Өлеңдер ✍️
Сұлу ақындық
Әдемі өлең жазуға шамам жетпейді,
Кәделі өлең авторы болып жүрсем де.
Тән дерті менің жырымды дауа етпейді,
"Жан сөзін" талдап, шабытқа құлақ түрсем де.
Маңдайға елге сүйікті болу жазбаған,
Таңдайға сөз сап берсе де ұлы Құдайым.
Жалқаулық қанда, білімнің кенін қазбаған.
Аңқаулық дос боп жолымды кескен ұдайы.
Болашақ, мені қайталап жүрме, есіріп,
Балалар үшін жоғары тұрсын даналық.
Поэзия енді жатпайды бізді кешіріп,
Оқыған жырдан табылып жатса шалалық.
Мағжанда ғана Алланың берген дарыны,
Бағасы артық жинаған бүкіл алтыннан.
Дастан боп "Қойлыбайыңның қобыз сарыны",
Қошемет көрген Түркінің бүкіл халқынан.
Мағжанға ғашық бол, сонда жүрек тазасы,
Сөзімен баулап, аударған әлем назарын.
Тартып жүр оқып көрмеген ардың жазасын,
Оқумен нұрландырмаған көңіл ажарын.
Мағжанды оқы, керек пе сұлу ақындық?
Меруерт сөз тізген сезімнің әрбір жырына.
Табылар содан ұлтыңа деген жақындық,
Үңіле алсаң жұлдыздың сөнбес сырына.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇