Өлеңдер ✍️
МАҒЖАН МЕН ҚЫЗЫЛЖАР
Қызылжар десем, оралды Мағжан ойыма,
Қайсар рух тұнып, от берген тұла бойыма.
Қадірін білмей қолында тұрған алтынның,
Тұлғасын құртқан қазағым-аңқау, мойыма.
Мағжаның өлмес, қалдырған маржан жырларын,
Архивте тұрған құжаттар ашқан сырларын.
Атамнан жетіп, ұрпаққа қалар қазынам,
Ақтарып берген бабамның талай жылдарын.
Мағжанның аты жүректе мәңгі сақталған,
Меруерт сөз төгіп, балдан да тәтті шақтардан.
Азаттық таңы атылып, нұры шашылып,
Жастарға артқан сенім де қалмай ақталған.
Қызылжар-Мағжан айырмас егіз мағына,
Сый қылып Алла, жаралған елдің бағына.
Екіге бөліп қараған ойсыз адамдар,
Түнектен шықпай, ниеттің жетпес ағына.
Мағжаным – Тәңір! Ақындар басын иеді,
Қызылжар – Құтым! Жоғалмас мүлдем киесі.
Екеуін қорлап, даттаған жандар – жауларым,
Қылығы менің арыма жаман тиеді.
Отаным – қымбат! Бағасын білсе, өренім,
Не көрсем, қазақ, Қазақстан үшін көремін.
Бірінің жері, бірінің сөзі бақ болған,
Қызылжар, Мағжан болмаса, мен де өлемін!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇