Өлеңдер ✍️

  29.05.2025
  735


Автор: Самрат Құскенов

Мәртүктеу аға

 



Тұрса да өзі көз салып білім шыңына,
Халықтың қарай алмаған айтқан сынына.
Сөзі мен ісі сай келмей жүрген ағам-ай,
Арыңды қорлап, келесің тиіп жыныма.



"Кішілік қайда?" дейсің бе, алып жағамнан,
Кісілік кетіп, айрылып қалып бағаңнан.
Маңдайға тағдыр жазған-ау іні болуды,
Ассам да, аттап өтпейтін жасық ағамнан.



Ірілік қайда?
Өзіңнен көре алмадым,
Ізіңмен еріп, белестен өте алмадым.
Сын айтып жүрсең, шын айту керек сынды да,
Өтірік айтқан сөзіңе көне алмадым.



Ағам-ай өзің білесің, кешір, кешірме!
Өтінем, бірақ таланттың шамын өшірме.
Аспаннан ешкім түспеген еді салбырап,
Өткенге көз сал, бетімен сөйлеп, есірме.



Бұл өлең саған мақала емес жазатын,
Ой емес, дайын деректің түбін қазатын.
Журналист құсап мәлімет сұрап жүрмейміз,
Жүректен шыққан жолдарда жатсын Азат-Үн!



Сондықтан ақын толғаған жырды сарала,
Жырымен қиял әлемін бірге арала.
Мәртүктеу аға, қолыңнан келмес іс болса,
Өлеңді талдап, қорлама!
Жерге қара да!



Сол болсын сізден біз көрген титтей ірілік,
Ірілік барда, шарықтай түсер кісілік.
Мәртүктеу аға, АҒАЛЫҚ иісі жоқ жерде
еш құрмет күтпе,
Әкеңнің басы, ІНІЛІК...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу