Эсселер ✍️
Топайкөк
«Топайкөк» әні шыққан жүрек дәл сол сәтте қалай соқты екен, шіркін… «Көкшеден алып келіп, Баянға таратты», десетін Жарылғапберді шыр-қаған «Топайкөкке» осы күнге дейін Көкше мен Баянаула жағы бірдей еміренеді де жатады. Әрқайсысы «біздің ән» деп, өзіне тартады. Небір әнді індете зерттеп жүріп, оның түп-төркініне мен де көп уақытқа дейін көз жеткізіп, тоқтай алғам жоқ. Бір анығы – ол Көкше топырағында туған ән. Бұл – аспанда Ай мен Күннің бары секілді айқын шындық. Осы әннің иесі кім? Көп сарылтты, бұл сауал. Ал, оған деген құмарлық бір сәтке де суыған емес. Сүйегі ірі, жаратылысы кесек, диапозоны сала құлаш, өте… өте қуат-ты ән. Сол болмысына орай ол сезімі оттай ыстық ең биік үнді тенорды қа-лайды. Ол сонымен керемет. Ал, баритональді тенор бұл алапат әнді мүлде
әлуеттендіріп жібереді.
1964 жылы жаз, күз айларында (қазақ радиосы музыка редакциясында 1939 жылдан бас редактор боп, одан кейінгі кездерде аға редактор қыз-метін атқарып, халық әншілерінің небір ардақтысын әспеттеп, олардың орындауында радионың қорына қыруар әндер жазып алған жан дүниесі бай адам еді. И.Ж.) эфирде ән хикаясын көп шертетін Мақсұтбек Майшекин-нен «Топайкөктің» тарихын білгім келді. Әңгімелестім. Қазақ әнінен жи-ған-тергені мол осы бір зерделі жан «Топайкөкті» «Көкшетау топырағында туған ән» деп нық сеніммен айтты. Бұл сөз бұрыннан білетін жайды бекіте түскендей болды. Осы бір кездерде сол кісінің таныстыруымен – Манарбек Ержанов, Жүсіпбек Елебеков, оларды пір тұтатын Мұрат Толыбаев, Қара-ғандыдағы Мағауия Көшкінбаевтардың ән, әншілер жайында әңгімелерін де қағазға түсіре бастағам-ды. Сондай сұхбаттардың бірінде кез-келген жанмен ашыла бермейтін, иә, әр сөзін ойлана, зілдене сөйлейтін кер мінез Жүсіпбек Елебеков әлденеге көңілі көншіді ме, жұзі нұрланып, пешенесі жазылып, бір шешілді дейсіз: «Топайкөк» әнін іздесең, Көкшетауға бар. Оның Сырымбетіндегі қалың Қарауыл мен Төрелер бұл әннің мән-жайын бізден жақсы біледі. Отыз жетінші жылғы нәубеттің алдында бір топ артис-тер бригадасы құрамында Көкшетауда Біржан сал елінде концерттер бердік. Сол жерде Казгородок ауылында Мұқан дейтін әншіден «Топайкөкті» тың-дағанда мен еш уақытта бұл әнді айтуға дәтім бармайтындай хал кештім. Сол әйдік әншіге табынып, оған қалай бас иіп қалдым? Осы күнге дейін сол кездесуді ойлай берем. Одан кейін Мұқан әншіні көргем жоқ. Тұлғасы зор, маңдайы кереқарыс, нағыз Біржан сал дерлік сұңқар үнді, сері көңілді, бір бекзат еді. Арада жылдар өтті. Радиоға талай ән жаздырдым. «Топай-көкке» бара алғам жоқ. Сол Мұқанның күндей күркіреген үнін еске алсам, неге екені белгісіз, бірте-бірте көз алдыма кәрі емендей теңселіп тұрған Жа-рылғапберді елестейтінді шығарды. Аты аңызға айналған Жарылғапберді! Көкше топырағында түлеген «Топайкөкті» Баянаула аспанында қаздай қа-лықтатып, кең сахараға жайған құдіреті зор Жарылғапберді! Көп әңгіме-де «Топайкөк» әніне байланысты Жарылғапберді есімі жиі айтылады. Бая-наула елінің «Топайкөктен» айырылғысы келмейтін сыры осыдан ба, деп қалам. Әлбетте, мен Балабек Ержанов, бұл әншіден мүшел жас кіші Қали Байжанов сияқты әншілерді көп тыңдадым. Даңқты әншілер. Қалидың үні сақталған. Ол Жарылғапбердіні еске түсіреді. Ереймендік Шама Нұрұлы есімді жойқын әншіні кім біліп жатыр? Ел ішіндегі әңгімелерде Шама-ның шәкірттері көп болған. Соның ең ірісі, ең көрнектісі – Жарылғапберді! Оның: «Шамаң келсе «Шамаға» бас» дейтін сөзі бар. Қарағандыда «Топай-көкті» Қалидан тыңдадым. Қали – Жарылғапбердінің өзі болмаса да, көзі еді. Өзіне-өзі риза болғанда «қапы жоқ…қапы жоқ» деп елпілдеп сөйлейтін Қали шау тартып қалған екен. Менің меселімді қайтармай, «Топайкөкті» жеріне жеткізе алмай, шәт-шәлекейі шығып дал болғаны. Бұл тәңір әншіге дауыс берді ме, оған өл-өлгенше қылау түсірмесе ғой! «Топайкөк» әнінің мәртебесін көтерген бір әнші осы Қали еді. Қанатын қаға алмаған кәрі қы-рандай қапылысына іштей тындым да қойдым. Ал, Мұқанның үні есімнен кетпейді. Концерттік сапармен Көкшетау елінде әр кез болып жүрдім. Со-ғыс жылдарында, одан кейін де. Бірақ, сол баяғы Мұқандай әншіні кезіктіре алмадым. «Топайкөк» өзінің Көкшесінде Мұқандай жұлдызы биік әншіге зар боп қалған екен. Оның себебі де белгілі – бағзы бір әншілердің дәм-тұзы таусылды. Қазан төңкерісінен басталған алақұйын заман, Голощекин жендеттің ашаршылығы ел ішіндегі бейкүнә әншілерді де сол жылдарда баудай түсірді. Солардың қатарында Үкілі Ыбырайдай ән арысы да кетті. «Топайкөкті» өзіміздің Манекең… Манарбек Ержанов қана ұстап қалды. Манекең бізге осы бір ғана «Топайкөгімен» тәкаппарланып қыр көрсетеді. Онысы өзіне жарасады. Ғарифолла екеуіміз жымып қана отырамыз. Іштей Мұқан мен Манекеңді салыстырам. Пәлі, әншілер бір-біріне ұқсаушы ма еді? Ұқсауға тырысатындары да бар. Бірақ, олар – шалағай шәкірттер ғана. Менен ән үйренетіндерге дәйім айтатын сөзім: «Менен әннің сүйегін ал, жаныңнан алып, жан қосатын, қаныңнан алып, қан қосатын өзің. Өз үнің өзгеше болсын. Шертісің де!» Хас әншілер дара туады. Мұқан мен Ма-некеңнің жөні бөлек, әрқайсысы бір-бір бітім, бір-бір тұлға, бір-бір әлем. Мұқанның «Топайкөгі» – қайратты жүректің аһылағаны. Аламантасыр асықтығы. Манарбектің «Топайкөгі» – табиғат төрінде махаббат еркесінің алаңсыз шалқуы. Мен өз басым Мұқанды көргенге дейін «Топайкөкті» ой-ласам болды – «Біржан сал мен Ақан серінің бірі шығарған шығар» деуші едім. Сол сапар Мұқан дүйім жұрттың алдында «Қозыкенің «Топайкөгі» деп шырқады. Кейін мен мұны Манарбекке айтқанымда «Жолдас Елебеков, сол Көкшетауға біз де барармыз...» деді де, қыңыр сөзін әзілге айналдырды. Маған онша иланбады. «Топайкөкті» ол Әміреден үйренген-ді. «Хорлан» – Маралдының, «Қаракесек» – Егіндібұлақ, Қарқаралының, «Ғалия»-Ақмо-ланың, «Дударай» – Қорғалжынның, «Жиырма бес» – Қызылжардың, «Ар-дақ» – Баянауланың әні екендігі адам түгіл тәңірге аян болса, «Топайкөк» Біржан салды ұлы ұстат тұтқан Ақан серінің жан серігі – Қозыкенің әні екендігіне еш күмән келтіре алмаймын. Есі бар жұрт: «Топайкөктің» қадірін біліп, аман сақтаған» деп сол Көкше елі мен Баянаула елін сыйласа болады. «Топайкөк» осындай екі қасиетті елді тел емген арда ән.»
«Топайкөк» әні жөнінде Ахмет Жұбановтың еңбегінде мардымды ештеңе жоқ. «Ардақтай» арқалы әннің иесі – Жарылғапбердіні «композитор» деп те айтпайды. Яғни, ол жөнінде ол кісі біреулердің болымсыз дерегіне ғана сүйенген. Ақаң өзінің дер шағында қазақ жерін емін-еркін аралап, ән зерт-тей алмады. Оған уақыты жетпеді. Және әр кез жоғарғы жақтың түртпегіне түсуі өрісін тарылтты. Сол себепті, кабинетте қорғалақтап отырып, ән де-регін жинауда ел ішіндегі қария сөзді кісілерге ғана сенді. Олардың арасында «өтірікті шындай, шынды құдай ұрғандай» ғып, қиыннан қиыстырып, өз елі, өз руына қарай бұра тартып, жаңсақ сөйлейтін желбуаз, суайт, пысықай жандар да бар еді. Ал, «ән зерттеуші», деп жүргендеріміздің ішінде әншейін қосақ арасында қарасы көрініп, әркімнің зерттеу мақалаларынан үзіп-жұл-қып, сүлесоқ бірдеңе жазатын, өзіндік көзқарасы, дәйегі, тұжырымы жоқ, саяз білімді зерттеушісы-мақтардың барын да білеміз. Олар Александр Викторович Затаевич, Ахмет Жұбанов, Борис Григорьевич Ерзакович,тағы басқа да зерттеушілердің кей пікірлерін өз «пікірлері» етіп, не солардың кө-леңкесінде «попугайша» күн кешіп, әннен түсінігі аз қауымға «аңқау елге – арамза молда» боп, күлдібалам мақалаларымен кітап та шығарып жатады. Үлкен зерттеушілерден де қателік кетеді. (Мысалы, Затаевичтің Құрман-ғазы мен Абайдың композиторлық жаратылысын түсінбеуі; Затаевичтің қате жазуына сүйеніп, оған Ахмет Жұбановты куәге тартып, Ақан серінің «Әудемжерін» Көкбай ақынның әні, дейтін аса қадірлі ғалым Қайым Мұ-хамедханов ақсақалдың мүлт кетуі; Сәбит Мұқановтың «Сұршақызды» Балуан Шолаққа телуі, тағы басқа да «әттеген-айлар» жетіп артыла-ды. Осы сөздерді жазып отырған менің өзім де қым-қиғаш үлкен зерттеу үстінде абайсызда шалыс басқан жерлерімді өзім түзетумен келемін. И.Ж. ) Оны ғылыми тұрғыдан тиянақты түрде жан-жақты зерделеп, жөндеп отыруға өресі жетпейтін сол дүмше «зерттеушілер» үлкен зерттеушілердің кейбір ағат пікірлерінің ығына жығыла сөйлеп, нақты деректен еш хабары болмай, тіпті, оның анық-қанығына жетуге тер де төкпей, жалпылама, құр долбар, жадағай сөзбен біраз жайды былықтырды да. Ол дәрменсіздік, саяз-дық қазақ әнінің сорына әлі де жалғасып келеді. Дәл осы «Топайкөк» әні төңірегінде тек жорамалға құрылған тұрлаусыз зерттеусымақтардан гөрі өз еті өзіне жақын, өз зәузаты, өз тарихын өзі білетін атақты архитектор, жазу-шы, қазақ қоғамының белгілі қайраткері Шота Уәлихановтың бір тоқтамды сөзіне де ден қойған ләзім. Қазақ әндерінің әр кезде шыққан бір жинақта-рында өз әулетіндегі ірі әнші Қозыкенің (Сақыпкерей) әндері бірде Ақан серіге, бірде басқа біреулерге телініп жүргеніне қынжылған Шота өз елінің қария сөзіне, әндеріне жетік Шәйзат Жақыпов есімді ағайымен әңгімелес-кенін, мына төмендегі «Ай, көке» әнін ол кісінің шабытпен шырқағанын былай деп жазады: «Қозыке балуан денелі, сурет пішінді жігіт болыпты. Арқаның атақтысы Ақанмен серілік құрыпты.
Сырымбет биік адыр қатар кезең, Жарысып таудан құлап аққан өзен. Ұқсаған биқасапқа көк шалғыны, Көкорай қайың мен тал бәрі де әсем.
Ай, ай, көке-ай, Үридай, қалқам-ай, Үридай, дәй, дәй-ай.
Мөп-мөлдір сынап құсап бұлақ аққан, Маңында үш түрлі көл шалқып жатқан. Топырағы бейне мақпал егінге жай, Шұрайлы әдемі жер күлім қаққан…
Алдымда жатқан «Қазақ әндерін» (1963жыл) жалма-жан ақтарып, «Ай, көке» бар ма екен, деп қарасам, Ақан сері өлеңдерінің ішінде тұр. Шәкеңе айтып едім, «айта берсін» деп маған кілт бұрылып: «Б.Ерзаковичке «Ай, көке», «Көкшетаудың биігі» (Кей қателігімізді мойындасақ, біз де «Көк-шетаудың биігі» әнін әр кез шығып жатқан жинақтарға сеніп, оны «Ақан Серінің әні» деп концерттерге қосып келдік. Ол опық енді-енді жөнделе береді. И.Ж.) «Тер қатқан» әндерін тапсырған мен болатынмын. Сондық-тан, ән тарихын құрастырушылар біле ме, мен білем бе? Тіпті, ән автор-ларын атағанымды да пленкаға жазып алған. Неге бұрмалап жүргендерін білмеймін, – деп кейіді Шәйзат ағай, – «Қозыкенікі» деп ойдан шығарып айтып тұрғаным жоқ.»
Мен ертеңінде кітапханадан 1959-1963 жылдары жарық көрген «Ақан сері» атты жинақтарды қарап шықтым. Бәрінде де аты аталған өлеңдер (әл-бетте, әндер. И.Ж.) Ерзаковичтен алыныпты. Ал, Ерзакович 1955-жылы шыққан «Қазақтың халық әндері» жинағында бұл әндерді Шәйзат Жақы-повтан алғандығын айтады. (Ерзакович ықтиятты зерттеуші…1963-жылы ақын Әбділда Тәжібаевтің жалпы редакциясын басқарған әлгі «Ақан сері» жинағы жарық көрді. Шығарушылар алқасында – А.Жұбанов, Е.Ысмайы-лов, А.Нұрқатов, Ә.Тәжібаев, А.Шәмкеновтер бар. Кітапты құрастыру-шылар – Хамит Тілеубаев пен Есім Байболов. Бұл екі автор ел арасынан там-тұмдап дерек жинайтын кісілер ғана. «Әубәкір Диваев секілді білімді фольклорист» деп айтуға болмайды да. Егер аталған жинақты шығарушы-лар алқасында Ерзакович болса, Қозыкенің әндері – Ақан серінің әндері боп кірмес еді. Ол әндерді Ақан серіге қалай болса солай тели салу – Қозыкені ұмытқан, не одан еш хабары жоқ, екі құрастырушы – Тілеубаев пен Бай-боловтың қателігі екенін ешбір зерттеуші қаперге алмайды. Бұл кітапқа редактор болған Құланбай Көпішев дүниеде Ақан серімен бірге Сырымбет саласын әнге бөлеген Қозыкедей еркебұлан серінің болғанын, мына жал-ғаннан жүзін ерте үйірген мұңлық екенін қайдан білсін. Оның алдына да-йын кітап келді, ол редактор ретінде ол тарихтың байыбына барған жоқ, тек корректордың қызметін ғана атқарған. Екі құрастырушының бірі-Ха-мит Тілеубаевтің осы кітаптағы естелігінің бір тұсында: «…Кезек Аяған баласы Мәлкеге берілді. Мәлке «Топайкөкті» шырқады. Бұл – аса қиын ән, негізі Көкшетау топырағында туғанымен, иесі белгісіз ән. «Осы әннің иесі табылмай – ақ қойды,» деді Ақан» деп жазылған. Хамит ақсақалдың бұл сөзі – жаңсақ сөз. Тек Сырымбет қана емес, Көкшетау төңірегіндегі небір қария сөзді есті кісілер әлгіндей долбарды теріске шығарады. Қозыкенің сол әндеріне қылау жұқтырмайды. Академик Әлікей Марғұлан Шоқан Уә-лихановты зерттеп жүріп, Сырымбетте болып, Хамит ақсақалдан да жасы үлкен білікті кісілерден Қозыке әндерін жазып алғанын айтып отырады. Кейбір үйлерде Марғұланмен бірге түскен талай суретті көрдім де. Марғұ-лан ерінбей, жалықпай небір зерек көңілді адамдармен жүздескен. Мен де Қозыкенің есімін талай кісіден естідім. Солардың бірі – Бурабай санато-риясының ең алғашқы админстраторы – Томан Тілекеев ақсақал маған Бір-жан сал әулетінің көл-көсір әңгімелерін жаздырып жүріп, Қозыкенің де дәл осы әндерін берген еді. Сонда Томекең: «Дәл осы Бурабайда кешегі Уәли хан тұқымдары тұрды. Солардың жұрнағы қазір де бар. Ескі көздері тау-сылып бітті. Сол жарықтықтар «Қозыкенің әні» деп кейбір әндерді, оның ішінде өзің сұрап отырған «Топайкөкті» де айтатын еді. Осы Көкшедегі Ке-рей, Атығай, Қарауыл елі бірінің әніне бірі таласады. Біржан салдың әнін Ақан серінікі деу, Ақан серінің әнін Үкілі Ыбырайға беру, не болмаса Ақан серінің әнін Біржан салға қарай тарту, әйтпесе, тіпті, басқа бір әншілерге таңу, міне, қазақтың осы болымсыз мінезімен бейкүнә Қозыкенің әні де «Ақан серінікі» делініп, кеткен сияқты. Ол – Қозыкенің аруағына қиянат.» деп еді.
Әлікей Марғұлан мен Борис Ерзаковичтен басқа Қозыке есімін қағаз беті-не ешкім түсірген жоқ. «Ақан сері» жинағында бұл екі ғалымның Қозыке жөніндегі дерегі ескерілмей, «зерттеуші» деп айтуға болмайтын екі құрас-тырушының қателігінен Қозыке әншінің есімі күні бүгінге дейін Ақан сері-лердің тасасында қалып, бағы байланумен келеді. Бұл сөзімізді нақтылай түсу үшін Шота Уәлихановтың пікірін тағы да толығырақ тәптіштеуге тура келеді:
«Шәйзат ағайдың пікірін Шоқан Уәлихановтың шығармалар жинағын-дағы (1-том.) академик Әлікей Марғұланның мына сөздері де растайды: «Шоқан інілерінің ең дарындысы жастай өлген Сақыпкерей (Қозыке) бол-ған. Ол көрнекті ақын және композитор бола тұрып, өнерді қадірлей білген Шоқанды ауылына келіп жатқан уағында өзінің әндерімен мол қуанышқа бөлеп отырған. Қозыке халық композиторы Ақан серімен достық қарым-қа-тынаста болып, онымен бірге романтикалық бағыттағы бірнеше ән шығар-ған. Оның шығарған әндерінің кең тарағандары: «Ай, көке», «Топайкөк», «Сырымбет», «Көкенің аманаты»… Қозыкенің бұдан басқа «Кер құнажын» деген де әні бар екен. Ал, Шәкеңнің айтуынша Әлікей Марғұланның «Кө-кенің аманаты» деп отырғаны – «Қозыкенің аманаты» деген ән екен. Бұл әнді Шәкеңнің ақылымен Алматыда Рахима деген қарт анадан естіп, жазып алдым. Рахима апай «Топайкөк» тарихын былай баяндайды: «Шоқанның үлкен қарындасы Нүриләні Баянауылдағы Мұсаұлы Садуақасқа ұзатқанда, Көкшетауға күйеу қосшы боп Жарылғапберді әнші еріп барады.Жарылғап-берді жоғарыдағы айтылған әндерді Қозыкенің өз аузынан үйреніпті.»(Шо-та Уәлиханов. «Қазақ әдебиеті» газеті, 1964-жыл, 21-тамыз.)
Қозыке – композитор. Оның солай болатын жөні де бар. Ағасы Шоқан екеуі өз отбасында, мысалы, Пушкинге ертегі шерткен нянясы – Арина Ро-дионова секілді – Айғаным әжесінің бесік жырынан бастап, оларды сүттей ұйытқан аңыз – әңгіме, таңғажайып ертегілерін тыңдап өскен. Әкесі Шың-ғыс – өз кезінің ең білімді, көзі ашық, халықтың тұрмыс-салты, әдет-ғұрпы, өнер мәдениетін жетік білетін зерделі кісі екені белгілі. Қобыз бен домбы-ра тартқан. Бірақ, оны туған інісі – әйгілі қобызшы Қанқожа (Шоқанның өз қолымен жазып қалдырған мұралардың ішінде осы Қанқожа қобызбен тартқан – «Тәңір би», «Байсал Уақ – Сары батырдың сыбызғы тартқаны», «Қанғожаның басқаны», «Бағаналы Балақай бақсының сарыны», «Суға кетті ер Қотан», «Балбырауын», «Ала байрақ», «Қызыл қайың», «Тарғыл бұқа», «Шығыт жібі бес бармақ», «Қапыда өткен қарбалас», «Тайлақбай-дың күйі – «Қыз жылатқандай», «Баутанның қосбаспасы», «Ер Шегедей еткейсің» деп аталатын 14 күйдің аты жетіп отыр) сияқты кәсіп етпеген. «Бақ – менікі, өнер – Қанқожаныкі» деуі содан. Осы Қанқожамен түстас әкелі – балалы екі қобызшы – Төлек пен Төлепберген Сырымбет саласын аққу әуезді ғажайып күйлерге бөлеген. Шыңғыстың үйінде көне аспаптар – сыбызғы, шыңдауыл, қобыз, домбыраға қоса оның өз замандасы генерал-майор А.К. Гейнс көрген шағын орган да болған. Ол аға сұлтан боп көп жыл қызмет істегенде Көкше даласында зерттеу жүргізген саяхатшы ғалымдар-мен, орыстың географиялық қоғамы, басқа да мекемелердің қызметкерімен тығыз байланыс жасап,өз өлкесінің тарихы, этнографиясы, мәдениет, өнер мұралары – ән-күйлер, өлең-жырлар, аңыз-әңгімелер жинап, оны Омбыға жіберіп отырған. Сол кездерде Сібір қазақтарының Шекара комиссиясының бастығы, қазақ фольклорын ықыластана жинаушылардың бірі М.Ладыжен-сийдің өтініш, тапсырмаларымен осы игі істі тиянақты жүргізген. Иә, Шыңғыс елдегі әнші-күйші, жыршыларды, ұста, зергерлерді, аңшы-саятшылар мен атбегі, құсбегілерді (Шоқанның аңға шыққан кездерін еске алыңыз.) қадір тұтқан. Дала «гомерлері» – Қаракесек Жанақ пен Байқырғыз Шөже-лер толғаған «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» Шоқандай ақынжанды ұлын бала кезінен тербеген-ді. Сондай-ақ, азуы алты қарыс Атығай Зілғара, сел-сел жыр сапырған Арыстанбай, Орынбай, сары дала боп сарғая зарлаған Тоғ-жан соқыр, ешкімге әннен дес бермеген Біржан сал мен Ақан сері, Баянау-ладағы қайын жұртының ірі әншілері – Бүркітбайдың Мұстафасы, Жарыл-ғапберді, Жаяу Мұсалар Шыңғыстың үйінде талай-талай бас қосып, думан құрған. Ән-күймен өтетін осы жиындар, халықтың өнер дәстүрін қастерлеу Шыңғыс балаларының бәріне эстетикалық тәрбие-тағлым жағынан игі әсер еткен. Шоқанның ғалымдығы мен бірге жазушылық, суретшілік өнеріне Достоевский, Потанин сияқты достары тәнті болса, інілері – Қозыке ком-позитор, Мақы қазақтың тұңғыш кәсіби суретшісі ретінде есімдері тарихта қалды. Осындай өнегелі ортада романтикалық бай қиялмен өсіп, жетілген Қозыке қамшының сабындай қысқа ғана ғұмырында Әлікей Марғұлан жаз-ғандай бізді «Топайкөк» әнімен таңғалдырады.
1988-жылы маусым айында «Алатау» телепрограммасының тапсыруы-мен Көкшетауға келіп, «Ақан сері әндері» атты үлкен хабарды түсірдім. Сол күндердің бірінде Сырымбетте Сарыбұлақ ауылында Қабдыуәли есімді шежіре кісінің үйінде біраз ақсақалмен әңгіме-дүкен құрдым. Мұндай оты-рыс бұл ауылда бұрын да талай рет болған-ды. Ақан серінің беймәлім сыр-лары бұл жерде көп айтылатын еді. Сол себепті – Сырымбетке көп үйіріле беретінмін. Осы жолы да көп дәмемен келіп едім. Қарауыл мен Төрелердің қариялары: «Жақсыларымыз кетіп, өңшең нашары қалдық. Кешегі бір күн-дері Ақан серінің «Сырымбеті», Қозыкенің «Топайкөгі» шырқалып, Шоқа-нынан айырылған Шыңғысты, қу жалғызын көп көрген Сәлімгерей сорлы-ны естерін жиғызып, жұбаныш болғаны ол да бір тәңірдің иген кезі екен. Бүгінде бәрі жоқ. Ол әндерді айтатын әншілер қайда? Қазіргілердің миына да кірмейді.» деп жабырқады.
Ал, «әнге зерделіміз» дейтіндердің өзі бір «Топайкөктің» бірнеше сөз нұсқасы бар екенін біле ме екен, сірә? Семей топырағында Мұхтар Әуезов-ты ерекше толғандырған «Топайкөктің» мына сөзін қараңыз:
Сен, сен едің, Сен едің, Сен кеткен соң, Болар ма сіңлің сендей ержеткен соң. Ауылыңа адам түгіл ит те бармас,
Сықақ қой, сылдыр моншақ қыз кеткен соң.
Сары атқа сатып алған гигайым-ай, Тауыстым ақпан болмай бидайымды-ай. Сары атқа бидай алмай гигай алып, Жаратқан мұнша ақымақ құдайым-ай! Ал, бибай, салайын мен гигайымды…
Абай еліне кең тараған «Топайкөк» – осы. Дәл осы нұсқа «Абай жолы» романына енген: «…Бұл түс емес! Дәл анық, айқын өңім. Өңім болмаса таң-ғажайып бір хал, Ербол! Басында сол кәмшәт бөркі. Шолпысы, қара мақпал камзолы да баяғыша. Сонау Жаныбек өзеніндегі түн екен. Өмірде, аз көрген сағаттарымда еш уақытта бұндай ұмтыла жақындап, бұндай еркін, ашық келіп көрген жоқ еді. Бір сыпайы ұяңдық тарта беруші еді ғой. Мынада сон-шалық жалын атып кеп, ынтызарлық үнімен: «аңсадым ғой, зарықтым ғой» деді. Өзің үйреткен «Топайкөгің» бар еді. Соны мен күндіз де, түнде де айтам. Тыңда мені» деп тұрып, әсем үнмен бір ауыз айтты да, «Енді кел, келші жақын. Мен, міне, қасыңдамын, бөгет жоқ, қасыңда жалғыз тұрмын ғой!» деді.
Мен де құшағым жая ұмтылып: «Кел, келші, сәулем!» деп барып оянып кеттім…» «Абай жолы» романындағы небір тебіреністі беттердің ішінде осы бір эпизод шуақты лиризммен аялап, тіпті, салқындаған мәрғау жү-ректің өзіне ып-ыстық қан толтырып, лүпілдете соқтырады. Жазушының осы суреттеуіне «Топайкөк» әні жоғарыда келтірілген әлгі сөзімен жай-дан-жай махаббат сезімінің тіл байлар тылсым дәнекері ретінде алынып отырған жоқ. Абай бұл әнге жарды сүйген құштарлықпен құлай беріл-ген. Мұхтар Әуезов Абайдың сол іңкәрлігін өз жүрегінің құмарлығындай сезініп, қалай керемет суреттейді. Тап осы жерде мен «Абай» операсының жазылу тарихын радионовелла етіп, эфирден берген кезімізді еске алайын – Ахмет Жұбанов дүниеден қайтқан-ды. Ол кісіден алған деректерімді жан серігі – композитор Латиф Хамидидің растауымен ыждағаттап жазғам-ды. Латекеңнің сондағы қуанғаны! Оны өзім басқарған музыка редакциясын-дағы редакторлар жақсы біледі. Сол күндерде Латекең былай деп еді: «Біз операға пайдаланатын әндерді таңдағанда Мұқаң сөз арасында «Топай-көкке» көп үйіріле берді. Мен көбіне Ахмет Жұбановқа сүйенетін адам-мын. Сол кісіге жалтақтаймын. Ахаң бұл әнге былқ етпеді. Мұхаң Ахаңның көңіл дітін сезді. Іштей ренжіді. Соның әсері ме, бір жолы «Сіздердің опера жазғандарыңыз қызық екен. Менің либреттомның әр жерінен бір жұлқып, сөйтіп жазады екенсіздер» деді, кейіп. Бұған Ахаң Чайковскийдің «Евгений Онегин» операсын қалай жазғанын айтып түсіндіргенде, айналып кетейін Мұхаң сәбидей аңғал көңілді жан екен, Ахаң екеуімізге бас изей келісіп, тіпті, тәнті болған жандай тырысып жүрген маңдайы жалғанның жарымын-дай боп жазылып сала бергені. Сөйтті де сасқалақтап отырып: «Топайкөк» бұл операға кірікпейтін көрінеді. Бұл ән – Абай мен Тоғжан екеуінің ара-сында ғана жүретін ән. Оны мен Абай мен Әйгерімнің де сүйікті әні ете алмаймын. Ал, Аха, ал, Латеке, бұл «Топайкөк» Көкше елінің әні. Мен қол-данған сөз – Семей елінің сөзі. Манарбек Ержанов айтатын сөз – кейінгі біреулердің қосқан сөзі.Әуел бастағы сөзі қалай болды, екен? Сол сөзден қайран ән қалай ажырап қалды екен? Затаевичтің жинағында:
Жігіттер, шек келтірме құдіретке, Тілеймін «медет бер» деп барша үмбетке. Бауырында Көкшетаудың бір-екі қыз
Ән салған осылайша «Топайкөкке» деген жалғыз шумақ жүр. Осы сөз дәл осы әнді шығарған әншінің сөзі емес. Бұл да – бағзы біреудің ілекерлеген қоспасы. Топайкөк деген көсем жүрісті көркем аттың иесі оған деген шат-танған сезімін: «Құлагер, топтан озған жүйрігім-ай!» дейтін Ақан серіше білдіріп: «Топайкөгім!» деп еміренсе керек еді. Ал, ол сүйінішті сөзді енді қайдан табасың? Манарбек шырқайтын нұсқа ол да «третий лицоның» сөзі. Амал не, ән жақсы болған соң оның кейінгі сөздеріне, иә, Семейліктердің қосқан жаңағы өлеңінде «Топайкөк» сөзінің жоқтығына қарап та жатқам жоқ. Ән құдіретті! Манарбектің атасына рахмет! Атақты әнді өлтірмеді!»
Көкше елін көп шиырлап жүріп, анық көзім жеткені- ол жақ тек қана: Көкшетау, Баянауыл-жер науаны,
Елінен көктей гүлдеп шығады әні. Бауырында Көкшетаудың көкке шалқып, Толғанып, шарықтатып салған әні.
Жарылғап ескі әншінің маңғазы еді, Әнді ерттеп, күйді мінген ардагері. «Осы әнді Көкшетаудан әкелдім» деп,
Баянға алып келіп жайған еді, – деп орындайтын Манарбек Ержановтың нұсқасын ғана біледі. Бұл – «Топайкөктің» жолдан қосылған шумақтары. Бір жөнді жері – ән Жарылғапбердіні ардақтап отыр. Өйткені, Жарылғап-берді «Топайкөкті» Көкшетаудан әкеліп, Баянға бірінші рет жайған әнші. Бұл сөзге зердесі жеткен жан «Топайкөкті» Көкшетау еліне қимайтын қы-ңыр мінезді «білгіштерден» гөрі жарықтық – ары таза Жарылғапбердінің аруағына бас ұрар еді. Ал, басыңды тауға да, тасқа да ұрсаң да «Топай-көктің» әуел бастағы өзінің төл сөзі жоқ…жоқ! Іздесек соны іздейік…
…1994-жылдың 28-қыркүйегі мен 1-қазан күндері Жаңаарқада Сәкен Сейфуллиннің 100 жылдық тойында сол кездегі Ағадыр ауданының Ақша-тауы тіккен ақбоз үйде жан-жақтан тоғысқан қонақтардың арасында та-маша әнші, ақын Тұрсынхан Әбдірахманова Мұхаң сүйген «Топайкөкті» қайта-қайта айтқаны…
Кейін Алматыға келген соң профессор Тұрсынбек Кәкішевтің үйінде Тұрсынхан апаймен қонақта болып, «Топайкөк» әніне тағы да қолқа сал-дық. Тұрсынхан апай сағым ойнаған құла түзде қиырға көз тіккен аңсаулы жандай біраз ойлана толқып, ақ жамалы алмадай албырап, бір сырлы сезім буымен арманға берілген қыздай мөлдіреп: «Топайкөкті» Семейдің Бақана-сында Тобықты Қабыш есімді әнші кісіден үйреніп едім» деді де өзінің кең тынысты балбыраған үнімен керілте бастады…
«Топайкөк»… өз сөзі табылғанша бізді санамен сарғайтып өтетін шығар, тегі…
***
«Топайкөк» әнінің осы хикаясы жұртты ерекше елең еткізді. Менің қо-лымда ешбір музыка зерттеушісінің қаламына ілікпеген таңғажайып бір хат бар. Сол хатты оқып көрейін: «Құрметті Илья! Сіздің «ЕҚ» газетіне жазған «Топайкөк» атты мақалаңызды оқып, төмендегі деректерді жолдағым ке-леді. 8.11.2008 ж. Мақада әңгіме ретінде жақсы жазылған. Өзіңіз де жазу-шы, не журналист боларсыз. Сіз әңгімеде «Топайкөк» әні, оны таратушы Жарылғапберді, оның авторы Сақыпкерей (Қозыке) композиторды баса жа-зыпсыз. Мүмкін, Сіз, әдебиет танушы (литературовед) боларсыз. Ол әннің жеті түрі бар екен. Семей жағынан бір варианты депсіз, ал, бізге байланыс-ты бір ауыз сөз болсайшы! Жоқ! Келешекте осы әннің сөздері-өлеңін басы-лымға шығарсаңыз, көптен-көп рахмет, дер едім.
Қозыке, әрине, күшті композитор болған, өз заманының. Оның өлеңдерін өзіне беру де үлкен жұмыс. Ал, менің айтарым: Сіздің әңгімеңіздің арқауы болған Топайкөк жүйрік менің атам Мұсан Мәтенұлының жылқысы, тұлпа-ры. Ол (үш жүз аттың алдында келген) Қанжығалы руынан шыққан Шауып-кел батырдың асындағы жетпіс бес шақырым бәйгіде бірінші келген жануар. Оны мініп шапқан жиеніміз Құрманұлы Мұсабек, қазір жоқ, көз жұмған. Аттардың шапқан жері п.Белогородовка мен қазіргі Ұзынкөл-Бауман, яғни Қостанайдың Ұзынкөл ауданы мен СҚО п.Белогородовка аралығы болса керек. Осы кісі тірісінде ағамыз Садуақасұлы Қайролла (1913 жылы туған) екеуі кейінгілерге айтатын төмендегі жағдайларды: Шыңғыс тұқымы (Қозыкенің әкесі) Топайкөкті біздің тұқымнан сұрап үш-төрт рет келіпті. Олар келуін қоймаған соң, атамыз Мұсан (1857 – 1938ж.) тұлпарды беріпті. Ол ат Бөрте топайында ақ жүндес екен, содан Топайкөк атанған, бәйгі бермес жүйрік. Мұсан атамыз өзіміздің ауылдан бес-алты шақырым жердегі Қа-рабейітке қойылған. Ол кісі Шыңғыс тұқымымен құдандалы болып, бала-сы-тұңғышы Садуақасты (1888 жылы туған.) Нүрилаға үйлендіріпті. Ана-мыз Нүрила егіз баладан көз жұмған. Жалпы, әкеміз Садуақас төрт әйел алған. Солардан жеті ұл, екі қыз дүниеге келген. Қазір бары мен-Бекболат, одан соң екі інілерім: Бексұлтан, Шайсұлтан Ғ.Мүсірепов атындағы аудан-да, СҚО. Әкемізден алпыс бес түтін. Мұсан атамыздан тарағандар екі жүз түтіннен астам. Әкеміз жастайынан аттың құлағында ойнаған атбегі. Ат сыншысы. Дарабоз. Беделді атқамінер. Қазақстанның ол бармаған түкпірі болмаса керек. Кезінде «Алғабас» колхолының екі жүз бас жылқысын мың басқа жеткізіп, Бүкілодақ көрмесінде болды. 1952 жылы көз жұмды.
Сіз «Топайкөкті» бастадыңыз, енді аяқтауыңыз сұралады.
Топайкөктің алғашқы иегері-Мәтенұлы Мұсан атамыздың ұрпақтары туралы... менің орта жолдан киіп кеткенім дұрыстыққа жатпас. Біздің он екінші атамыз Қарақызұлы Сәтбек батыр қанішер Ермакты жойған, 1885 ж. 07. айында. Сәтбек атамыздан жиырма екі ауыл ел тараған. Ол жөнінде қиссаның жеті варианты бар. Ал, бір варианты – менің кітабым «Ақиқат пен аңызда» (2003ж.) көрсетілді. Ермактың жеті аты бар. Сол Василий Аленин Тимофеевич... Ертіс бойы Бұрматал дейтін жерде қанішер көз жұмған.
Біз Орта жүз ішінде Уақпыз. Тарихта – Оңғыт деп аталады. Кейін олар Оғыздарға, Түркмендерге қосылған. Оңғыттар жауынгер болған. Соғыс амалдарын жетік білген.
Құрметті Илья! Сіз мені кешіріңіз, мен сізді білмеуші едім. «Айқын» га-зеті қолыма кездейсоқ түсе қалды. Сіз жайында мақаланы түгел оқып, сіздің ұлы композитор екеніңізді жаңа білдім. Мен заңгер адаммын, көбіне заң, со-ған байланысты оқиғаларды оқимын. Алматы Мемлекеттік заң институтын 1953 жылы бітірдім. «Топайкөк» туралы мақалаңыз шықса жақсы болар еді. Сізден хат күтемін, Бекболат Садуақасұлы Мұсантегі. Соғыс ардагері, университеттің құрметті профессоры, жетінші Азиада ойындарының алау-
гері, алты том кітаптарым шықты.»
...Шоқан, Ақан сері, Қозыке, Жарылғапберділердің заманынан бері қилы-қилы аңыз боп шертіліп, әннің «Топайкөк» деп аталуының өзі тұңғиық құ-пия ретінде ашылмай келе жатқаны, небір ықылым сырларға қанық дейтін ғұлама көкірек жандарды сарсаң ойға салып, әбден ішқұста қылған көп түйін шешіле қоймай, жылжып жылдар өте берді. Шоқан өмірін мөлдіре-те жазған академик Әлікей Марғұланның өзі қияметтік дос Ақан сері мен Қозыке шырқайтын романтикалық әндердің қатарында осы «Топайкөкті» атап қана тынады. Академик Ахмет Жұбановтың зеріттеулерінде «Топай-көк» аталмайды да. Ал, бұл ғұламалардан бергі зеріттеушілер, музыка ма-мандары, әрәдік жазған кейбір тиіп қашты мақалаларда оның шығу тарихы бұрмаланумен келді. Жарылғапберліге телінді. Ән сөзінің қалай өзгеріске ұшырағаны зерделі көңілмен зеріттелінбеді. Осы қиямет іске жегілгеніме қаншама жылдар болды, ақыры аяғында «Топайкөктің» шындық хикаясы осылайша түзілді. Соноу Көкшетау қаласынан хат жолдаған Бекболат Са-дуақасұлының осы бір оқыс дерегі мен үшін ояна кеткен жанартау секілді көрінді. «Топайкөкке» байланысты бір жұмбақ шешілді. Ендігі ұмсындыра-тын сыр әннің өз сөзі... өз сөзі!
Осы толғаныс үстінде жүргенде үстіміздегі жылдың (2012ж) ақпан айы-ның жиырма екінші жұлдызы күні Астанадан тағы бір хат алдым. Хат иесі белгілі тарихшы – ғалым, бүгінде Қазақстан Республикасының Мемле-кеттік хатшысы Мұқтар Құл-Мұхаммед. Менің бүкіл шығармама зер са-лып, әндерімді, музыкалы новеллаларымды тыңдап, кітаптарымды оқып, өз пікірін жүздескен сәттерде, не болмаса, телефон арқылы таза жүректі, адал ниетті хас суреткердің өрелі ізетімен білдіріп жүретін Мұқтар «Бұлбұл әуезі», «Аққу әні» кітаптарыма жазған жүрекжарды лебізінің бір тұсын-да: «Топайкөкті» бүгінгі ұрпақ ұмытуға айналды. Сіз әнді ғана емес, оның шынайы авторы Қозыкені де тірілтіпсіз. Бұл туралы Шота Уалиханов аға-мыздың аузынан талай естісем де қабылдай қоймаған едім. Сіз сендірдіңіз, тіпті, сенбеуге мүмкіндік те қалдырмапсыз» деп, жазыпты.
Міне, таусыла қоймайтын зерттеушілік ісімнің ауырлығын сездірмейтін осындай ой демеуі мені жаңа бір құлшынысқа жетелегендей «Топайкөктің» тағы да ашылар құпиясына ынтықтыра түсті.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter