Өлеңдер ✍️
Қазақтың цензурасы
Өнер шіркін, құт қондырған кие еді,
Киеліге бірақ, кім бас иеді?
Ізденіспен ой жеткізсем астарлап,
Жырым жұрттың көңіліне тиеді.
Ақылсыз боп қалғандықтан данасы,
Белгілі боп тұр қоғамның шамасы.
Айналамда жер сілкініп жатқанмен,
Сілкінбей-ақ қойды елдің санасы.
Сосын, қайдан үстем болсын мерейім?
Жүрек сөзін ар-ұятымнан терейін.
Биік шыңға өрмелеймін талпынып,
Балағымнан тартса да өз Керейім.
Жан-тәнімді әлдилейді ғажап түн,
Дәмін татып жүргендіктен азаптың.
Кемшілікті жазсам, ойды құртады,
"Ұят болады" - цензурасы қазақтың.
Ұят болмайды, ұлттың көзін ашқаным,
Ұят болмайды, сан белестен асқаным.
Ұят болады, қуыршақ қып аруды
алдап-арбап, абыройын шашқаным.
Ұят болады, жеті атамды білмесем,
Ата сөзін құлағыма ілмесем.
Туыс, достың арқасында басшы боп,
Қызметіме өз ынтаммен кірмесем.
Ұят болады, таланттыны қорласам,
Маймөңкелеп, жағымсынып сорласам.
Аттап кетіп жұрттың ала жібінен,
Өсер ұлдың адал жолын торласам.
Шын дарынға тұсау болған тас қала,
Мәңгі бақи руханияттан аш қала.
Ұялатыннан ұялмай күліп, мән бермей,
Ұялмайтыннан ұялып жүру - масқара
Неше түрін көріп келем мазақтың,
Өз беделін алмаған соң Азат күн.
Ұяттың өзін адастырған жолынан,
Қызық екен цензурасы қазақтың.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇