23.11.2025
  242


Автор: Назерке Батырханова

Өсиет

Жаздың қоңыр салқыны сезіле бастаған кеш еді. Күн еңкейіп, ауыл шетіндегі ескі талдардың жапырақтары ақырын сыбдырлай тербеліп тұр. Сол талдардың түбінде, шежіре толы жүзінен өмірдің сан тарам ізі көрінетін қарт адам немересі Ерасылды күтіп отырған. Ерасыл — он үшке енді толған, бала мінезі басылмаған, бірақ жүрегі таза, алғыр бала. Ол атасын ерекше жақсы көретін, ал атасы оны қасына алып әңгіме айтуды ұнататын. 


 


Ерасыл жүгіріп келіп, атасының жанына жайғасты. 


 


— Ата, бүгін қандай әңгіме айтасыз? — деді ол үміттене. 


 


Қарт күлімсіреп, қолына таяғын ұстап, ескі талға сүйенді. 


 


— Бүгін саған әңгіме емес, өсиет айтамын, балам. Адам өмірде әлденені ерте білгеннен ұтылмайды, — деді. 


 


Ерасыл атасының қалың қабағынан бұл жолғы әңгіме ерекше мағыналы болатынын сезді. 


 


— Балам, — деп бастады қарт жай дауыспен, — адам  қандай болу керек? 


- Ерасыл бір сәт ойланып, жауап таба алмай, үнсіз тұрып қалды.


- Қарт оның ойланып қалғанын көріп,  сөзін өзі жалғастырды:


 


Адам қандай болса да, ең алдымен жүрегімен танылады. Жүрегі  таза болса, сөзі де, ісі де түзу болады. Кейде адам көп нәрсеге қол жеткізуге тырысады, бірақ шын байлықты түсінбей кетеді. Шын байлық — адалдық пен адамгершілік. 


 


Ерасыл ойланып қалды.


— Ата, адамгершілік дегенді қалай түсінуге  болады? 


 


Қарт сәл жымиып, немересінің басынан сипады. 


 


— Адамгершілік — адамға жақсылық жасауға дайын тұру, ешкім көрмей тұрса да, жамандыққа бармау. Жауапқа тартылмайсың деп ойлап, өтірік айтсаң — ол да адамгершіліктен жұрдай болу. Адам болу үшін алдымен өзіңе адал бол. 


 


Араларында бір минуттық үнсіздік орнады. Тек тал жапырағының сыбдыры мен алыста ойнаған балалардың дауысы ғана естіліп тұрды. Атасы сөзін жалғастырды: 


 


— Бір кезде мен де жас болдым. Сонда бір нәрсені кеш түсіндім. Адамды бай қылатын — үйіндегі алтын-күміс емес, жүрегіндегі мейірім. 


 


Қарт таяғын жерге қадап, терең дем алды. 


 


— Екіншіден, балам, еңбектен қашпа. Еңбек — адамды шыңдайтын ұстаз. "Еріншектің ертеңі бітпейді" деген сөз бар. Сен бүгін жассың, сергексің. Әкеңе, анаңа қолғабыс қыл. Үйдің шаруасына аралас. Бос отырған адамның ойы да бос болады. Ал бос ой — адамды пайдасыз іске итермелейді. 


 


Ерасыл басын изеді. Соңғы кезде телефонға көп уақыт бөліп кеткенін ойлап, ұялып қалды. 


 


Қарт оның ойындағысын сезгендей: 


 


— Уақыт — ең қымбат қазына. Оны босқа сарп етпе. Өткен уақыт қайтып келмейді. Сенің бүгінгі бір сағатың ертеңгі бір күнге татиды. Өмірдің қызығы тек ойын-сауықта емес, ізденісте, еңбекте, жақсылық жасауда.


 


 


Атасы немересіне ойлана қарап, сөзін одан әрі жалғады: 


 


— Үшіншіден, жүрген жеріңде із қалдыр. "Жақсының аты — өлмейді" деген сөз бекер айтылмаған. Адамның қалдырар мұрасы — жасаған жақсылығы. Бір күні сен де ер жетесің, отбасы құрасың. Сол кезде жұрт "мынау — жақсы атаның тәрбиесін көрген бала" десін. Бұл — менің арманым. 


 


Ерасыл атасының жүзіне қарап, оның әр сөзін ойына тоқытып отырды. Атасының көзінен жылулық қана емес, өмірдің талай белесінен өтіп жинаған даналық байқалатын.


 


 


— Төртінші өсиетім, балам, — деді қарт сәл үнсіздіктен кейін, — ешкімді кемсітпе. Адамды киіміне қарап емес, жүрегіне қарап бағала. Адамның әрқайсысы — бір әлем. Біреудің кемшілігін көрсең, соған күлме. Керісінше, қолыңнан келсе көмектес. Кішіпейілділік — ердің көркі. 


 


Ерасыл атасының қолын ұстап: 


 


— Ата, сіз неге мұның бәрін маған бүгін айтып отырсыз? — деп сұрады. 


 


Қарт күлімсіреп: 


 


— Өйткені сен есейіп келесің, балам. Ертеңгі күні үлкен өмірге аяқ басқанда, осы айтқан сөздерімді еске алатын кез келеді. Бәлкім, өмір сені сынауы мүмкін. Сонда жалғыз сенімді серігің — жүрегіңе түйген тәрбиең болады.


 


 


Күн батып, аспанды қызғылт түсті сәуле жапты. Қарт орнынан баяу тұрып, немересінің иығына қолын қойды. 


 


— Соңғы өсиетім: ата-анаңды құрметте. Олар — сенің өмірдегі ең үлкен байлығың. Қателессең, кешіреді. Құласан, демеу болады. Олар барда сен ешқашан жалғыз емессің . Бір күні оларды сағынар шақ туады... сол кезде "айта алмай қалған сөзім бар еді"деп өкінбе. Құрметтеп өт. 


 


Ерасылдың жүрегі біртүрлі болып кетті. Атасының даусы әдеттегіден баяу, бірақ ерекше әсерлі естілді. 


 


— Ата... Мен сіздің өсиеттеріңізді ешқашан  ұмытпаймын, — деді ол шынын айтып. 


 


Қарт оның арқасынан қақты. 


 


— Ұмытпасаң — менің арманым орындалғаны. 


Батырханова Назерке Ертайқызы 


 




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу