Өлеңдер ✍️

  29.05.2025
  133


Автор: Самрат Құскенов

Құлазып жүр көңілім

 



Қызметтен де, өнерден де кетемін,
Өз-өзімді сөйтіп азат етемін.
Жалғанына күліп жүрмей өмірдің,
Арманыма бір-ақ сәтте жетемін.



Қызметтен де, өнерден де жалықтым,
Сәулесіне құштарланып жарықтың.
Тіпті, кімнен туғанымды ұмыттым,
Айналған соң баласына халықтың.



Біреу болса, шаттандырып анасын,
Әкесімен алды үйдің жаңасын.
Біреу болса, сүйгенімен қосылып,
Махаббатпен нұрландырды санасын.



Біреу болса, достарымен сырласып,
Бара жатыр тіршілікте қыр асып.
Тағы, біреу туыстарын түгендеп,
Жүр өзінің маңайына нұр шашып.



Біреу болса, жүргізіп жүр көлігін,
Төрт доңғалақ келтіргендей көрігін.
Ал, мен болсам шыр айналып күн кешем,
Сәнім болып шапаным мен бөрігім.



Өмірге де өтірік айта алмадым,
Өнерден де кері қайта алмадым.
Өзіме де жалған сөйлей алмастан,
Қанатымды құс боп жая салмадым.



Бейшарамын қарсы жүзген ағысқа,
Еліктеймін деп өзімше барысқа.
Ақын болып туғанымды білдім ғой,
Аттануым керек еді алысқа.



Соңғы кезде құлазып жүр көңілім,
Түсінбейді туып-өскен өңірім.
Әрқайсысы тірлік кешед(і) өзінше,
Сонда қайда менің жеке өмірім.



Қаза берсең, трагедия бітпейді,
Трагедия жақсылықты күтпейді.
Әр адамды ойландырса, осы сөз,
"Істемесем егер мен, кім істейді?..."



Қызметпен де, өнермен де қоштасам,
Еркіндікпен әдемілеп достасам.
Ойлаймын да қоя салам, қол сілтеп,
Ұлтымнан ұят үлесімді қоспасам.



Қызметім де, өнерім де далбаса,
Елім үшін артыма із салмасам.
Қазақстанның саулығына бас тігіп,
Ертеңіне құрбан бола алмасам.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу