Өлеңдер ✍️

  27.07.2025
  249


Автор: Самрат Құскенов

ЖҮРЕКТЕ ЖАМБЫЛ АТЫҢ

 


Өлең барда көңілім түңілмеген,
Шабыт келсе, көзімді түн ілмегем.
Жамбыл жырын жатқа айтып жүргендер көп,
Астарына не бар деп үңілмеген.


Ұқпаған соң оңдырмай, қаралаған
қоғам қайбір ойыңды саралаған?
Өзің жайлы қауесет желдей есіп,
Қаңқу сөздер жүректі жаралаған.


Жырларыңнан жан дүнием арайланған,
Биік тұрса түпсанам талайлардан.
«Отанды сүй» деп сенен ақыл алып,
Руханияттан қазағым сарай салған.


Мәңгі жасап тұрған соң өлеңдерің,
Аруағыңа бас иер өрендерің.
Ақ батаңнан рух алып сан ғасырлар,
Батасыздың біледі төмендерін.


Тұла бойды тербетіп жаңғырған ән,
Өзімізше береміз тағдырға мән.
Көшеңде де жүреміз мақтанышпен,
Жыр алыбы болған деп Жамбыл атам.


Мүсінің тұр ел маңын жадыратқан,
Қуат алып киелі топырақтан.
Тоқсан тоғыз жасаудың сырын ашып,
Байқалады түскендей хатың хақтан.


Меймандарды суретің қарсы алады,
Бір облыстың жүгін де арқалады.
Ұлылығын Жамбылдың ұлықта деп,
Қызылжарым әлемге жар салады.


Жырларыңды жаттаса, ұрпақ алып,
Қазақ халқы кетпейді ұнтақталып.
Бақыттымын, шыңдарға қол сермедім,
Атыңдағы ауданда құндақталып.


Ақында кез болмайды тарығатын,
Сәт болса да жалғаннан жалығатын.
Талдасақ та мұраңды Жамбылдатып,
Көкіректе сайрап тұр Халық – атың.


Жайымыз жоқ қазақтан сақтанатын,
Ақын едік өлеңнен бақ табатын.
Туғандықтан жүз елу жылдығыңда,
Құқығым бар өзіңмен мақтанатын.


Ұлы жолда менің де бар мұратым,
Орта іздеп жүрсек те жанды ұғатын.
Жырларыңды түсініп, сүйгендіктен,
Дүрсілдеп тұр жүректе Жамбыл атың... 




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу