Эсселер ✍️

  18.02.2026
  11


Автор: Зарина Талдыбаева

Жыныстық теңдік және құқықтар декларациясы

XIX ғасырда АҚШ-та әйелдер еңбек жағдайларын жақсарту үшін күресіп, белгілі бір жетістіктерге қол жеткізді. Мысалы, өндіріс орындарында әйелдер көбінесе тәулігіне 16 сағат жұмыс істеп, еңбек заңдары олардың құқықтарын толық қорғаған жоқ. 1857 жылы 8 наурызда Нью-Йорк қаласында мыңдаған әйел фабрикалық жұмысшылар жаппай ереуілге шығып, 10 сағаттық жұмыс күнін бекіту, жарық бөлмелермен қамтамасыз ету және ерлермен тең жалақы алу талаптарын қойды.


 


 


 


Бұл оқиға әйелдердің қоғамдық және саяси құқықтары үшін күресте ерекше мәнге ие болды. Әйелдер Манхеттен көшелерінде темір ыдыстар мен ас құралдарын сылдырлатып, өз талаптарын жұртқа паш етті. Ағылшын және американдық баспасөз бұл ереуілді «Бос ыдыс шеруі» деп атаған. Осы оқиғадан кейін 8 наурыз әйел құқықтарын талап етудің символдық күніне айналды.


 


 


 


1910 жылы Дания астанасы Копенгагенде өткен Екінші халықаралық жұмысшы әйелдер конференциясында Клара Цеткин халықаралық әйелдер күнін белгілеуді ұсынды. 1911 жылдан бастап бұл мереке Еуропа елдерінде, кейіннен бүкіл әлемде, соның ішінде Кеңес Одағы құрамындағы Қазақстанда да аталып өтіле бастады.


 


 


 


Бүгінгі таңда көптеген елдерде әйелдердің құқықтарын қорғау заңнамалық деңгейде қамтамасыз етілген. Соған қарамастан, гендерлік теңсіздік мәселелері әлі де сақталып отыр. Әлемнің көптеген мемлекеттерінде әйелдердің табысы ерлерге қарағанда төмен, ал басқару және саясат саласында олардың үлесі жеткіліксіз.


 


 


 


Қазақ дәстүрінде ата-ананы сыйлау, қыз баланы құрметтеу сынды қағидалар өмірлік тәжірибе арқылы қалыптасқан. Әйелдерге арналған арнайы мереке болмаса да, сыйластық пен құрмет көрсету дәстүрі күнделікті өмірде жалғасқан. Дегенмен тарихта полигамия және қызды келісімсіз ұзату сияқты жағдайлар әйел құқығын таптау мысалы ретінде кездескен.


 


 


 


Қазақстанда заң жүзінде әйелдердің құқықтары қорғалған. Әйелдер істері және отбасы-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия арқылы гендерлік саясат жүргізіліп, әйелдердің қоғамдағы белсенділігін арттыруға бағытталған жұмыстар жүзеге асырылады.


 


2009 жылы қабылданған «Ерлер мен әйелдердің тең құқықтары және тең мүмкіндіктері туралы» заң, 2006–2016 жылдарға арналған Гендерлік теңдік стратегиясы, сондай-ақ 2030 жылға дейінгі отбасы және гендерлік саясат тұжырымдамасы әйел құқықтарын қорғауды жүйелі түрде қамтамасыз етеді.


 


 


 


Жаңа тұжырымдама бойынша әйелдердің шешім қабылдау деңгейінде үлесін арттыру, гендерлік кемсітушіліктің барлық түрін жою, экономикалық және әлеуметтік құқықтарды тең қолдануды қамтамасыз ету, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа жол бермеу, гендерлік стереотиптерді жою қарастырылған. Сонымен қатар, әйелдердің экономикаға араласуы, кәсіпкерлігін дамыту және ауылдық жерлерде қолдау көрсету шаралары да белгіленген.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу