Өлеңдер ✍️
Ез
(ШЫМШЫМА)
Еркектерді әдемілеп мақтаймыз,
Бос мақтаумен дәрежесін сақтаймыз.
Қызтекені қосамыз да сабына,
"Жаратылыс осындай!" деп ақтаймыз.
Мияулайды мәселесін талқылап,
Қиялдайды өзінше бір жарқырап.
Өзін-өзі аяп жүрген мүсәпір,
Өмірінде жанғандай-ақ шам-шырақ.
Тыпырлайды боқ дүниеге құл болып,
Жыбырлайды жан-тәнімен гүл болып.
Лапылдаған оттай бола алмаса,
Қандай пайда туғанынан ұл болып?..
Көтерем қой құсап алған тынысын,
Дұрыстап та жасамаған жұмысын.
Әйелдердің қатарынан көрсең де,
Белгілеген құжат "Ер" деп жынысын.
Сызылады сәлеміңді алғанда,
Қиналады еңбекпен із салғанда.
Ер мінезді бабалардың артында,
Қыз мінезді ұрпақ қапты жалғанда.
Ісін көріп, өз-өзімді қинаймын,
"Өзі білсін!" деп бір рет те тыймаймын.
Елге пайда тигізбейтін жігітке,
Үкіметтің жалақысын қимаймын.
Еш шаруаны алмаған соң қолына,
Айналып жүр көпшіліктің сорына.
Болашақта боркеміктер қаптайды,
Болбыр түссе ұстаздықтың жолына.
Ез оқытқан оқушылар оңбайды,
Қыз қылықты тұғырына қонбайды.
Ұл баланы тәрбиелесек ер қылып,
Ғұмырының аязына тонбайды.
Қысқа арнап шырқаса да жаз әнін,
Тіршіліктің көріп жүрміз мазағын.
Ез алдынан білім алса ұл-қызың,
Ел ертеңін естен шығар, қазағым.
Ез емес пе үмітіңнің солғаны,
Ержігіттің қыз мінезді болғаны.
"Қорғансыздың күнін" кешер жары да,
Өзімшіл боп жаралған соң Қорғаны.
Енді қалай құртамыз бұл кеселді?
Жасық адам қайтармасын меселді.
Қазақылық жолға түсе қоймайды,
Нәзіктікпен қорлаған соң ез ерді.
Түзелуге жетеді ғой шамасы,
Сыйлы болса, өзінің жан анасы.
Ғылым жолын меңгергеннен не пайда,
Өзгеруге ұмтылмаса санасы...
Ұлтымызды салса тағдыр тезіне,
Елмен бірге қиындықты сезінем.
Азаматтық позициясы болмаған
Алла сана бер, қоғамның езіне.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇