Эсселер ✍️
Эсселер ✍️
26.09.2025
62
Қабылдау мәдениеті-қоғам айнасы
Қазір адамдардың тұрмыс жағдайы түзеліп, қолында көлік, үстінде сәнді киім, басында баспанасы бар жандар аз емес. Бірақ, сол материалдық жетістіктің тасасында адамның ең негізгі құндылығы – бірін-бірі қабылдау, сыйлау сезімі әлсіреп бара жатқандай. Қоғамда кейде адамды бағалағанда оның адами болмысына емес, ата-анасының кім болғанына, қызметіне немесе әлеуметтік жағдайына қарап пікір түзу әдетке айналған. Егер біреудің әкесі не шешесі елге сыйлы болмаса, ол жанды сыйламауға болады деген көзқарас қалыптасқандай. Ал жағдайы төмен адамға тіпті назар аудармау – кей орталарда қалыпты дүние болып кеткен. Бұл – қоғамдағы ең ауыр алалау түрі. Ауыл ішінде өзіндік ой-пікірі бар адамдар бар, бірақ өте аз. Көпшілігі біреудің айтқанымен жүреді, басқаның көзімен көреді. Жеке ізденіс, шынайы талдау, әділ пікір айту жетіспейді. Осындай ортада өсек пен жалған әңгіме тез тарайды. Бір мысал: Жаннұр Балнұрды себепсіз ұнатпайды делік. Сол үшін Балнұрдың әрбір қадамын тек жаман жағынан ғана көреді. Оның жай ғана ыңғайсыз жағдайға түсуін «жаман қасиет» деп ойлап, оны басқаға жеткізеді. Әңгіме бір қолдан екінші қолға өткен сайын үстемеленіп, өзгере береді. Сөйтіп, ақыры бүткіл ауыл алдында Балнұрдың бейнесі бұрмаланып, «жаман адам» болып шыға келеді. Міне, осындай әділетсіздіктен бөліну, алалау басталады. Әсіресе әлеуметтік жағдайы төмен адамдардың жан дүниесі қатты күйзеліске түседі. Өзін қоғамда жалғыз сезіну – адам үшін ең ауыр сынақ. Нағыз байлық – материалдық дүние емес, адамның жан дүниесі, қабылдай білуі, өзгеге әділ көзқараспен қарай алуы. Қоғамның дамуы – әрбір адамның өзіндік пікірі бар, бірін-бірі сыйлай алатын ортаның қалыптасуымен өлшенеді.
Мақала авторы: Психолог Индира Ғалымжанқызы
Мақала авторы: Психолог Индира Ғалымжанқызы
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇