Эсселер ✍️
Айбозым
Эссе-элегия
1964 жылдың жазы...
Қазақ радиосының концерттік студиясында қарт әнші Байғабыл Жылқы-баев ән жаздырып жатты. Бұл кісімен студияда репетиция кезінде таны-сып, өзі жайында шүйіркелесе сөйлесіп үлгірдім. Оның әр әні өмір, тағдыр хикаясы; жүректі арман-тілекке ұмсындырған құштар сезімді махаббат шәрбәті; ал, өзі ағыл-тегіл шабыт иесі, толғаулы үнінің шегі жоқтай адам-ның небір асыл сырларын қозғап, жан түкпіріне шымырлата терең бойлап, әрқилы қиялға шомдырып, жанға жайлы майда қоңыр қалпынан жазбай ағыла берді, ағыла берді. Бір кезде ол орнынан тұрып, дыбыс режиссеріне «сәл тұра тұр», дегендей оң қолын көтеріп, ишарат білдірді. Қалтасынан орамалын алып, тершіген жүзін сүртіп, біраз үнсіз отырды. Әлден соң:
– Ал, жазайық! Біржан салдың әні «Теміртас» – деді ол, ойланған күйі: «Ей, Біржан деп атым шықты алты алашқа,
Құдайым берсін ғұмыр Теміртасқа. Жасына алпыс бестің келгенімде,
Құдайым берді науқас ғаріп басқа...а-а-а,» – деп зар төкті.
Қазақтың қарапайым сөзінің қаншалықты жанға тиіп, қасірет шектіретінін алғаш рет сол сәтте сезінгендей үнім шықпай, қаттым да қалдым. Әннің жү-рек сыздатқан ұзына бойында бір сирек бітімді үлкен ғұмырдың хикаясы шертіліп, оның бірде сүйінішті, бірде күйінішті болған ауыр сәттері «аһ дү-ние!» дегізіп, сай-сүйекті сырқыратты. Күйзелісті дастан секілді шертілген ән төрт-бес минутта айтылып біткен соң зор денелі әрі сондай ықшамды, сергек жан Байғабыл студиядан шаршап, қалжырап, сүйретіліп шықты.
– Е, солай інішек, Біржан салдың «Теміртасы» осы. Ол жайында айта бер-се сөз көп. Оған көңіл хошы үйлескен жайбарақат уақыт та керек. Бірақ, бұл сапар оның реті келе қоймас. Асығыспын. Әзірше, «Теміртасты» кімнен үй-рендім? Осыны ғана айтсам болмай ма? Менің мекенім – Павлодар облысы, Май ауданы. Бір жағы Баянауланың бөктеріненмін. Мен өзім Ертісті өрлеп ән салған кешегі әнші Естайдың көзін көріп, қасында жүрдім. Әсеттің де, Май-раның да әндерін үйреніп, әрқилы әңгімелерін, өздеріне ғана аян, өзгелерге құпия лебіздерін тыңдадым. О, ол күндердің қызығы мен ләззатті сәттерін айта берсек ол жан тебірентер ғажайып әңгіме ғой. Бүгінде соның бәрі көрген түстей бұлдырап, мүлде алыстап барады. Баяғыда Арқадағы әнші атаулы жан-жақтан тоғысып, бірін-бірі естіп білмесе де таныса сала тосырқамай, жатсын-бай үйлесе кетіп, Қоянды жәрмеңкесінің ду-ду қызығында әрқайсысы сілкіне жұтынып, домбырасын бебеулете толғап, әуелетіп ән шырқайтын еді. Мен де болдым, сол Қояндыда. Е, ол думанның несін айтасыз, ақ Ертісті жағалап кеп, тұп-тұнық боп ағатын Есілді өрлеп, Біржан сал, Ақан сері, Үкілі Ыбырай, Балуан Шолақ, Естай, Майра, солардың тқңірегіндегі жас бөрідей дүрілдеген сал-серілер әнін айтып, өз әлімше мен де шайқақтап бақтым. Әсіресе, Біржан салдың «Теміртас» әні бір қол жетпес армандай көрінуші еді, онымен көбіне бағзы бір әншілерден анда-сонда бір естіп қалып, алыстан аңсап, өлердей құ-мартып, толық үйреніп алуға ынтықтым да жүрдім. Ал бір күндері ол тілегім оңынан келді, «Теміртасты» маған Естай мен Қосымжан берді. Бұл әнді үні ағыл-тегіл Қали да біледі екен, одан да талай рет тыңдадым. Ақыры «Темір-тасты» нық сеніммен үйрендім. Естай, Қосымжан, Қали, осы кереметтердің бәрі мені тыңдады. Бәр-бәрінің мақтау сөзін Қали Байжанов: «Қапы жоқ... қапы жоқ!» деген сөзбен сездіргендей болды. Ал, біздің елге анда-сонда кон-церттік сапармен келетін Манарбек пен Жүсіпбек талай рет тыңдап, «Темір-тасты» өзіңіз ғана осылайша айта беріңізші, – дейтін.
Сол жолғы әңгіме осымен тынды.
Арада бір жыл өткен соң Байғабыл Алматыға тағы да келіп, радиосту-дияда ән жаздырды. Бұл кезде Біржанның «Теміртасына» деген жұрттың ықыласы керемет еді. Музыка редакциясына бір күнде жүз хат келсе, соның жетпіс- сексені «Теміртас» әнін сұрайды. Осы жайды Байғабылға айтып едім, ол кісі қатты қуанып, жер-көкке сыймай тебіреніп:
– Біржан салдың бұл әнінен де ауыр бір әні бар, ол да соңғы әндерінің бірі, – деді.
Бұл жолы Майра жайында біз білмейтін қилы-қилы тағдырдан сөз қозға-ды. Майраның жар қызығын көре алмаған ауыр жағдайы тұңғиық сыр екен. Қайдағы бір орысқа да қосылған сәттері аянышты сезіммен жүректі талық-сытты.
Байғабыл асығыстау болды да әңгімеміз жалғаспады.
Ал, жаңағы бір сәтте айтып өткен Біржан салдың соңғы әндерінің бірі, ол қандай ән? Кейін бұл сауал санамнан бір сәтке де шыққан жоқ. Ойландым да жүрдім.
Арада уақыт өте берді...
1971 жылдың маусым айының бас кезінде қазақ радиосының фольклор-лық экспедициясының алғашқы сапарын Оңтүстік Қазақстан облысының Жетісайынан бастадық. Жетісайдың музыкалық театрында әнші артист Мұқтар Өтебаевты кездестіріп (ол бұрын Алматыда болатын), осы бір тұла бойы әнге тұнған, сері көңілді аяулы жаннан Ақан сері, Естай, Мәди әндерін жаздық. Бір кезде ол: «Менде бұрын естілмеген халық әндері бар еді, осы оңтүстік жағының әндері. Сосын Біржан салдың «Телқоңыр» деген әні бар, оның екі түрін білемін», – деді.
– «Телқоңыр?» – деп мен Мұхтарға таңғалғандай боп аңырып, қарап қалыппын, – Бұл ән ұмытылған, мүлде айтылмайтын ән еді, тек Біржан сал-дың әр кезде шыққан жинақтарынан көргенім бар.
– Иә, сол «Телқоңыр».
– Оны кімнен үйрендіңіз, Мұқа? – дедім.
– Байғабылдан...ана бір жылдары Павлодар жағында гострольдік сапар-мен жүріп жүздескем-ді, ол кісімен.
Мына сөзді естігенде іздеген жоғым, ең қымбаттым, асылым табылғандай толқып кеттім. Сөйтіп, сол жолы Мұхтар Өтебаевтың орындауында «Телқо-ңырдың» екі түрі пленкаға түсті.
«Телқоңыр» кезінде Біржан салдың таңдаулы әндерінің бірі еді. Бұл ән Көкше еліне белгілі ағалы-інілі қос берен Көлбай, Жанбайдың сұлу қарын-дасы-Ләйлімге ғашық боп жүрген кезінде шыққан деседі. Ел сөзінің дені осы. Негізінде, «Телқоңыр» әнінің тарихы былай: Біржан сал кейде Арық-балық, Айыртау одан былайырақ Сырымбет тқңірегінде әндетіп жүріп қа-лай болғанда да есебін тауып, Ләйлімнің аулына соғып жүреді екен. Сондай бір сапарында Ләйліммен және оның төңірегіндегі жайсаң жастармен бірге болып, бар дүниені ұмытқандай шалқиды бір. Ал, бір күні ауыл төңірегін-де жайылып жүрген Телқоңыры өзінің ауылына қашып кетеді. Біржан сал атының жоқтығын, жаяу қалғанын сылтауратып, Ләйлім қыздың қасында бола түскісі келіп, тағы біраз күн кідіріп бұл ауылдан шыға алмай қояды. Оған ел жастары мәз. Күнде жиын, күнде сауық. Біржан сал сондай бір ду-манды күндерде «Телқоңыр» әнін шығарады. Сонда ол:
Телқоңыр қайтып кетті елге таман, Ит-құстан болар ма екен есен-аман? Ит-құстан барса жақсы есен-аман,
Дау-жанжал, бүліншілік елім жаман, – деп баяғы Көкшетауда өткен сен-тябрь жәрмеңкесінде Қылдықарауыл елінің азулы болысы Азынабайдың поштабайы домбырасына жармасып, ән салдырмаған сол бір налалы сәт есі-нен шықпай, әрі сол оқиға өзіне ниеттес Жанбота мен әлгі шатаққа дес бер-ген Азынабайдың арасындағы араздыққа ұласып, Керей елі мен Қарауыл елі бір-бірімен өкпелесіп жүрген-ді. Біржан сал осы әніне сол келеңсіз жайды да тілге тиек етіп «Дау-жанжал, бүліншілік елім жаман» деп, қисындасты-рып жібереді.
«Телқонырдың» бірінші түрінде Біржан салдың өз әні «Жалғыз аршаның» көтеріңкі лебі сезіледі, әсіресе, қайырмасында. Ал, осы қайырма ырғағы биіктей түскен кезде ол ашынған жүректің ызасына толы «Жанбота» әніне соғып өткендей болады.
Ал, келе-келе «Жанботадағы» ашу салқындағандай боп, ол жүрек сыздат-қан «Адасқақ» әніне ұласады ғой. «Адасқақтың» еріксіз қабақ шыттыратын әсері «Телқоңырдың» екінші түрінің қайырмасында байқалып қалып оты-рады.
«Телқоңыр» әнінің бұл екі түрі сол 1971 жылдың тамыз айында актер, әнші Мұқтар Өтебаевтың орындауында алғаш рет радиодан берілді.
Осы кезде «Теміртас» әні ел жүрегін тебіренте толқытып жатқан-ды. Сол бір күндерде Байғабылдың орындауындағы әндердің пленкасын мен сы-ралғы досым Өмірзақ Айтбаевқа берген едім. Өмірзақ сол әндердің ішінде «Теміртасқа» ерекше мән берді. Алматыда келісті отырыстар мен келелі жиындарда «Теміртасты» ойлы жүрекпен тыңдатты да жүрді.
Бір тамылжыған сары күз еді, Алматыға қырғыздың белгілі режиссері Бо-лат Шәмшиев келді. Ол «Ыстықкөлдің алқызыл гүлдері» атты жаңа филімін түсірудің қамында жүр екен. Әлмеғайып кездесе қалдық. Пікірлесіп отыр-ған бір сәтте Өмірзақ домбырамен «Теміртас» әнін орындады. Оны ұйып тыңдаған Болат Шәмшиев бұл әнге таң-тамаша боп қатты толғанды. Кейін Москвада бүкілодақтық кинометография комитетінің студиясында Өмір-зақтың орындауында осы әнді магнитопленкаға жазып, өзі түсірген «Ыс-тықкөлдің алқызыл гүлдері» филіміне арқау етті. Бұл Біржан сал әнінің әлем көгіне шығуы деген сөз!
1978 жылғы наурыз айының екінші жартысында Қарағанды облысының Егіндібұлақ (бұрынғы Қу ауданы) ауданын араладым. Елдің арғы-бергі тарихынан деректер жинадым. Атақты Қоянды жәрмеңкесі 1848 жылы осы жерде ашылған екен. Мұнда жыр жүйріктері Шөже, Жанақ, Орынбай, Бір-жан сал, Ақан сері, Балуан Шолақ, Үкілі Ыбырай, Естай, Ғазиз, Әсет, Жа-рылғапберді, Айтбай және оның ұлы Ғаббас, Мәди, Майра ән шырқап, жыр толғады; Тәттімбет, Тоқа сияқты шертпе күйдің пірлері, бұларға қоса бір өзі сары дала боп аңыраған қобыз күйін сорғалатқан Ықылас, осы керемет-тердің бәрі-бәрі Қояндының жәрмеңкесінің төңірегін ду-ду думанға бөлеп жатты. Біржан салдың жер мен көктің арасында қалқыған асқақ үні бүкіл қа-заққа осы жерден де тарады. Қояндыда Біржан сал өмірінің небір қызықты сәттері ел ішінде осы күнге дейін жыр болып, сыр болып айтылып жүргені-не көзім жетті. Тіпті, сонау Алтай, Тарбағатай жағынан жәрмеңкеге келген сол елдің сергек сезімді айтулы әншілері де Біржан салды осы жәрмеңкеде көріп, сүйсіне тыңдап, әндерін өз аузынан үйреніп, елдеріне ала кетіпті.
*** Айбозым…
Біржан салдың соңғы әндерінің бірі еді, ол.
Адам баласын дәйім үміт жетелейді, ал, ол бірден өшкен бе, сірә? Біржан сал бас ауру дертіне шалдығып, кейде есінен танып, үйден бір қадам шығуы мұң болып, қанша жадап-жүдеп жасыса да, ауық-ауық сілкіне көтеріліп, кәдімгідей айығыңқырап жүрген. Оның сол жүрісін «Айбозым» әнінен бай-қайсыз.
«Айбозым» әні ә дегеннен алысқа қанат қаққысы келіп, бір қызу қуатпен іштей бұлқына ыңыранып, бірте-бірте ширыға түсіп, құлашын жая көтері-леді. Ән Біржан салдың әлі де болса қауқары барын, жүрегінен әлі де жа-лындай ыстық леп шығатынын анық сездіреді. Шырқап қалған паң көкірек әлі де болса кең тыныс алып, кеңістікке құлаш ұрып, шарықтауға бар. Бірақ, әттең, уақытты ұрлап, өз әуені, өз әуресімен жылжып жатқан мезгіл, аяққа шырмалған шырмауық секілді еркіндікке жібере қоймайтын бір тынымы жоқ тіршілік тауқыметі, және қапияда жабысқан мына дерті өз дегенін іс-тейді екен. Әр нәрсенің белгілі бір өлшеулі мерзімі болса, ол әрине – өмір... Біржан сал соны алдын-ала болжай ала ма, тегі? Біржан сал үшін көп өмір сағымдай бұлдырап, қарауытқаннан қарауытып, тым алыста қалған. Біржан сал өзін емін-еркін шалқытқан сол сүйінішті күндерін ойлап, іштей тынып сағынады. «Айбозым» әні – сол өткен күннің бар жақсылығын ұмыта алма-ған ізгі жүректің жан тебіренісі, сарғайған, сабылтқан сағынышы! Бойы-нан дәрмені кетіп бара жатса да соны ұмсына аңсап зарыққаны. Бар көрген қызығын алақанына салып дүние сырын кең шолатын ғұлама абыздарша толғанады.
Біржан салдың осы әнін біраз жыл бұрын естігелі бері мен дәйім осы-лайша ой құрсауында, толғаныс сәтінде жүрдім…о, ол қай жылы еді...қай жылы?
Есімде екен, бір жолы радиоға бір иман жүзді, ізеті мол, байсалды кісі келді. Мен де ибалы мінезбен жылы қарсы алдым. Ол кісі портфелінен алып, маған бір магнитопленканы көрсетті.
– Шырағым, менің аты-жөнім – Әбілғазы Боқанов, – деп өзін сыпайы ғана таныстырды, – осы пленкадағы әнді тыңдап көрші.
Пленканы магнитофонға салып тыңдай бастадым. Ән өте нашар жазы-лыпты. Әнші де қарт кісі екен, үні қырылдап, кей сөзі анық ұғылмай, иірімі, тіпті, жұтылып қап, үзік-үзік боп сырылдап естілді.
Әбілғазы бұған әбіржіп, қатты қысылды, не дерін білмей, өкіне бас шай-қап, ыңғайсыздана қозғалақтады.
– Біржан салдың «Айбозым» деген белгісіз әні – осы, шырағым. Әбілғазының қара торы жүзі дуылдап, кірпігіне жас үйірілді. Пленканың
мына жарамсыз сиқын көріп, өзін кінәлі жандай сезініп, іштей қусырыла түсті.
– Осы әннің соңында Ақан серінің жұрт білмейтін «Қара жорға» дейтін әні де бар, – деді Әбілғазы, – Оны да осы әнді орындаған Шаймұхан ақ-сақал жаздырды. Бұл өзі жаны сырлы, көкірегі ояу, нәзік сезімді есті жан. Еңбекшілер ауданындағы «Казгородок» деген селода тұрады. Кешегі бір күндері екінші Ұлы Отан соғысына қатысып, басынан жарақат алған, бүгін-де ол өз ауылында орманшы. Мен өзім осы Алматыда тұрамын. Пенсияда-мын. Жақында Көкшетауға барып, елдегі сыйлас, қадірлес жандармен жүз-десіп, Шаймұхан ақсақалдың әндерін тыңдап, сол сапарда облыстық радио жігіттерінің көмегімен осы әндерді жазып алып едім. Біржан салдың, Ақан серінің аруағы разы болсын, деген тілегім еді, шырағым, осы бір аманат қалай орындалады, енді?
Пленка сапасыз жазылса да оны қайта-қайта ойнатып, тыңдай бердік, тыңдай бердік. Ән бірте-бірте зердеме мықтап тұрып орныққандай, дүдәмал ойым сейілгендей боп, бұл құбылысты байқаған Әбілғазының жүзі де жы-лып, «Айбозымның» бар болмысы ап-анық көрінді. Тек...тек қана қайырма-сы жоқ. Бұл қалай? Толғанысты ауыр әуез аһ ұрғыза уһілететін қайырманы тілеп-ақ тұр. Осыған аң-таң болдым.
Иә, тап сол сәтте көкіректе «Айбозым» әні жатталып, сайрап жатты. Көз алдымда осы әнді кең тыныс ала, күрсіне толғаған Қайрат Байбосынов тұрды. Бұл әнге мақпалдай жұмсақ, қою үнді, әрі мейлінше қуатты, өткір дауыс керек екен. Тенор дауысқа мүлде жат ән. Оған тек Қайрат сияқты мол қарымды әнші ғана келеді. Әбілғазы менің осы ойымды сезгендей зор дауысты әншілерді сөз етті. Әсіресе, Қали Байжанов, Мұрат Толыбаевтар-ға қайран қалды. Мен Қайратты алға тарттым. Әбілғазы ол жөнінде менің пікірімді қуана қуаттады да, сол пленканы маған аманат етіп тапсырды.
Әуелі «Айбозымды» өзім үйрендім. Кейін ол пленканы Қайратқа тыңдат-тым. Ол менің алдымда өзіне ұнамайтын, әлбетте, дауысына келмейтін ән-дерді алмайтын-ды. Менің қабағымнан қаймығатын да еді. Соның арқасында ол ылғи өрелі, өте күрделі, қиын дейтін нағыз классикалық әндердің бағын жандырды. Сол Қайрат... «Айбозым» әні Қайратты қатты тебірентті. Ол әнге бар ықыласын салды, үйрене бастады, тез меңгерді.Оның бұл қасиеті кез-келген әншіде болса қані. Жаңа жоғарыда айтып өттім, әнде қайырма жоқ еді, осы жеріне Қайрат көп дағдарды. «Бұл қалай? Қайырмасы неге жоқ, әлде ол пленкаға жазғанда жазатайым үзіліп қалған ба?» деп түкке түсіне алмай біраз жүрдік. Ақыры «Айбозым» әнін зерттей түсейік, Көкшетауға барып, Шаймұхан ақсақалды тауып, әннің мән-жайын білейік, деп түйдік.
Арада екі-үш жыл өтті…
«Бұл ән қашан шыққан? Біржан сал қандай халде еді, өмірінің сол бір күндерінде?» Осы сауалдар ақыры мені 1981 жылдың желтоқсан айының оныншы жұлдызында Көкше жеріне, «аққу әні» дерлік сұлу әндер қанат қаққан сал-серілер еліне алып келді. Біржан салдың 150 жылдық (мен ол кезде қазақ радиосы музыка редакциясының бас редакторымын. Орталық комитетте Біржан салдың мерейлі тойын жан-жақты әзірлікпен өткізу үшін мәдениет министрлігі мен радио және теледидар комитетіне арнайы тапсырмалар берілген. Сол мақсатпен біздің басшылар мені Біржан салды зерттеу үшін Көкшетауға жіберді. И.Ж.) тойына орай зерттеу жүргізуім керек.
Көкшетау жерінде көк орманы сыңсыған Зерендіні айналып, Имантау, Айыртау, мына жағы Шортанды көлін жағалап, Бурабайдың ішін кезіп, одан әрі Сырымбет саласына астық. Сырымбеттің жұлдызы самсаған аязды түнінде осы маңға Біржан салдың жиі келіп жүріп, Шыңғыс төренің үйінде шырқаған сәті, Шоқан екеуінің жұлдызы жарасып, сырласып дос-көңілдес болғаны, жиын-тойларда өзінен жасы үлкен ақын-әншілермен шарпысқан кездері – бәр-бәрі ұзақ әңгіме боп шертілді.
Сол әңгіменің бірі «Айбозым» әнінің шыққан тұсына дәл келеді.
Бұл Біржан салдың өзгелер түгіл өзі түсінбей мең-зең боп, ауық-ауық есі-нен танып, күн өткен сайын реңі сары жұрттай солғын тартып, торыққан кезі еді. Дертіне дауа таппай айласы құрыған Нұржан, Ержан дейтін екі аға-сы діншіл дүмшелердің сөзіне иланғандай боп, Біржан салды ауылдан шы-ғармай, қайдағы бір бақсы-балгерлерді, молдаларды алып келіп әлекке тү-седі. Ол дүмшелер «Біржанға бірдеменің шалығы тиген» деп даурығысып, оның үйіне келетін кісілерге, араласқан дос-жаран, сал- серілерге тыйым салады. Біржан сал бұл қорлыққа көне қоймайды. Ал, оның сырын жақсы білетін жан-жары Әпіш: «Ештеменің шалығы тиген жоқ, бос сөз. Тек басы ауырады», деп безек қағып қорғаштай берген.
Рас, Біржан сал жасы алпыс беске иек артқанда әрнені ұмыта берген. Осы халін «Теміртас» әнінде: «Толғанда алпыс беске келді қонақ» деп дертке шалдыққанын айтады ғой. Алғаш рет ол Тайынша жәрмеңкесінде болып, одан қалың Қарауыл ішінде сайран сап, біраздан кейін елге қайтқан кезінде өзінің қайда барып, қайдан келгенін, кімді көріп, қандай ән айтқанын мүлде есіне түсіре алмай аңырған. Тек әйелі Әпішке ғана шағынғандай боп:
– Осы менің басым...басым... Жатайыншы, ұйықтайыншы. Менің үстіме ешкімді кіргізбеші, – деп тұнжырай мүлгіп, көп күн төсек тартып жатып қалған.
Есін жиды-ау деген бір күні Әпіш оған домбырасын береді. Сонда Біржан сал өзінің домбырасын сипалап көріп:
– Бұл кімнің домбырасы? – деп басын шайқайды, аң-таң боп.
Мұны ағалары Нұржан, Ержан, Айшуақтың немересі Әлжан, Байшуақтың немересі Айғожа, оның баласы Тоқтар көреді. Сабырлы, бірақ, мінезі қат-ты Нұржан Әлжанға ымдап «Домбыра тартшы» дейді. Әлжан сал-серілер тобына қосылған алғыр да бетті жігіт еді. Ол ағасын аяп, жылап жібере жаз-дайды. Нұржанның суық, сұсты қабағынан қаймығып, өзін-өзі зорға тежеп, Біржан салдың «Жалғыз аршасын» айтады. Ал, Біржан сал болса бұл әнді сүлесоқ халде, көзінің нұры қашып, мәңгіріп отырып тыңдайды. Содан соң ешкімге тіл қатпастан тысқа шығып, Жөкей көлін жағалап, іңір көлеңкесі секілді аяғын ілбіп басып, өзімен-өзі болып кете барады.
Әлжан мен Тоқтар сырттай бақылап жүреді. Бірақ, жақындауға, қасына баруға қаймығады.
Бұл – Біржан сал ауылының Жөкей көлінде күзекте отырған кезі. Улы-көл, Сынтас, Жарты Омар, Қырыққұдық, Мамай көлінен қайтқан ел әдет-тегідей боқырауда Жөкейді көмкере қонып, бірін – бірі шақырысып, той жасап, ат жарыстырып, көкпар тартып, мәре-сәре боп дуылдасып жатқан шақ. Ал, Біржан сал осы ауылдың бірін де танымайды…емші молдалар оны байлап-матап ұстайды.
Кейде басы ауырмай, көңілі хош боп, балалары Ақық, Асыл, Теміртас-тарды ойнатып отырғанда Әпішке:
– Осы мен жындымын ба, әлде ел жынды ма? Ана екі қайнағаңа не бол-ған? Мені ауылға қамай бергенше мына Қотыркөлдегі фелшірге көрсетпей ме, түге? Мұнысы несі? Әпіш, сен соларды ақылға көндірші, – деп қиылады. Сонда Әпіш оның жан күйзелісін түсініп, етерге айласы болмай, іштей
егіліп отырса да, сонысын сездірмеуге тырысып:
– Біржан, сен әлі-ақ жазылып кетесің. Сол Қотыркөлдегі фелшір өзіңе айтып еді ғой, басыңа суық тиген. Соның зардабы... батпандап кірген дерт мысқалдап шығады. Бүгін сондай шырайың кіріп, тамаша боп отырсың. Сен маған бір ән салып берші, – дейді зорға... зорға күлімсіреп.
Көптен бері қолына домбыра ұстамаған Біржан сал сап-сау қалпындағы-дай әлденеге өкіне бас изеп: «Қайран, жан серігім!..» деп емірене тебіреніп бір-екі шертіп қоя салады.
Сонан соң күңірене күбірлеп: Жөкейдің ат суардым тұнығына, Ажалдың кім көнбейді құрығына? Кешегі ел қыдырған есер кезде,
Қызыл су жұқпаушы еді жұлығыма, – дейді, нұры қашқан жанары шексіздікке қадалғандай боп.
Әпіш оған үн шығармай, үрейлене, ұрлана қарайды. Қараған сайын кү-йеуінің реңі қуарып, көзі шүңірейіп, дәрмені кетіп, діңкелеп отырғандай көрініп, жүрегі су ете түседі.
Біржан сал киіз үйдің есігінен сарғайған далаға мұңая сүзіліп, тағы да жүректі діріл қақтырып, зәрені алған өлеңді құдды бір әлденеге асыққан тағатсыз жандай түйдек-түйдек етіп айтып тастайды да, үнсіз түйіліп, теріс қарап, меңірейіп жатып қалады.
Күннен-күнге Біржан салдың науқасы осылай асқына берген соң Нұржан ағайындарымен ақылдасады. Көзі ашық біреулері «Омбыға, орыс дәрігер-леріне апару керек» дейді. Бірақ, оны ешкім қостамайды. «Шалықтаған ауруды дәрігерлер жаза алмайды. Анау Ақан сері де ылғи өзен жағалап, тау-тауды кезіп, перінің қыздарымен кездесіп, далаға түнейтін көрінеді. Онда да бірдеңенің шалығы бар» десіп, дәйексіз, парықсыз сөйлейтін жан-дар өзді-өзі гу-гу боп, Нұржанның басын қатырады. Ақыры әрнені байып-пен, сабырмен өлшеп-пішетін, сөйтіп тоқтамды сөзге, тиянақты келісімге үйлестіре қоятын бипаз жан Ержан тұрып әркімнің әлгіндей ойын іштей қисындастырып, «сенікі дұрыс емес, сенікі жөн» деп уәж айтпай бәр-бәрін: «Біржанды жеке үйге шығарып күтуіміз керек» деген бәтуаға келтірді. Бәрі Ержанның дітіне келіседі. Әсіресе, Зеренді жақтан алып келген қутыңдаған бір молда мұны қуана құптайды. Сонымен, жеке үй тігіліп, Біржан салды сол үйге шығарады. Нұржан болса бұл ауылдың тұтқасы, ат үстінде жүрген старшина, өнебойы Көкшетау, Ақмола, Омбы жағын шарлайды да жүреді. Әлгі келісімді жөн көрді де ауылдағы тірлікті Ержанға, тағы басқа інілері-не тапсырып, шаруа ығытымен Омбыға кетті. Ал, ауылда Біржан сал үшін өмір болып көрмеген бір сұмдық – дүмше молданың азабы басталады. Алты қанат үйдің ортасын белуардан қазып, ылғалы шылқылдаған сазға жалағаш денесімен шалқасынан жатқызып, үстін бір қанат керегемен жауып, оның жан-жағын ауыр тастармен бастырып, молды оны осы күйде үшкіріп, беті-не анда-сонда тұзды суды бүркіп: «Кет бәлекет! Кет бәлекет!» деп тағы бір түсініксіз бірдемелерді міңгірлеп, қолындағы ағаш тостағанды есік жаққа лақтыра салады. Тағы бірде әлгі тостағанға тағы да тұзды су құйып, әлгі әуресін қайта бастайды. Көзін жұмып, қолы байлаулы жатқан Біржан сал тісін шықыр-шықыр қайрап: «Кет! Жоғал сұмырай! Шеш қолымды!» деп бұлқынады. Амал не, босануға дәрмен жоқ. Көрдей сап-салқын сызды жас-танып үнсіз қалады. Жеке тігілген осы үйге тамақты, сусынды Әпіштің өзі ғана әкеліп беріп отырады. Балаларын жолатпайды.
Бір күндері бұл қорлыққа көнгісі келмеген Біржан сал тордағы арыстан-дай ақырып, тулаған толқындай ширыға жұлқынып, осы сұрапыл күш қалай келгені белгісіз, кеудесін көтеріп кеп қалғанда, бетін жапқан керегені иығы-мен сүйрете тұрып, үйдің есігін тепкілеп, быт-шытын шығарады. Қолын бу-ған шылбырды тісімен тістелеп, бұрқырата үзіп, қасында не істерін білмей қалбақтаған молданы қылғындырып, өлтіріп қоя жаздайды. Бірақ, көптің аты көп, бейберекет шуласқан біреулер кеп, бәрі жабылып зорға дегенде басып, Біржан салдың қолына тағы да бұғау түседі…
Біржан сал солай жатқан бойы тұла денесі қалтырап: А, дүние, өтеріңді біліп едім,
Білдірмей серілікпен жүріп едім. Бұл күнде арық қойдан бағам кейін,
Үш жүзді сайран қылған Біржан едім, – деп өксікті үнмен үнсіз мүлгіп, іреңі ел көшкен сары жұрттай сарғайып, шаршаулы халде жата береді, бар дәрменнен айырылып.
Бұл үнсіздік көп күнге созылады. Әкесі жатқан үйді айналақтап Асыл, Ақық, Теміртастар жүреді мұңайып. Жұрттың балалары сияқты емін-еркін алаңсыз ойнау жоқ. Үй ішінде тырс еткен дыбыс білінсе, жандары қалмай есіктен, іргеден сығалайды. Молдадан зәрелері қалмай қорқады, оны жек көреді.
Молданың ойына не түсті, оны құдай білсін, ол Ержанмен бір сөйлесіп отырып: «Науқастың беті қайтты, інің үйіне шықсын, менің де өз ит-тірлігім бар. Осындағы бір саудагерлердіңде алашағым бар еді, сол неме сынаптай сырғап, сырғақтап ұстатпай жүр, соны тауып алайын» деді де, өз жөнімен кете барады.
Біржан сал үйіне шыққан соң өңі кіріп, кәдімгідей есін жиды. Әпіштің шәйін емірене ішіп, бала-шағасымен шүйіркелесіп, келім-кетті кісілермен көңілді сөйлесіп, бұған ауыл жұрты қуанысып, мәз-мәйрам болады.
Ауыл іші осылайша жамырасып жатқанда Баянаула жағынан Жаяу Мұса, Сырымбет, Қоскөл саласынан Ақан сері тобы келеді. Тәңір тілегін берген-дей Біржан сал сол күндері баяғы сап-сау қалпындағыдай жадыраған көңіл-мен қуана қарсы алады.
Сау етіп сал-серілер келген соң, о бастан әнші ауыл бар тірлікті қойып, түгел жиналады. Біржан сал үйінің баяғы дүбірлеген базарлы шағы қай-та оралады. Ду-ду сөз, әзіл-күлкі жарасып, Әпіштің де пешенесі жазылып, Біржан сал да құлан таза жазылғандай серпіліп, өзінің сергек күйіне түседі. Балаларын еркелетіп, тіпті өрісте жүрген жылқыларына дейін барып, келген қонақтарын тау-тоғайдың ішіне апарып, көл жағалатып, серуен салады, үй шаруасына да араласады. Кұдайдың құтты күні дуылдаған сауық-сайран, келісті отырыстарда біресе Жаяу Мұса, біресе Ақан сері, оларды қоштаған жас әншілер кезек-кезек ән шырқап, Біржан сал бәр-бәріне сүйсініп, қол-паштай сөйлеп, еркелете көтеріп, емірене тыңдайды.
Бірнеше күннен соң бұл сауық та басылып, Ақан серілер елдеріне қай-тады. Біржан салдың қасында тек қана Жаяу Мұса ғана қалады. Ол Біржан сал ауылында бұдан бұрын да талай рет болған-ды. Бұл сапарда ол тағы да Шорман әулетінің қуғын-сүргінінен бой тасалап, Көкше жақты сағалап, Біржан салға кеп ат басын тіреген. Енді, міне, екі әнші өзімен-өзі жеке оты-рып, сөздері жарасып, көкейдегі мұңдарын шағысып, тұрмыс-тіршіліктің тауқыметін де ойлап, тағдыр тәлкеліне душар ететін әрнеден түңіліп, не замананы, не адамдарды жазғырарын білмей көңілсіз ғана бас шайқасады. Екеуін де өмір қыспағы қинайды. Қарап отырса сүйініші де, күйініші де қатар жүретін көп беймаза күндер бұлдырап артта қалған. Сағымдай бұлды-рап көп дәурен өткен. Соның бәрін сөз етіскен Жаяу Мұса Біржан салдың қасында болады.
Біржан салдың жақсы көретін Әлжан, Тоқтар деген екі әнші інілері, ауыл-дағы басқа да жастардың басын қосып, думанды жиынды қайта жалғасты-рады. Оған таңданатын ештеңе жоқ, дәйім әндетіп жататын ауыл бұл. Сон-дай бір отырыста Біржан сал тебірене сөйлейді:
– Ә, Жаяу, сенің Мұса деген есіміңе осы сөз жамалды да кетті. Оған етің де үйреніпті әбден. Басыңнан кешкен қоқайдың бәрі Шорман әулеті «Жаяу» деп атағаннан бері басталған бір шырғалаң ғой.
Біржан сал ащы мысқылмен осылай дей бергенде Тоқтар мен Әлжан бір-біріне қарасып ымдасты да, әлденеге әштей келіскендей болады.Әлгі сөзден кейін Біржан сал мен Жаяу Мұса ойлана түйіліп қалғанда Тоқтар домбыра-сын ыңыранта шертіп:
Болдыңдар ел менен бай, жер қожасы, Төгілер тасығанның мейманасы. Түсімде талқан болып, қара кидің,
Жібермес зәбір көрген көздің жасы, – деп өткір үнмен тістене әндетеді. Әннің екінші шумағына ойысар сәтте Жаяу Мұса ойлы жүзін төмен сал-
ған күйі оң қолын көтеріп, «Тоқта» дегендей ишарат білдіріп, басыңқы үн-мен жайлап сөз бастады: – Жә, Тоқтар інім, осы да жетеді. Бір кезде осылай дедім, Шорман әулетіне. Ақылға тоқтамаған ағайын бір-біріне осылай дейді екен. Айтылған сөз – атылған оқ, осы кикілжіңмен өмір өткен сайын кей сөзім артықтау кетті ме, өзімді өзім жазғырып, өз жанымды өзім жегендей боламын. Шорман әулеті мен Байжан әулеті әуелде қаймағы бұзылмаған, бір-бірін силасқан ағайын еді. Ал, бір күндері боқ дүниенің әуресі, не қол-дағы биліктің буы, арамызға қандай сайтан жүгіріп өтті, кім білсін оны, дү-ние қандай кең болса да біз жүрген жер тар бопты. Соған итше ырылдасып таласқан жағдайымыз бар. Тіршілік етіп жатқан ата қонысымыздан айыры-ламыз деген ой кімнің қаперіне келген? Біздің дау, мен көрген қуғын-сүргін содан басталды. Жаным күйіп айдауда жүргенде қайғы-қасіреттен жан-жа-рым Сапар дүниеден өтті. Гауһарым мен Салығымды жетектеп, сағым сы-нып, барар жер, басар тау қалмай сандалғанда айтып ем әлгі әнді. Пендемін, кейде өзіме-өзім кеп бастан кешкен кейістікті ақылға салғанда ашу пышақ екеніне көзім жеткендей боп жаңағы «Шорманов» деген әнімнен өзім бас тартқандай болам. Неге? Мына кең дүниеге симаған Шормановтар да, мен де өтемін дүниеден. Бұл жазмыштың анық ісі, ал, біздің кейінгі ұрпақ кек-тескен күйі кете бере ме? Өштікті ұмыттырмайды әлгі ән. Бір-бірімізге бес күндік қонақ боп өмір сүргенде келер төлімізге қалдыратын сол өш-пенділік қана ма? Біржеке, менің жүрегімді ұйытатын бір шер күйігі осы. Осы ойымды қалай деп түсінсеңіз де «Ақсиса», «Хаулау» әндерімдегі ешкім басу айтпаған ашу-ызам Шормановтар әулиетімен арадағы шатақты шие-леністіре түсті. Соның удай ащы уыты «Шорманов» әніне бітіспейтін кектің зар-запыраны боп құйылғанына өкіне бас шайқап: «Ағайын арасы ащы боп кетті-ау. Ымыраға келтіретін тірі пенде де болмаған ба, құдай-ау?» деймін өзімнен өзім құлазып. Бәлкім, Шормановтар әулетінің естісі Мұса мырза да мен сияқты: «Ұлтарақтай жер үшін арадағы осы дау зәу-затымызға нағылет сөзін айттыратын жаман мысал боп қала ма тегі? Әттегене...» дейтін шығар. Пенде ғой олар да. Осылай ойлаймын, Біржеке, бұл менің солқылдақтығым емес, алған бетімнен қайтқан жаяудың дәрменсіз сөзі емес, бәр-бәрін ақыл-ға салған, тоқтамға келген өкінішті жанның жүрегін шаршатқан уһілі деп біл. Ал, Тоқтар, саған да айтам Әлжан, осы әнді көп айта бермеңдер.
Жаяу Мұсаның осы сөзінен кейін Біржан сал да демін ішке тартып, жеңіл күрсінді: – Менің «Жанбота», «Адасқақ» әндерім Керей мен Қарауылдың арасына жайсыз тиді. Ә, Жаяу, Мұса мырза қандай ел тұтқасы болса, мен шағынған Жанбота да сондай сабаз, тілім тиген Азынабай да жалпақ елге қадірлі. Менің налам да өзің айтқандай Керей мен Қарауылдың кейінгі ұр-пағының бір-біріне тісін қайрайтын өштесу боп кете ме, құдай-ау, деп өз-өзімнен таусылып, тұнжырайтыным бар.
Біржан сал осылай деді де әңгіме-дүкеннің ауырлап бара жатқанын сезіп, Тоқтар мен Әлжанға ым қақты. Сөйтті де елең еткен екеуіне күлімсірей қа-рап отырып, Әлжанның қолындағы домбыраны ұстай алады. Сөзі көмейіне тығылып, бұрын әу деп ашық дауыспен айтпаған «Теміртас» әнін бастай-ды. Осы әннен кейін ол бір зар қосбасарға түсіп кеткендей, әлденені ұмыт-қандай боп, біраз іштей түйіліп: – Бір жолы, шілде айы, өстіп бір айыққан кезім. Айшуақ атамыздың асыл жануарлары ғой, соның бірі айдай сылаң-даған Айбозымға мініп, көңіл шіркін желдете сүйреп Қарой, Жайылмада-ғы Керей ағайындарғы қарай тартты. Неше күн сайран салдым, есімде жоқ. Бір күндері мауқымды басып елге қайттым. Айдалада аңырата шаптым. Ол күш маған қайдан бітті, оны да білмеймін. Қайран Айбозымды ақ сабын ғып терлетіп, қатты қинадым, жынды адамдай екілене қамшылап. Ауыздығы-мен алысып, арындап шапқан Айбозым бір кезде, қара жер төңкеріліп кетті ме, құдай-ау, омақаса кеп құлады. Одан кейін не болды? Екі көзі адамның көзіндей жаудырап, тұяқ серппей жатқан жануарыма жыламсырай қарап, жүрегім тілім-тілім боп:
Айбозым, айқай бозым, даңғыл бозым,
Ел шалғай, жүре алмадым, жалғыз өзім, – дедім, тер жуған басын құ-шақтап.
Біржан сал осылай дей беріп, кілт бөгеледі. Домбыра шертісі жүрмей қоя-ды, бірақ, ұмсындырған әуен заматта ұмытылғандай боп құсын алдырған аңшы секілді аңыра дағдарып, оны тыңдап отырған Жаяу Мұса, Тоқтар мен Әлжан, Әпіш бәр-бәрі үнсіз тынады. Біраз іштей булыққан Біржан сал көз алды бұлдырап тағы да әуелгі шертісін тапқандай:
Сүйікті, сүйіскенді сағынғаннан,
Талады қарай-қарай екі көзім, – деп Жөкейдің салқын лепті даласына телміре көз тігіп, көкірегінде аһ ұрғызған күрсініс бар, дүние түнеріп, қара аспан сазарып, төңіректегі тірлік үні өшкендей, жападан жалғыз өзі меңі-рейіп қалған бір мүсәпір кейіпте:
Өзіңнің теңдес құрбың болмаған соң,
Өтеді енді кімге айтқан сөзің? – дейді де, домбырасы сылқ етіп, қолынан түсіп кетеді.
Бұдан кейін ләм-мим сөз болмайды. Бұрын-соңды айтылмаған мына бір ән бәр-бәрінің көз алдына өткен өмірдің елесін әкелді.
***
Арада екі-үш күн өткенде Нұржан Жаяу Мұса мен Біржан салды үйіне шақырып, қонақ етеді. Осы отырыстың үстінде Біржан сал шамырқана тол-қып, көгілдір таулары мүлгіген иен дала күңіреніп, Жөкей көлі шайқалып кеткендей жанын жегідей жеген бар наласын әлгі «Айбозым» деп атай бас-таған әнімен айтып, тәңірге, адамдарға жалбарынғандай зар төгеді.
Сол күннің ертеңінде Нұржан ана жолы өзі Омбыға кеткенде Біржан салды байлап-матап, елде жоқ осы ем-доммен қинаған молданы таптырып алып, ешкімге араша бермей, ошақ басындағы бұрқыраған күлге аунатып, өлімші ғып сабап, ауылдан бездіреді. Біржан салға жеке тіктірген әлгі үйді жұрт көзінше өртеп жібереді. Ауылды Қожағұл бұлағының басына қонды-рады. (Осы сұмдық оқиғаны өз көзімен көрген Біржан салдың немере қа-рындасы жүз төртке келіп қайтыс болған Әміре есімді әже өле-өлгенше айтып жүрген. Мен Қөкше жерінде болғанда ол кісі тірі еді. Біржан сал үйінің Әпіш ұстаған ағаш табағын осы кісінің қолынан алдық. Ол табақ біздің үйде тұр. И.Ж.)
Бірте-бірте Біржан салдың қабағы ашылып, сергіп, сауығып, ел аралап жүруге жарай бастайды. Жарамды атқа мініп, Жаяу Мұсаны, екі інісі Тоқ-тар мен Әлжанды ертіп, Бауырқарағайды жайлап отырған Мөнтік ауылына келеді. Мұнда өзінің қадірлесі Жетібайдың Омарының үйіне түседі. Осы үйде Омардың інісі – әнші Оспан да болады. Оспан сөзге шешен, ақылға зе-рек, әнді терең сезіммен толғайтын сері еді. Ол қатты қуанады. Ойда-жоқта Біржан салдың келе қалғаны оның науқасы жайында ел арасында қаула-ған неше түрлі гулеген лақап сөз, өсек-аяңның бәрін бекерге шығарады. Бауырқарағайдағы дуылдасқан сауықшыл ел Біржан сал мен Жаяу Мұсаны көп күн қонақ етіп, әннің неше атасы айтылып, бәрі мәре-сәре боп, мол қуа-нышқа кенеледі.
Біржан сал «Аһ, дүние!» дегізетін әр сөзі қас қағым сәттік өмір барқын көз алдыңа әкелетін «Айбозым» әнін аңыратады. Жұрт сілтідей тынып, Бір-жан салдың қайратына қайран қалады. Ән әр жүректің нәзік қылын уһілете шертіп, көңіл түкпіріне қорғасындай боп құйылады. Біржан сал күңірене толғап, шыйрай түседі.
Біржан сал еліне қайтарда:
– Ал, Оспан шырағым, алты қырдан ән асырған жақсы күндерім... боз-бала кезім...қолпаштаған елдің ду-дуы аз күндік әуре ме еді тегі, соның бәрін емірене ойлап, сендерді аңсап, әлсіз жүрегіме ыстық қан толтырған «Айбозым» бұл. Бұл енді саған аманат, Оспан! «Біржан салдың әні еді» деп іздеушілер сенен тапсын, бұл әнді! Енді мен де бүйтіп жүре бермеспін. Ел арасы шалғай… бәр-бәрі көз ұшында бұлдырайды… тек… соған қарайлай-қарайлай өтермін мен де!..
Солай Оспан, сүйікті сүйіскенді сағынғаннан, талады қарай-қарай екі көзім… – дейді.
«Айбозым» әні сол күннен бастап Оспанның кең тынысты қоңыр үнімен бүкіл Көкше жерін шарлай берді, шарлай берді.
*** 1981-жыл, 17 желтоқсан…
Сол күні Көкшетаудан шығып, Еңбекшілдер ауданындағы «Казгородок» селосына келдік. Қасымда Қорғанбек Аманжолов, Жанатай Бекенов деген екі журналист бар. Бір-бірімізді жақсы білетін едік. Біржан сал өмірін зерт-теуге олар да қызықты. Менімен бірге жүрді.
«Айбозым» әнін білетін Шаймұхан ақсақалмен мектеп директоры Болат Бекеновтың кабинетінде кездестік.
Әңгіме де үйлесе кетті.
– «Айбозым» әнін сіздерге Әбілғазы жеткізген екен ғой. Сол жолы әнді облыстық радионың бұрынғы директоры Әуез Өтеев жазып алып еді. Сыр-қаттанып, бабым болмай жүргенде айтып ем, – деп Шаймұхан ыңғайсызда-на сөйлеп, ақсары өңіне ып-ыстық қан ойнап шыға келді.
Өзі мейлінше ізетті, сабырлы жан екен, ойланып отырып, сөзді кесек-ке-сек тастайды, жүзі аса мейірбан, үні баяу, қоңыр. Жайлап қана сөз бастады: – «Айбозым» әнін бала күнімнен айтып келем. Әкеміздің інісі Оспан Біржан сал тобындағы айтулы әншінің бірі еді. Дауысы мейлінше зор, әрі биік, қуаты да мығым еді. Ол әндеткенде үні таудың қоңыр лебіндей жа-ныңды жай таптыратын. Кейде күркіреп кеткенде, құдды бір тау үңгірінен дауыл бұрқағандай алапат екпіні жан шыдатпайтын. Бұл қасиеті Біржан салға аумай тартыпты. Сондықтан болу керек, Біржан сал да Оспанды өз-гелерден бөлекше жақсы көріпті. Мұны әкеміз ылғи тамылжытып айтатын-
ды. Оспан – ұзын бойлы, қой көзді, жұқа, қағылез, ақсары кісі.
Сол Оспан ағамызға осы елге қадірлі Бейімбет деген кісінің қызы Мәй-кені айттырып, бір топ игі жақсы, сері жігіттер барыпты. Бейімбет жөн сөзге тоқтайтын, көпті көрген, білікті кісі екен. Үйіне ауыл жастарын жинайды. Болашақ құдаларымен әңгімесі жарасып, еркін шүйіркелесіп, Оспанның әншілігіне сырттай қызығып жүретінін айтып, оның бір ән салып беруін өтінеді.
Қайынатасының тілегін ол қуана құптайды. Онсыз да ән тілеп отырған ілкімді жігіт әуелі Біржан салдың «Ләйлімін» бастайды. Жан-жүректі елжі-реткен бұл әннен кейін Бейімбет қатты риза болып: «Сендей ізбасары бар Біржан салдың не арманы бар екен!» дейді. Отырған әлеумет бұл ілтипатқа жандары сүйініп, «Адамда арман-тілек таусылған ба, Бәйеке, Біржан аға-мыздың «аһ, дүние!» дегізетін бір әні бар. Оспанға сол әнді айтқызыңыз» деп кеу-кеулей жөнеледі.
Оспан Біржан салдың «Айбозымын» айтады…
Әннің ә дегеннен жабырқау халге түсіретін ауыр сазы, жүректі тілгілеген әр сөзі мына жарық дүниеде жалғыздықты сезіне бастаған жанның тәңірге, тағдырға жалыныш үніндей естіледі. Еріксіз уһілетеді. Пенде шіркін өзінің өлшеулі өмірінде әр нені сүйіпті де, әр неден күйіпті де. Қайткен күнде де «Айбозым» өткен дәуренді аңсата беретін ән.
Осы оқиғаны Оспан ағамыздың жары Мәйкенің інісі Нұрғали көп ай-татын еді. Нұрғали да қызыл тілге жүйрік, ешкімге дес бермейтін балуан, топ бастайтын, жиын-тойдың көркі дерлік серілігі бар, жақсыларды жанай жүретін кең қолтық зиялы жан еді.
Оспан ер көңілді, үйіне кісі үйірілген, өмірдің бар-жоғына қарамайтын, қолы ашық берен кісі болды. Суқаны сүймейтін сұйық мінезді берекесіз, сөзінің дәйегі жоқ дауасыз жандарға қатал еді, оларды маңына жуытпай-тын-ды. Сол болмысымен менменсіген әлдіден, әкімдерден ықпады. Сұлу ат мініп, құмай тазы ертіп, Ақан серімен де пікірлес боп сауық құрып жүрді. Біржан салға ерген, оның тағылымын алған әншілердің көбі Оспанды ерек-ше сыйлайтын еді. Оспанның Ақық, Кәту, Мәшекер деген қыздары болды, е, олардың көркі...әсіресе, Кәтуі көмейіне бұлбұл ұя салғандай тамаша әнші еді. Өзі менен сәл үлкендеу. Оспан аға осы Кәту екеуімізге ыждағатпен домбыра үйретті. Кәтудің үні әкесінің үніндей кең, өткір, әнді бабымен тамылжытатын-ды. Өзі өңді, сұлу қыз боп, жұрт аузына ерте ілікті, той-томалақтың сәнін келтіріп, әніне жан біткенді құмар ететін, ынтықтырып қоятын-ды. Жігіттің жігіті толғайтын «Айбозым» әнін Кәту өз бойына сы-йымды етіп жан тебіренте айтатын. Мен бұл әннің терең сырын әуелі ағам Оспаннан, Кәтуден ұқтым.
Сол Кәту қыр гүліндей құлпырған шағында шырқап жүрген әнін шорт кескендей тұншықтырып, Оспан ағам қандай азғырынды сөзге ерді біл-меймін, және өзі тасжүрек те адам емес еді, аяулы қызын жылатып-сықта-тып Шеріпқали дегенге әйел үстіне берді. Кәту сол сұмдықтың шер күйігін тартып, күйзелді де, тым ерте дүние салды. Ерте солған гүл еді, ол. Соның зары ма, білмеймін, өз қателігіне қатты өкінген Оспан ағам маған: «Кәту күңіренткен Біржан салдың «Айбозымы» саған аманат!- деді, көзі кілкіл-деген жасқа толып. Оспанның сол бейшара кейпі күні бүгінге дейін көз алдымнан кетер емес. Дүниеден қайтарында іштей жеген Кәтудің қайғысы қатты сындырып: «Кәтуім... Кәтуім» деп жылағаны да есімде.
Тоқтаусыз ағылған мегілдің бір күндері дүниені дүбірлетіп Біржан сал өтті, Оспан өтті, Кәту жоқ…
Солардың үніне толқыған Жөкей көлі жатыр… небір үнмен жаңғырыққан Оқжетпес тұр көкке шаншылып… көл де суалады, тау да, тас та мүжіледі, үгіледі… Бірақ, ән… ән өлмейді екен, шырағым! Иә… иә, «Айбозымдай» жан дауасы болған әндер өлмейді екен…
Шаймұқан ақсақал осылай деді де көзінің алды кілегейленіп, ақырын күрсініп, біраз үнсіз қалды. Сергек көңілді сыралғы Болат оған күлімсірей қарап:
– Енді «Айбозымды» жаздырсаңыз болады. Ана жолы біздің үйдегі оты-рыста айттыңыз, үніңіз таза, ашық еді, – деді.
Жаратылысынан биязы жан бұл қолпашқа жай ғана езу тартып, мақұл болғанын сездірді. Шаймұқан ақсақал:
Айбозым, айхай бозым, даңғыл бозым,
Ел шалғай, жүре алмадым жалғыз өзім… – деп ә дегеннен шымырлата тартып, толғанысты көкіректің уһілеген лебін шығарды. Әнде қайырма жоқ, бар болғаны екі жолдағы әуен. Бұл қалай?
Сүйікті, сүйіскенді сағынғаннан, Талады қарай-қарай екі көзім,
Шаймұқан ақсақалдың қоңыр үні бәсеңдеп, мұңая үзілдірді. Дәл осы сәтте менің жүрегімде «ха-ла-лаку-лиллай-лиллай, лиллай, лила-лау, ха-ла-лаку-лийла-ай, лила-лай» деген қайырма желісі тартылып бара жатты. Шаймұхан ақсақал үшінші соңғы жолдарды бастады. Менің «Айбозымым» онымен қатар өрілді. Осы әнмен алай-түлей боп бұрқаған көңілімде не боп жатқанын қайдан білсін, ол кісі? Оны ешкім, көз алдымда үнсіз ұйыған жан-дардың ешқайсысы сезген жоқ. Шаймұхан ақсақал:
Өзіңнің теңдес құрбың болмаған соң,
Өтеді енді кімге айтқан сөзің! – деп, сарсыла,таусыла аяқтағанда жү-регімде емін-еркін түзіле қалған әлгі қайырма сары санамен уһілете қалжы-ратып, тоқтаусыз ағылып, алыстап шексіздікке жұтылды.
– Мамырлаған қапалы қайырмасы бар еді... соңғы жылдары… кешегі со-ғыстың зардабы… басымда зақым бар. Ұмытыппын. Осыған қиналам. Қандай ән еді, бұл! Қайран Біржан салдың не көрмеген жүрегі, – деді Шаймұ-хан ақсақал басын изеп.
Қыс өтіп, көктем келді.
Шаймұхан ақсақалдың магнитопленкаға жазылған толғаулы үнін әнші Қайрат Байбосыновқа бердім. Мен оған: «Әзірше үйрене бер. Қайырмасы бар. Кейін берем» дедім. Ол сол қайырманы тағатсыз күтті. Ақыры бір күні маған телефон соғып:
– Ілаға, ертең сенбі. Студияда дыбыс режиссері Меркен Баятақов «Ай-бозымды» жазатын болды. Солай келістік. «Айбозымның» қайырмасын үй-ренуім керек, – деді Қайрат, әдеттегіше қымсына сөйлеп.
Меркен – студиядағы ең тәжірибелі дыбыс режиссері, ол Қайратқа ға-шық, Қайрат оған ғашық. Екеуінің мәмілесіне мен де қызықтым да, теле-фонмен «Айбозым» әніне қосқан қайырмамды айтып бердім. Қайрат екінші рет айтқызған жоқ: «Рахмет, аға, магнитофоныма жазып алдым», деді. Сөйтіп отырғанда он-он бес минуттан кейін ол қайта телефон соғып: –Ілаға, енді тыңдай беріңіз!-деді.
Әнді тұтас тыңдаған сол бір сәт…сондағы толғаныс, сезім бұлқынысы... о, оны сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес еді. Алты жол…бар болғаны алты жол өлеңмен бір адамның үлкен өмірін толғапты Біржан сал! Мен тебірене толқып, Қайратқа телефон шалып: – Үйде бол. Қазір Тиыш апаң екеуіміз саған соғамыз, «Айбозымды» өз аузыңнан тыңдаймын, – дедім.
«Айбозымды» Қайрат Біржан салдың өзі боп аңыратты.
Кейін радиодан «Айбозым» атты музыкалы новеллам берілді. Әннің бар тарихы айтылып келіп, ең соңында Шаймұхан ақсақалдың орындауында жазылып алынған негізгі нұсқа, оған ілесе Қайрат Байбосыновтың «Айбо-зымы» мен қосқан қайырмамен жүрек сыздатты. Новелла біткен сәтте те-лефон шылдыр ете түсті. Құлағыма тоссам, Қазақ ССР халық артисі, компо-зитор Сыдық Мұқаметжановтың қоңыр үні:
– Новелланы тыңдадым. Ана жолы кездескенімізде «Айбозымды» ай-тып бердің, қайырмасы жоқ дедің, мен дағдара ойланып қалдым. Енді, міне, мына новеллаңда қайырма бар. Сен негес сонда «қайырма жоқ» дедің, жоқ емес, бар! Біржан салдың өз рухы, өз лебі – ол. Ал, бұл қайырма қайдан шықты?
Мен Сыдыққа қайырманы қалай қосқанымды айттым.
– Ә, бәсе, солай болды де. Біржан салдай құдіретті жанның толғанысын түсінген жүректің ісі – ол. Табиғи қиысып, астасып жатыр, «мына жері қа-лай?» дегізбейтін, иә, тұтас құйылған бір мығым дүние болыпты. Оны жан толқыта қозғаған Қайраттың үні!
«Айбозымды» боз далада боздатқан Біржан сал күндердің күнінде қапыда үзіліп қалған қайырмасын жалғап жіберетін ұрпақ боларын сезді ме екен сол күндерде, а? – деді, Сыдық үні дірілдей толқып.
Менің көзіме кілкілдеп жас толды.
Сол көктемнің сәуір айының екінші жартысында Көкше жеріне тағы да жыл құстарымен қайта оралдым. Біржан салдың жүз елу жылдығы обком-ның бір өресіз бірінші хатшысының көргенсіздігінен (той деуге аузың бар-майтын сол жиынға мәдениет сарайының дәл іргесінде отырған Біржан салдың келіні Рахия апа шақырылмады ғой, масқара болғанда. И.Ж.), жетім қыздың тойындай боп, елді налытып өте салды. Абайдың: «Сұм заман сы-бағама сені берді» деуі осындай сұмдықтан шыққан. Бұл жолы да Жөкей көлінің жағасында «Казгородокта» Шаймұхан ақсақалмен жүздестім. Радиодан тыңдаған Қайраттың «Айбозымына» дән риза екен, ол кісі. Мен де қайырманы қалай қосқанымды сыр ғып шерттім.
– Қалай десек те «Айбозым» осылай еді!.. – деп тебірене сөйлеген Шаймұхан ақсақал төрде ілулі тұрған мойыны ұзын, әсем жасалған жұп-жұқа, жеңіл домбырасын алып, біраз іштей толқыды.
Шаймұхан ақсақал қоңыр көзі күлімсіреп:
– Жасымнан жан серігім еді, кешегі Біржан салдың шәкірті Оспан ағамның домбырасы еді бұл, «Айбозымның» құдіретті сарынын сақтаған. Сыйладым осыны, ал, Илья інім, ал! Мың қарағайдың ішінде отырып, бір қарағайды қимасам, ол не болғаным?! Бұл – жай қарағай емес, әндететін қарағай! – деді.
«Айбозым» шертілген сол домбыра қазір менің қолымда. Оны шертсем болды, аспандағы аққу үніне ән жалғаған Біржан салдай құдіретті компози-тордың бүкіл өмірі көз алдымнан бір ертегі дүниесіндей өтеді де жатады… өтеді де жатады...
***
«Айбозым» атты музыкалы новеллам радиодан беріле бастады. Оған де-ген жұрт ықыласы ерекше, оның жиі берілуін сұраған хаттарда есеп жоқ. «Айбозым» әнінің құдіреттілігіне таңғалған композиторлар мен музыкант-тардың, әншілердің ішінде Сыдық Мұхамеджанов бір жолы тағы да теле-фон соқты: – Өзіңе аян, менің музыкама сөз жазатын ақындардың ішінде Қуандық Шаңғытбаев пен Садықбек Адамбековке ешкімді теңгермеймін. Екеуі де менің ең адал досым. «Айбозым» деген музыкалы новеллаң ра-диодан берілген сайын Садықбек сол мезетте телефон шалады да: «Мені Ильямен жолықтыр» дейді дігірлеп. Мен оның жынына тиіп: «Немене, мен сенің справочный бюроң ба едім?» деймін былқ етпестен. Садықбек кекеш-тене сөйлеп: «М... м... мен сенің «Жарқ етпесіңдегі» ғашығыңды хозяйкаң Қалдыгүлге айтып қоям. Ильяның телефонын бер» деп қорқытады, мені. Ал, бұл әдеттегіше Садықбек екеуіміздің әзіл-қалжыңымыз ғой, ол: ««Ай-бозым» әнін мен де білетін едім, Илья оны қалай тапқан?», дейді. Садық-бектің телефонын жазып ал да, жасың кіші ғой, інілік ізетіңді білдіріп, өзің хабарлас, – деп мырс-мырс күледі.
Осы әңгіменің ертеңінде Садықбекке телефон соқтым. Ол кісі елпектеп жаны қалмай қуанып: – Новеллаңды тыңдадым. Біржан салдың «Айбозы-мы» сол сәтте мені ойға батырып, бар өмірімді елестетті. Сол қиял үстінде ана бір жылы Көкшетауда болғанымда Біржан салдың елі ғой, дәлірек айт-сам, өзің болған Казгородок деген ауылда жібектей сызылған қоңыр үнді ұяң кісіден «Айбозым» әнін тыңдап, сөздерін жазып алып едім. Содан бері талай жыл өтті. Көп блокнотымның бірі ғой, сол жазғанымды бірнеше күн іздеп әрең таптым. Мені осындай әлекке салған сенің новеллаң еді. Оны тыңдағанда Казгородокта баяғы өзім көрген Теміржан деген әншінің үнін танығандай болдым. Ол кісінің нәсілі Көкшетауды жайлаған қырғыз екен, баяғы Абылайхан заманында келген жұрт қой, олар. Новеллада «Айбозым» әні алты-ақ жол өлеңмен айтылды. Ал, мен жазып алған «Айбозымның » сөзін оқиын, тыңдап ал:
Айбозым, аппақ бозым, даңғыл бозым,
Ел шалғай, жүре алмаймын жалғыз өзім. Қайдасың, той-думанды қызық дәурен, Талады қарай-қарай екі көзім.
Айбозым, аппақ бозым, шаңқай бозым, Қартайдым көл жағалап жалғыз өзім. Қалмады қадыр тұтар құрбы-құрдас, Өтеді енді кімге айтқан сөзім?
Айбозым, аппақ бозым, айхай бозым, Сарнаймын оңаша үйде жалғыз өзім. Көтерген төбесіне қайран елім,
Біржанмен хош айтысар келді-ау кезің, – деп тоқтады, Садықбек. Садықбек «Айбозымның» сөзін осылайша баппен оқығанда мен оны қа-
ғазға түсіріп те үлгірдім. Ол сәл уһіледі де: – Әй, дүние-ай, адам өмірі ұзақ ұйқының алдындағы аз күндік серуен екен ғой. Өмірдің бар қызығын көріп, шайқап баққан Біржан сал да өткен күнге сарғая көз тігіпті. Менің жазып алғаным осы шумақтар, бәлкім, бағзы біреулердің көкірегінде басқа да шу-мақтары жүрген шығар... қалай десек те «Айбозым» әні осылайша тірілді, Илья, – деді.
– Сәке, есіңізде ме, Көкшеге қай жылы барып едіңіз? – дедім.
– Айтайын қазір... міне, блокнотыма 1969-жылдың тамыз айының он бірінші жұлдызы деп жазыппын. Тағы не сұрайсың?
– Новеллада ән салған Шаймұхан ақсақалды сол күндері көре алдыңыз ба?
– Көрдім. Бәрі есімде. Шаймұхан ақсақал да «Айбозымды» айтып оты-рып: «Е, «Айбозымды» айтқан ерен әншілердің біразын тыңдап жүрдік. Со-лардың бәрі ауа көшкен бұлттай жоқ қой, бүгінде. Осы Көкшені өлең-жыры-мен дуылдататын от ауызды, орақ тілді Орынбай ақын бар емес пе, соның Салгерей деген шөбересі «Айбозымды» жан толқытып күңіренткенде әнші біткен сілтідей тынып қалушы еді.» деп еді, оны да ұмытқам жоқ. Ғафу ет, Илья, неге екенін білмеймін, «Айбозымның» хикаясы жүрегімді ұйыта бе-ретін болды. Әзірше саған берерім осы, есіме түскен жайларды тағы да ай-тармын, өзіңе. Телефон соғып, жанымды жадыратып жібердің. Ал, сені іздей қалып Садықты мазаласам ол бірден иліге қоймайды, оны көндіру үшін ба-сынан кешкен махаббат хикаясын «хозяйкаң Қалдыгүлге айтам» деп қорқыт-сам ісім бітіп жатыр. Келесі жолы мен саған Сыдық екеуіміз жазған «Қыр-манға кел, қалқатай» әнінің бар тарихын айтып берем. Әзірше, хош дейін бе?
– Жақсы... жақсы Сәке, хабарласып тұрамын.
Садықбек уһіледі. Сәл үнсіз тұрып: – Әй, құдай-ай, жастықта не өтпейді, мына бастан? Бәрін көрдік. Бәрінен дәмелі болдық. Бәрінен құр қалдық. Бір-жан сал секілді:
Сүйгенді, сүйіскенді сағынғаннан,
Талады қарай-қарай екі көзім, – дейміз де қоямыз. Ал, сен екеуіміздің осы әңгімемізді «Айбозыммен» әндетіп бітірсең қайтеді? – деді.
Мен «Айбозымды» қоңырлатып бастай бердім...
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇