Өлеңдер ✍️
Жамбыл аудандық кітапханада өткен кездесуде айтқан сөз
Өлең барда шықпайтын жаман аты,
Жазғандары болашақ аманаты.
Қызылжарда "Қаршыға" деп аталды
Сенің қиял қуатын азаматың.
Қасиетін жеріңнің маған берді,
Шабыт қылып кеңдігін дала-белдің.
Аудан түгіл, Алашқа ортақ ұл деп
Тәрбиелеген ауылым Амангелді.
Халық ардақ тұтады есіл ерін,
Сыйлайтын ел болған соң есіремін.
Қанша алып туыпты келіндері,
Ақтарсаңдар Көбеннің шежіресін.
Қос журналист қалдырған сара жолды,
Ұрпақ өзі түсінсе дара жолды.
Әкімжанов Мырзахмет Құлагерім,
Қоқыбаев Малдыбай Дарабозым.
Артына із қалдырған бәтуалы,
Алдына жан салмас сөз балуаны.
Мемлекеттік сыйлықтың иегері ғой,
Шаймерденнің қадірлі Сафуаны.
Өткен күнді қопарып отырайын,
Болашақтың үніне қосылайын.
Математика саласын талқыласаң,
Айтқожаның көресің Қосыбайын
Қазақстан Жазушылар одағында
мүше болды,
От болды қоғамында.
Тұлғаң еді Зейнолла Әкімжанов,
Туған жердің жерленген қойнауында.
Ата салттан ешкім де тайынбаған,
Перзентіңе Күнің - жыр, Айың - дара.
Ағаларға ізбасар іні болды,
Журналистің Шаймерден Сайын ағам.
Уақыт деген тұрса да алмастырып,
Ел ішінде тұрады ән айтылып.
Құрсағынан ананың ұл шықпай ма?
Тектілердің тамырын жалғастырып.
Сол ұл осы мен болам,
Ақын балаң,
Жамбыл десе қашан да жаным-алаң.
Амангелді екінші Гүлтөбе ғой,
Баурайында ұлылар жалындаған.
Тағдыр деген таңба бар маңдайдағы,
Шабыт жыры айтылса таңдайдағы.
Туса "Жамбыл ауданы!" деп туады,
Нәрестелер іңгәлап Қантайдағы.
Кітапханаң ақын деп шақырады,
Солай менің бағымды асырады.
Одан неге жаман боп көрінейін,
Руханияттың елесе шаңырағы.
Бір кемшілік міндетті түрде болар,
Онсыз қалай табиғат гүлге толар.
Ал, аудандық мәдениет үйі үнсіз,
Кеш өткізсе, тамаша күн де болар.
Қанағатсыз боп тұрсам кешір мені,
Көңілімнің бұл да бір семіргені.
Ақын туған жеріне еркелесе,
Қайғының да басынан сейілгені.
"Тәубе" деген қарындар адаспайды,
Бірақ, қарын дарынмен санаспайды.
Нәжімеденов Жұмекен кесіп айтқан
"Қанағат!" деу талантқа жараспайды.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter