сол бейбақпен өмірдің алдамшы соқпағына түстім де кеттім. Жан бағу қиын. Қысқа жіп күрмеуге келмеді. Ана сорлы арақтан азды. Ақылына келіп, жөнделе алмай қойды. Сөйтіп, бір масылдың көрешегін көрдім. Ақыры дәм-тұзымыз жараспады. Ажырасып тындық.
Біз үш жыл бірге тұрғанда ол жазған дені сау отырғанда өз туыстарының су-реттерін мақтана көрсетуші еді. Бірақ, сол суреттердің ішінен Балқадишаның суретін көре алмадым. Ондай суреті қолға түссе, қані! Балқадишадай асыл ана-ның бейнесін бойтұмардай қастерлеп өтер едім. Ол сурет менде жоқ. Мына иек астында «Сандықтау» совхозы... Балқашин ауданына қарайды. Сол жерде Бал-қадишаның кіші қызы Нағима отыр. Мен ерден кетсем де, елден кеткем жоқ, Нағимамен жиі араласамыз. Бәлкім, сіздер іздеген Балқадишаның сол суреті Нағимада болар. Мақұл көрсеңіздер, сол ауылға барайық, бүгін қолым бос...
Рақияның ізетіне риза боп, қуана келістік.
Бүгін де жауын. Күн күркіреп, төгіп-төгіп жібереді. Іле аспанның бір шеті жарқырап, ашыла қалып, көк, сары, қызыл түспен нұр таратып, кемпірқосақ тартылады. Жолдың екі жағындағы қалың шабындық толқындай жапыры-лып, малшынып жатыр. Үстін жапқан маржан тамшылар күнге шағылысып, күмістей жылтырайды. Көк жүзінде қарасұр бұлттар жылжиды. Сымпыл-даған аққулар. Жер беті көлкіген су, ақ торғын бу.
Екі көзім жауын шайып, жайнаған дүиеде, ал, көңілім әлі де алаң. «Балқа-дишаның Нағимасы... ол қандай жан екен? Балқадишаның суреті сол кісіде болса ғой, шіркін!» деймін үмітті ойға беріліп.
Біз тастары бейне бір қолмен текшелеп қалағандай, орманы сыңысыған таулы өңірге ене бердік.
– Анау етектегі өзеннің екі жағасындағы үлкен село-совхоз орталығы, ал, Сандықтау тауы осы жерден он екі шақырымдай... әні мұнартып тұр. Тұтасқан орман, – деді, Рахия, сәл жымиып, – е, айтым ба, айтпадым ба, На-ғиманың отағасысы Нұрқожа ата мінезі ауыр кісі, ал, бір шешілсе, ағылып ала жөнеледі. Тоқтату қиын.
Батбақты жолда әупірімдеп жүріп отырып, ауылдың кіре берісінде Нағи-маның үйіне кеп, тоқтадық.
Есік алдында Нұрқожа ақсақал Нағима екеуі «хош келдіңіздер» деп, жылы жүзбен қарсы алды. Сәлемдестік. Таныстық. Үйге кірдік. Жайлап әңгіме де басталды.
Нағима... бұл кісіге мен ойлана қараумен болдым. Зипа бойы жып-жина-қы. Сыпа. Талдырмаш. Сабырлы. Ұяң. Реңі аққұба. Маңдайдан тік түскен пісте мұрынының сол жақ ұшында қарақаттай меңі бар. Шарасы кең көзінің айналасын әжім сызығы торлай бастапты. Сұрағымызға қысқа ғана жауап беріп, әңгімеге еркіндеп ене алмай, үнсіз қала берді.
Сөзге отағасысы Нұрқожа ақсақал араласты: – Енеміз Балқадиша да са-бырлы еді. Бірақ, ол кісіде адамға шырай тарататын жылылық болатын-ды.
Өзі де, сөзі де көркем еді. Әр сөзінен ғибрат лебі есетін-ді. Мына Нағиманы сөйлету үшін көңіл кілтін табу керек. Ал, келбетін... әсіресе, отыз бес жас-тағы суретін «Балқадиша» дей беріңіз.
Нағима шалына қарап, мырс етті. Нұрқожа ақсақал да жымиып: – Дәл осы күлкісі... Балқадишаның күлкісі! Мені осы күлкімен арбап түсірді ғой, бұл Нағима, – деді, өз сөзіне өзі желпініп.
Нағиманың күлкісінен пәктігі, бір кездегі ерке-назды бал қылығы, ізеттілігі сезілді. Құралайдың көзіндей жаутаңдаған жанарынан көз тайды-ру мүмкін емес. Тазалық пен іңкәрлік сезім тұнған, тылсым көзқарас.
Төрде көп суреттер ілулі тұр. «Осының ішінде Балқадиша жоқ па, екен? – деймін, жалтақтай қарап.
Мұны сезген Жанатай: – Сіз Күлия апайдан неше жас кішісіз? – деді.
– Мүшел жас. Күлия апаймен арамызда Гүлсін деген қыз бар еді, қайтыс болды.
– Мына бір суретіңіз қай шамадағы кезіңіз? – деп, Жанатай көп суреттің ішін біреуін көрсетті.
– Отыз бестегі кезім.
Екі көзі жаудырап, ақ бетінде бір мін жоқ, қасы қияқтанып, туған айдай керіліп, өзіне еріксіз қаратады. Бір сүйкімді пәк бейне. Нұрқожа ақсақал ой-лана сөйледі: –Осы сурет... Балқадишаның толысып, келіншек болған кезіне қатты ұқсайды, дейді, үлкен кісілер. Білем, көрдім Балқадишаның суретін, біреулерде бар деп естиміз. Оған өзіміздің де қолымыз жетпей жүр.
Нағиманың бұрынғы жолдасы соғыстан аман келіп, кейін жүрек дерті-нен дүние салды. Жазмышқа не шара... Нағиманың талшыбықтай бұралған кезі. Сұрапыл соғыстан менің де аман-есен оралған сәтім, жар тауып, бас құрағым келеді. Ел ішінде асау тайдай бұлаңдаған жаудыр көздер көп-ақ. Бірақ, не құдірет биледі, білмеймін, Балқадишадай асыл ананың қызы боған соң ба, осы Нағимаға бар дейіммен құлай беріліп, байландым да қалдым. Сөйтіп, қосылдық біз. Үлкендер: «Жарайсың, Нұрқожа, Нағимадай жарың-ның қадірін біл. Бақытты болыңдар!» деп қуана қоштап, батасын берді.
Менің әкем Дәуіт Ақан сері мен Балқадиша бірге болған сол айтулы шіл-дехананы өз көзімен көріпті. Сондағы дуылдасқан сауыққой жастардың ішінде жүріпті. Әкемнің айтуынша, сол төңіректегі ауылдардың жігіт-желең, қыз-қырқыны дүрліге көтеріліп, «Ақан серіні көреміз» деп, жапа-тармағай шілдеханаға барыпты. Ал, ол ауылдың бір сері жігіті – Төкен! Төкенсіз той өтпеген. Ол ел думанының көркі. Балқадишаның немере ағасы, иә, Ыбырайдың кіші інісі. Балқадишаны Ақан серінің қасына отырғызатын осы Төкен әкеміздің қимас досының бірі болды.
Нұрқожа ақсақал осы әңгімеден кейін «ә, болды ғой бәрі... бәріне куә біздің көз» дегендей сәл іркіліп еді, бағаналы бері бұйығы отырған Нағи-ма көзі жаутаң-жаутаң етіп: – Анамыз Балқадиша, әкеміз Сүлеймен екеуі жарастықты ғұмыр кешті. «Балқадиша» әнін ел жыр ғып жатқанда екеуі ол әңгімелерді қызыға тыңдайтын-ды. Мен ерке боп өстім. Анамнан әр кез Ақан серіні сұрай беретін едім. Сонда анам: «Е, балам, Ақан серідей адам-ның сұлтанын кім сүймейді?!» деп күлімсірейтін-ді. Сол күлкісінде қанша жылылық, мейірім... құмарлық, ләззат нұры бар еді. «Балқадиша» әнін әдемі дауысымен сызылта айтқанда адамды өзгеше бір қиял дүниесіне енгізетін-ді. Сонда қасында ұйып тыңдап отырған әкеміз: «Тағы бір айтшы, тағы бір...» деп, кәдімгідей көтермелеп қоятын-ды, – деп, жеңіл ғана күрсінді.
Нағиманың жанарына жас үйірілді. Біз бар әңгімеге қанығып, жүруге ыңғайланғанда Нағима маған өзінің «Балқадишаға ұқсайды» деген екі су-ретін және төрде ілулі тұрған ағасы Төребайдың (Соғыста қайтыс болған. И.Ж.) суретін берді.
***
Тамыз айының орта кезінде Көкшетау, Петропавловск, Омбы төңірегін аралап, Алматыға оралдық.
Менің ендігі дітім – ҚазТАГта аудармашы боп қызмет ететін Кіріпхан Тә-шеновпен жүздесіп, Балқадишаның суретін алу. Кәріпхан сондай елгезек, кішіпейіл жан. Екуіміздің арамызда бір сұқпатты күндер басталды. Жасынан қария сөздерін зерек көңілмен ұғып өсіп, өз елі – Көкшетаудың сал-сері-лерінің өмірінен көкейіне көп сырды түйіпті. Мені сол зердесі баурай берді. Жұмысының беймаза екенін айтып: «Сәл сабыр ет, мына бір аудармашылық іс мойын бұрғызбайды. Үйде қағаз көп. Соның ішінен іздеп табуым керек, Балқадишаның суретін. Сәл шыда» деп, ұмсындырады. Дәмелендіреді.
Сөйтіп жүргенде қыркүйек айының соңғы күндері көп аңсатқан Балқа-диша бейнесін көрдім, ақыры. Балқадишаның суреті! Басында түбіт шәлі. Үстінде шапан. Алдында немересі. Егде тартқан келбетінің өзінде: «Бет біт-кеннің сұлуы!» дегізетін ерекше бір тартымдылық... сұлулық құдіреті бар.
Кәріпхан сарғыш тартқан суретке қарап тұрып: – 1939-жылы түсірілген сурет. Қазір бұл суретті алғаныма жиырма бес жылдың жүзі болыпты. Мұны маған Балқадишаның Жетібай деген ұлы хат арқылы жіберген-ді. Суретке қоса Балқадишаның өзі, отбасы жайлы ауыл кеңес кітапшасына жазылған ресми құжат та бар.
Балқадиша Қойайдар ауылына келін боп түскен. Кейін бұл ауыл Сәберлі, Кенжетай ауылдарымен қосылып «Кеңөткел» колхозы боп атанды. Сол кездерде «Кеңөткел», «Өндіріс», «Қойсалған», «Еңбек-бірлік» және Ленин атындағы колхоздар Ленин ауылдық кеңесіне қарады.
Балқадиша Ыбырайқызы Масабаева 1883-жылы туған. Жылы-сиыр. Балқадиша мен Сүлеймен тату-тәтті ғұмыр кешіп, біраз перзент сүйді.
Солардың ішінде есейіп, жетілгені – екі ұл, үш қыз. Қыздың үлкені – Күлия. Төребайы – 1911-жылы туған. Одан Жолдыбай, Жарқынбай деген екі ұл бар. Төребайдың әйелі – Дәметай Кеңөткелде тұрады. Гүлсіні 1915-жылы туып, Қошқарбай ауылының жігіті – Сұңғаттың Әбікеніне ұзатылды,1948-жылы отыз үш жасында қайтыс болды. Ал, осы қысқаша деректі берген Жетібай ұзақ жыл Сандықтау совхозында шофер болып істеді. Автомобиль апатынан қазаға ұшырады.
Балқадиша 1950-жылдың сәуір айының он жетінші жұлдызында дүние салды. Сүлеймен екеуінің зираты-Кеңөткелде.
Ыбырайдың үшінші қосылған әйелі – Алтын, менің әкем Тәшеннің туған апа-сы. Балқадиша біздің әулетке жиен. Шешем Балым бұл кісінің атын атамайтын, үнемі «жиен қыз» дейтін, – деп, Балқадишаның суретін маған ұсына берді.
***
Сұлулық періштесі дерлік Балқадишаның әулетімен осылайша қауы-шып, бұл бір ғажайып жанның суретін табуым – ән зерттеген мехнатты да ләззәтті өмірімнің бір сәулелі, шуақты сәті… «Балқадиша» әнінің бар тарихы осы!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇