Өлеңдер ✍️

  26.05.2025
  129


Автор: Самрат Құскенов

Уақып

 



Жүрегім менің айыпты,
Болмаған мүлде байыпты.
Орындалса да парызым,
Сауаптар бастан тайыпты.



Адам көп ізін салмаған,
Тарихта аты қалмаған.
Шапқандар Ақсақ Темірдей
Кесене сала алмаған.



Өзінің білмей шамасын,
Қоғам жүр іздеп "жаңасын".
Талқылап, талдай алсақ қой,
Өткеннің уақыпнамасын.



Құдайым берсе санаға,
Айналар әлем панаға.
Бауыржан Момышұлы да,
Пәтерін берген анаға.



Байқасаң, бұл да - дүр уақып,
Мемлекет үшін бір жақұт.
Халықты жомарт болуға
шақыра білген Міржақып.



Жібермей босқа уақытты,
Бере алсам елге бағытты.
Міскінге тисе көмегім,
Болар ем мен де бақытты.



Аңыз қып жүрген төңірек,
Ырысқа толы өңір ек.
Құт-бағым мұқтаж жандарға,
Жәрдемім тисе көбірек.



Көңілдің тербеп наз-әнін,
Ой кенін толғап қазамын.
Ұрпаққа уақып болатын
Қазына жырлар жазамын.



Сол ғана келер қолымнан,
Бақ аспай қойды сорымнан.
Уақып қой артта қалған жұрт
Өнеге алса жолымнан.



Ел бола білсек зайырлы,
Қанаты құстың жайылды.
Алушы қолдан қарағым,
Беруші қолың - қайырлы.



Қадірін білмей уақыттың,
Біреуге кінә тағыппын.
Көрінген сүннет амал боп,
Сауабы көп қой уақыптың...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу