Өлеңдер ✍️

  29.05.2025
  333


Автор: Самрат Құскенов

Құрдас қызға

 



Айға қолы жетпегендей көктегі,
Ағамның бар саған айтар өкпесі.
"Қыздың жасы он сегізде!" демей ме?
Сенің жасың күн шуағын төкпеді.



"Екі бес!" деп тура айтсаң да жасыңды,
Дұрыс ұқпай теңіз жүрек тасынды.
Сұрағына қисық жауап беріпсің,
Желге қарсы желбіретіп шашыңды.



Қыздың сыры жұмбақ болса ағама,
Махаббаттың отын сезім жаға ма?!
Сенікі жөн, қате болды оныкы,
Жете алмаған "Ару!" деген бағаңа.



Жиырма бес қой,
"Екі бес!" деп тұрғаның,
"Екі бес!" деп аттың басын бұрмадың.
Ешкім білмес жұмбағыңның жауабын,
Түсінсе де, қиял қуған құрдасың.



"Елу бесте екен!" дейді дүлейім,
Есалаңға енді қалай күлейін.
Тым құрыса қарамай ма жүзіңе,
Махаббатқа арнай алса жүрегін.



Әжім мүлде түспеп еді бетіңе,
Бұрымды қыз болған жансың еліңе.
Ағам бәлкім көрсоқыр боп кеткен-ау,
Қызқұмарлық жеткен шығар шегіне.



Келбетіңе төгілген ай нұры бар,
Ақ арыңда адалдықтың құны бар.
Лайық емес дәрежеңе ол ағам,
Ұзын шашты көргендерге құнығар.



Былығатын қайда тисе тұяғы,
Үйірі жоқ айғыр жанын қияды.
Сені әйел көрген елу бестегі,
Жиырма бесте екеніңді білген соң,
Келуге оның қысып жатыр ұяты...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу