Өлеңдер ✍️

  17.07.2025
  198


Автор: Самрат Құскенов

НӘТИЖЕ ШЫҚСА АБАЙДАН

 


Жамандығыңды жасырып,
Жақсылығыңды асырып.
Мініңді көрмей, көз көрген,
Пәленің бәрін қашырып.


Сыртынан сөйлеп басқаның,
Ойластыратын ас қамын.
Сөз ұқпас жанға сыр ашпай,
Шаққаным дұрыс тасқа мұң.


Жыландай болдың ысылдап,
Мінезің бірден қышылдап.
Өзіңді тұлға санайсың,
Өсектеп жұртты, пышылдап.


Артта қап талай шақырым,
Жылжиды уақыт ақырын.
Жатса да жасың ұлғайып,
Кірмей жүр әлі ақылың.


Қыран боп ұядан түледің,
Биіктігіңді тіледің.
Тоқтаулық болмай бойыңда,
Кірледі таза жүрегің.


Даңқыңа болса, сай атың,
Санаңда тұрмас айла тым.
Шыдамай, құлап, кетесің,
Болмағандықтан қайратың.


Тимесе елге шарапат,
Төнеді басқа алапат.
Сақтамас аппақ арыңды,
Кеудеңе таққан марапат.


Атақпен өлшеп сыйыңды,
Лауазым жиды қиыңды.
Өсудің жолын іздейсің,
Толықтырмастан миыңды.


Өткізіп мәнді жылымды,
Жүрекпен жазам жырымды.
Тентіреп кетті сюцайлап,
Меңгеріп алған ғылымды.


Кесек ет содан тілінді,
Қышытып қоғам тілімді.
Айналдырмасаң өнерге,
Қайтесің терең білімді.


Бұлдырап кетіп кешегі,
Надандық – ұлттың шешегі.
Керуеннен кітап арқалап
Өтеді заман есегі.


Абырой – шыңға жеткенің,
Өзіңді адам еткенің.
Абайды толық түсінсең,
Талдама жұрттың «неткенін».


Қырық бес қара сөзіңді
оқумен алдап өзіңді.
Байыбын білмей әр ойдың,
Құртасың босқа көзіңді.


Уайымың – «Бұл ел не дейді?
Зерттеген бай мен кедейді».
Өз ойы барлар қашанда
Еңбек пен құтым тең дейді.


Ұят болса, адал өсер ек,
Шыншылға кілем төсер ек.
Нәтиже шықса Абайдан,
Сөз айтпай, іске көшер ек.
©Самрат Құскенов 




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу