Өлеңдер ✍️

  26.05.2025
  167


Автор: Самрат Құскенов

Мақтаншақтық

 



Адамдар-ай, үмітті ақтамаған,
Шыншылдықты ешқашан жақтамаған.
Өз күшімен еңбектеп көтерілген
Адам ғана өз-өзін мақтамаған.



Қайраткер боп, іскер боп бөсетіндер
Аспандағы бұлтыңдай көшетіндер.
Өз күшіне сенбеген ұпай жинап,
Арқасында біреудің өсетіндер.



Солар ертең ұлтыңды өшіреді,
Жалғандықтың рейтингін өсіреді.
Өзін мақтап, мадақтап ел алдында,
Өткен шағын ертеңге «көшіреді».



Шынын айтсаң, ит қылып тастайды да,
Жан дүниеңді жаламен ластайды да.
Өзін жақсы қырынан көрсетуге
кедергіні жоқ қыла бастайды да.



Іші тар деп өзіңнен сақтанады,
Қасындағы иттермен мақтанады.
Мақтаншақтық адамды құртатынын
Айтқандарды неге жұрт жақтамады?!



Маймөңкелеп кететін барлығына,
Арсыз болу – жалғанның жарлығы ма?!
Тумысынан турашыл болған жандар,
Бос мақтанның сыймайды тарлығына.



Мұрат етіп досынан сақтануды,
Өсу үшін жанына жаққан уды.
Көтке кіріп, табанды тілмен жалап,
Шексіз сүйген қоғам-ай, мақтануды.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу