Өлеңдер ✍️

  26.05.2025
  165


Автор: Самрат Құскенов

Жамбылдық Серік Қалиевтің өмірінен түйген ой

Бұл жалғанның бар ма осы қайыры?
Қор боп біткен шын асылдың тайыры.
Тірісінде еш қадірі болмаған,
О дүниеге кетті елдің шайыры.



Ізі болып жазған жыры қалыпты,
Өтпесе де тірлігі бір қалыпты.
Қазақ неге ардақтайды өлген соң,
Жоғын іздеп түгендеген алыпты?



Тума талант қорланады неліктен?
Дүлей қоғам ғайбат айтып жеріккен.
Көрінгенмен уәдесіне берік боп,
Қапасызда айрылды ғой Серіктен.



Серік емес, ажал құшты шабытым,
Ойсыздарға салмай кетті сабытын.
Кітапхана сөресінде тұрады
Жерленбеген кітап деген табытым.



Қайда қалдық, көріскенде мақтасақ?
Қайда жүрдік, тірі кезде жақтасақ?
Салған бір уыс топырақтан артық қой,
Бір шумағын жаттап, есте сақтасақ.



Меруерттер де құнсызданды қарағым,
Ұқпаған соң тіршіліктің қара-ағын.
"Ақыным-ай" деген қыртқан әңгіме,
Ашпасақ жыр жинағының парағын.



Жат көрініп кеткен бауыр-жақыным,
Атқа қонсам, қыса білген тақымын.
Таубаға кеп, руханиятқа бет бұрсақ,
Ортамызға оралады ақыным.



Талантсыздың таланттыны бөлгенін,
Ұлтқа қылған қиянаттай көргенім.
Қазағымның менсіз жері кеңейсе,
Дұрыс шығар жүре бермей өлгенім.



Қораз елдің жиылмайды айыры,
Жер қойнына жерленгенше шайыры.
Түсінбесек адам қымбат екенін
Болмайды екен қазаның да қайыры.



Әлі талай таланттар да туады,
Ұлы жолға белді бекем буады.
Туғанынан зиян көріп жұрт бірақ,
Өле-өлгенше "Қияли!" деп қуады.



О дүниеге аттанғанша шайыры...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу